Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов бастаған депутаттар аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің жанындағы тірек-қимыл қозғалысы бұзылған балаларды оңалту орталығында болды.
Аталмыш бөлімнің басшысы Нұржан Бахреденов және тәжірибелі мамандармен бірге ғимаратты аралап, жай-күйімен танысты.
Орталық басшысының мәліметінше, бұл мекеме 2017 жылдың 4 маусым күні заңды тұлға ретінде тіркеліп, алғаш жұмысын бастады. Сол жылдың 22 тамызында 4 бала орталыққа қабылданды. Балалар ортаға үйренген, бір-бірімен достық қарым-қатынаста. Көрмесе іздеп, бір-біріне елеңдеп тұрады. Бүгінде 3 жастан 14 жасқа дейінгі 18 бала тәрбиеленуде. Олар төрт мезгіл тамақпен қамтылған.
Депутаттар корпусы атынан Гүлжаннат Қалиева бөлім басшысы Нұржан Бахреденовке Алғыс хат табыстады. Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевтің Алғыс айту күнімен құттықтауын бір топ халық қалаулылары жалғады. Олар өз сөзінде мекеме қызметкерлерінің табандылық қасиеті мен жауапкершілігі мол ісіне ризашылық білдіріп, балғындарға мықты денсаулық тіледі. Орталыққа жиі бас сұғатын, әркез қолдау-көмегін аямайтын, атаулы күні де бүлдіршіндерге сый-сияпатын ұсынып, алғысын жаудырған депутаттарға мекеме ұжымы да зор ілтипатын арнады.
Еркеназ Қалижан