Дарындыларымыз шетелде білім алуға неге құмар?

(0 Votes)

Қытай Қазақстан баласына мыңдап грант бөледі

Елімізде азаматтардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Тіпті, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар қаншама?! Әлбетте, жастардың шетелде білім алып, өзге мемлекетте тәжірибе жинақтағаны құптарлық жағдай. Бірақ, шетелде білім алған жандардың барлығы бірдей Қазақстанға оралуға құлықты еместігі тағы бар. Жалпы, 11 жыл туған жерінде оқыған бала Отанынан білім іздемей, неге ел жағалап кетуге құмар? Өз балаларына мүлде грант бөлмейтін Қытай Қазақстан баласына келгенде неге мыңдап грант бөледі?

Шетелде білім алу әлдеқайда арзан

Мемлекет тарапынан қарастырылған оқу грантына қол жеткізе алмаған талапкерлерге де шет мемлекеттерде білім алудың жолдары жетерлік. Өйткені, отандық университеттердің оқу ақысының қымбаттығы қынжылтады. Қарапайым бір ғана мысал, Еуразия ұлттық университетінде шет тілі деген мамандықты оқу үшін жылына 850-900 мыңды университетке төлейсіз, бірақ жатақханадан орын жоқ, пәтер жалдап оқитыныңызды ескерсеңіз, бұл қаражаттың көлемі жылына 1 миллион 200 мыңнан асып жығылады. Бұл ақшамен біраз шетелдік университетте 4 жылды толық тәмамдауға болады. Осыдан кейін, талапкердің қандай жоғары оқу орнын таңдап, қайда барып бас сауғалайтыны белгілі.

Ресей мен Қытайда оқу грантына қол жеткізу оңай

Бүгінде мектеп бітіруші түлектердің тең жартысы көршілес Қырғызстан, Қытай, Ресей елдерінен бастап, әрісі Ұлыбритания мен АҚШ-тың жоғары оқу орындарына құжат тапсыратыны белгілі. Бұл түлектердің еліміздегі оқу орындарында білім алуға талпыныс та жасамағанын ескерсек, жас талапкерлер үшін шетелде білім алған тиімді болып тұрған секілді. Оның үстіне елімізбен шекаралас жатқан кей мемлекеттер жыл сайын қазақстандықтар үшін білім грантын қарастырып отыр. Мәселен, Ресей тарапынан бөлінетін білім гранттары, тілдік кедергінің жоқтығы, оқу ақысының қазақстандық білім ордаларына қарағанда арзан болуы еліміздегі жас буынның көрші елдің үлкен қалаларына кетуіне тікелей жол ашуда.

Қытай Халық Республикасы да қазақстандық мектеп бітірушілерге құшағын айқара ашып отыр. Мұның дәлелі – аспан асты елінде білім алуға баратын жастардың көптігі. Қытай мемлекеті қазіргі таңда шетелдік студенттер үшін бөлінетін білім гранттарына баса мән беруде. Сондықтан, бұл елдің білім грантына қол жеткізу жеңілдеу. Оның үстіне Қытайдың жоғары оқу орындарына құжат тапсырудың да ешқандай қиындығы жоқ. Яғни, талапкерлер ғаламтор арқылы құжаттарын қажетті оқу орнына тапсырып, Қытайдағы білім ордаларының жауабын күтсе болғаны. Ресми деректерге сүйенсек, көршілес Ресей елінде 75 мың, ал аспан асты Қытай елінде 13 мың отандасымыз білім алуда.

Далаға шашылған дарын

Кейбір оқырманда шетелге барып білім алса не болыпты деген түсінік қалыптасатыны айтпаса да түсінікті жайт. Алайда, олардың мақсаты тек білім беру, біздің балалардың қарым-қабілетін арттыру болса мейлі ғой. Бірақ, сол кеткеннен қайтып оралмайтынын ойландық па? Халқымыздың санын өсіреміз деп шетелдегі қандастарымызды сырттан шақырып жүргенде ішімізден, әсіресе интеллектуал буынымыз, яғни жас дарындарымыз сыртқа кетіп жатқанын ескермейтініміз өкінішті, әрине… Адам – мемлекеттің басты құндылығы, адами ресурс – күллі байлықтың бастауы. Адами капиталдың бастау көзі – партадағы бала! Ендеше, елдің болашағын ойласақ осы байлығымызды жоғалтпауға тырысып, шекара асыруға құмар болмағанымыз абзал.

Отаншыл жас – мемлекеттің тірегі

Отаншыл, мемлекетшіл жастарды қалыптастыру бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Өйткені, ертеңгі күннің жарқындығы, сәулелі болуы соларға байланысты. Аға буын өмірден озады. Олардың орнын бүгінгі Тәуелсіздік ұрпақтары басатын болады.

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деген өлең жазған еді. Қазақ жерінде заман ауысып, үлкен өзгерістер болып жатқан кезде, ескіні қиратып, жаңа тұрмыс құруға ел кірісіп жатқанда ұлтжанды ақын алдағы бар болашақты жастармен байланыстырып, соларға үміт артқан еді. Ақынның жастарға сенім артуы, ұлт тағдырын солардың ісімен байланыстыруы бекер емес болатын. Өйткені олар жігерге толы, жаңалыққа құмар, жасампаз еңбекке ынталы, жаңалықты қабылдауға зерек, қайрат-жігері мол.

Бүгінгі таңда жылдам дамып, сәт сайын өзгеріп отырған қоғамда қордаланып қалған, күрмеуі қиын мәселелер көп. Сонымен қатар, жастардың алдына да қойылып отырған мақсат-міндеттер аз емес. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – білімді ұрпақ. Бүгінгі жастардың бақытына орай, бізде тегін білім алып, ғылыммен шұғылданып, идея бөлісіп, оны жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасалған.

Дамыған қоғамның белгісі – ол білім, ғылым және мәдениетті жемісті түрде дамыту. Біздің мемлекетімізде елінің дамуы үшін үлес қосып қана қоймай, оның даму тарихын өзгерту мүмкіндігі бар жігерлі, талантты жастар өте көп. Олар кез келген шыңды, тіпті әлемді бағындыруға дайын. Міне, тек біз оларды өз елімізде оқытып, кейін мемлекетіміздің әлеуетін арттыруға үлес қосуды қамтамасыз ететін Отанын сүйетін және қадірлейтін патриоттарды тәрбиелеуге тиіспіз.

Бүгінгі қозғаған мәселеден кейін жастарымыз шетел аспай, бірден өз Отанында қызмет етіп кетпейтіні белгілі. Бірақ, кейінгі толқынның санасына сәлде болсын осы қадамымыз арқылы сәуле шаша алсақ, мақсатымызға жеткеніміз. Ең бастысы, кез келгеніміздің кіндік қанымыз тамған жерге, маңдай тері де тамуы керек екенін ұмытпасақ игі.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521