Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрлігі елімізді дамыту үшін 2021-2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын әзірлеген болатын.
Жобада «Инфрақұрылымды кешенді дамыту», «Жайлы тұрғын үймен қамту», «Ішкі көлік желісін дамыту», «Аумақтардың байланыстылығын арттыру» сияқты міндеттер бірінші кезекке қойылған. Әрине, мемлекеттің өркендеуі өңірлерден, соның ішінде ауылдардан да бастау алатыны белгілі. Одан «AMANAT» партиясы да шеттеп қалмайды. Себебі, партияның сайлауалды бағдарламасына енген іс-шаралар ауадан алынған емес, жергілікті атқарушы билікпен жасалған, өңірді дамытуға бағытталған, халықтың талап-тілегін ескерген жобалар. Олай болса олар қалай орындалып жатыр?
«AMANAT» партиясы аудандық филиалында партиялық бақылау комиссиясы мен аудандық мәслихаттың депутаттық фракциясының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалысы мен депутаттардың жұмысы тыңдалды. Бірлескен отырысқа аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, бірқатар аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары мен мамандары қатысты.
2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының орындалысы туралы хабарлама жасаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Ізмұханұлы: – Сафон ауылдық мәдениет үйін жөндеуден өткізуге ЖСҚ жасақтауға 3,3 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып, «ASU JOBA» ААҚ-мен келісімшарт жасалды. ЖСҚ қарашада бітеді, ақшасы келесі жылы қаралады. Сүйіндік ауылдық мәдениет үйін жөндеуден өткізуге сараптама жасақтауға 1,7 млн. теңге қаржы бөлініп, ЖСҚ дайындауға мемлекеттік сатып алу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында 4 мәрте хабарландыру берілді, алайда конкурсқа түсуге ниет білдірушілер болмады. Сол себепті қаржысы қазан айында бюджетке кері қайтарылды. Шабыт ауылдық мәдениет үйін жөндеуден өткізуге 500,0 млн. теңге қаржы сұратылып, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына 2024 жылдың ақпан айында бюджеттік өтінім жолданды. Алайда, бюджет нақтылануында қаржы бөлмей тастады. Дыңғызыл ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеуге 7,7 млн. теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары нәтижесінде ЖК «Мухтаров» анықталды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, қараша айында аяқталады деп күтілуде, – дей келе, одан әрі жоғарыда аталған сайлауалды бағдарламасындағы аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеу, шағын ауылдарға кешенді блок-модульдерді орнату, Қиғаш өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасын тереңдету, орман қоры көлемін ұлғайту жұмыстарына тоқталды.
Хабарламашының айтуынша осылардың ішінен «7 разъезд-Асан-Азғыр-Сүйіндік-Балқұдық» облыстық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жобаға түзету енгізілуіне байланысты тоқтап тұр. 36-98 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарына ЖСҚ жасақталғанымен қаражаты бөлінбеген. Тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Қошалақ ауылына 1 кешенді блок-модуль (насос стансасы) орнатуға ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққан. Қиғаш өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасын тереңдету мемлекеттік бюджеттен қаржы қаралмауына байланысты тоқтатылған. Жаркосе мен Ганюшкин каналдарын түп-тереңдету жұмыстарына төтенше жағдайға байланысты биыл қаржы бөлінбей қалған. Орман қоры көлемін ұлғайту үшін 620 мың тал отырғызу біртіндеп, 2027 жылға дейін жалғасады. Туындаған сұрақтарға хабарламашы мен қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы, аудандық бөлімдер мен мекемелер басшылары, мамандары тарапынан жауаптар қайтарылды. Қысқасы кейбір іс-шаралардың жүзеге асуына қаражат бөлінбеуі қол байлауда. Орман қорында жыл басынан бері 4 рет өрт шығып, 10 гектар жердің қамысы отқа оранған. Жер болғанымен оған зерттеу жасалмайынша ағаш отырғызылмайды.
Партиялық бақылау комиссиясы мен аудандық мәслихаттың депутаттық фракциясының бірлескен отырысында басқа да бірқатар мәселелер көтерілді. Соның бірі оқушылар тасымалы. Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева Затон ауылынан қатынайтын 4 баланың мектеп автобусымен емес, ата-аналарының такси жалдауымен сабаққа барып отырғанын, қысқа қарай оның бағасы көтерілгенін айтты. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Мереке Құмаров: – Облыста ауданымызға үш автобус бөліп қойыпты. Осыдан кейін біраз айтысып, тағы екі автобус қостырдым. Желтоқсанның 10-на дейін беріледі деп сендірді. Келген автобустарды ең алдымен қашықтан қатынап жүрген, автобустары тозған мектептерге беру қажет,– деді.
Аталған комиссияның төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Есболат Құбашев: – Мақаш ауылына 11 шақырымда жатқан Көкарна елді мекенінен оқушылар көрінген көлікпен келеді. Ата-аналары амалдың жоқтығынан соған мінгізіп жібереді. Мектептің автобусы 1 күн жүрсе, 3 күн тұрады, – деп, алдағы жоспарға Мақаш ауылында жабық спорт кешенін, тіпті болмаса жазғы спорт алаңын салуды кіргізуді ұсынды. Аудандық мәслихаттың депутаты Нариман Хайрошев Қиғаш, Дыңғызыл ауылдарының өзекті мәселелерін көтерді. Қиғаш ауылында әкімдік пен басқа да мекемелердің Кеңес Одағы кезінен қалған ғимараттарда отырғанын, Бөкейхан ауылынан Дыңғызыл ауылдық округіне баратын жолдың шетіне мердігер қоқыс үйіп кеткенін жеткізіп, 7 разъезд жолындағы шұңқырларды бітемесе, қар жауса көлік апаты болатынына алаңдаушылық білдірді. Сұрақтарға аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов жауаптар қайтарды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша депутаттар сайлауалды бағдарламалары қалай орындалып отырғанынан хабардар етіп, кейбір шешімін күткен мәселелер бойынша қатысып отырған лауазым иелеріне сұрақтар берді.
Қанат ҒҰМАРОВ