Дәмі балдай татыр, егін пісіп жатыр

(0 Votes)

Ауданымыз сулы, нулы жерде орналасқан. Жеріміздің түгін тартсаң майы шықпағанымен, тер төккен жан несібесіз қалмайды. «Ерте қамданғанның есебі түгел», дегендей, биылғы көктем егін саламын дегендерге  тым  жайсыз бола қойған жоқ. Соны пайдаланып, 2024 жылы 52 шаруа қожалықтары мен тұрғындар  барлығы  601 гектар  жерге егін салды. Оның ішінде 191 гектары картоп, 186-сы көкөніс, 77-сі бақша өнімдері.

«Елде болса ерінге тиеді», дегендей, қазіргі күні сол егін алқабынан өнім жинау басталып та кетті. Қыста қат болып, бағасы да жақындата бермейтін көкөністер ауданымызға шеттен тасылады. Сөйте тұра олардың  кейбірінің  ерте  жиналғаннан  ба, жоқ әлде дұрыс суармағаннан ба дәмі көңілден шыға бермейтінін  жақсы білеміз. Жергілікті өнімдей таңдайға татымайды. Өз жеріңде көктеп шыққан, экологиялық жағынан таза  тағамға не жетсін?! Енді, міне, жайдары  жаздың сыйы – дәрумендері мол егін өнімдері дастарханымыздан табылуда.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешев:

– Күні бүгінге дейін егілген 601 гектардың 190 гектары жиналып, яғни, жоспар  31,6 пайызға орындалып отыр. Алынған өнім – 2052 тоннаны құрайды. Бұл 1 гектарға шаққанда 10,8 тоннадан келеді. Атап айтсақ, 186 гектарға егілген көкөніс дақылдарының 84 гектары жиналып, 1344 тонна өнім алынып, 45,2 пайызға орындалды. 77 гектарға салынған бақшаның  31 га жері жиналды, бұл – 40,3 пайыз көрсеткіш.  Одан алынған өнім 558 тонна. 147 гектарға егілген мал азықтық дақылдар 51 пайызға орындалып, 75 гектарынан 150 тонна өнім алуға қол жеткізілді. Картоп кеш егілуіне байланысты қазіргі уақытта өнім жиналған жоқ. Шаруагерлер алынған егін өнімдерін аудан орталығында орналасқан белгіленген орындарда, ауылдық округ дүкендерінде және Атырау қаласында тұтынушыларға  сатуда. Жалпы бұл жұмыстың беталасы жаман емес, егін жинау өткен жылғы көлемде келе жатыр. Жаз ортасынан енді  ғана асты, алда күз барын ескерсек, қазіргі қарқынға көңіл толады, – дейді.

Әрине, егінді өсіру, күтіп-баптау оңай жұмыс емес. Еңбекқорлықты, тер төгуді қажет етеді. Маусымда күннің ыстықтығы 40 градусқа жеткен шақтар да болды. Соған қарамастан егінін қуратып алмай, өнімін халыққа ұсынып отырған шаруагерлерге тұрғындар  дән риза. Егіншілердің  сатуға апарғандары  тұрып қалып жатқан жоқ. Бұл тауарларына  сұраныс барының, еңбектің  ақталғанының  көрінісі.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521