«Дала академигі» кітабының таныстырылым шарасы

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада халқымыздың біртуар перзенті, белгілі топонимші ғалым, Жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі марқұм Мақсот Жолжановтың музей қорында жинақталған ғылыми-зерттеу еңбектері енгізілген «Дала академигі» кітабының таныстырылым шарасы өтті.

Оны аудандық музейдің тарихшы маманы Жазира Мадирова жүргізді. Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова қонақтарға қош келдің тілегін айтты.

img_8551

Академик жазушы Өмірзақ Қажымғалиев: - Өзіміздің жақсыларымызды дер кезінде бағалай алмайтын біздің кемшілігіміз бар. Міне, Мақсот ағамызды да көзі тірісінде дәріптемегеніміз, оған құрмет көрсетпегеніміз әрине, өкінішті. Өйткені, оған тұратын үлкен еңбегі бар еді. Сонымен қатар, бұл кітаптың жарыққа шығуына қолдау білдірген, ағасының мықтылығын паш етіп, оның көп дүниелерінің басын қосып, өз алдына кітап етіп бастырған інісі Ерғанаттың қолға алған ісіне риза болып отырмыз. Мұндай көріністен бәріміз де үлгі алуға тиіспіз. Мақсот аға адамға жағынуды, жалпақтауды білмейтін, айтатынын қаймықпай жайып салатын бірбеткей азамат еді. Шындығында қазір ойласам, пендешілігінен періштелігі басым екендігіне анық көзім жетіп отыр. Ол тірі кезінде мал-мүлік, дәулет жинауға, өзінің жағдайын жасауға талпынбаған. Керісінше, қазақтың түп-төркінін, ғылымын зерттеуге ұмтылып, халқына пайда тигізуді ойлап жанкешті еңбек еткен. Мақсот аға саланың жілігін жаққан ғалымдардың, академиктердің зерттеулерін жоққа шығарып, жан-жақты дәлелдемелер келтіріп, өзінің жаңа көзқарастағы нұсқаларын ұсынып отырған. Осының барлығы кітапта айқын көрініс табады – дей келе, құнды еңбек ел игілігіне сөзсіз үлес қосатынына сенім білдірді.

img_8556

Ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мақсот Жолжановтың бала кезден шәкірті Таңатар Дәрелұлы: - Мақсот Жолжанов кезінде ұлы сазгер бабамыз Құрманғазының туылған, өлген жылдарын дәл анықтап, 175 жасқа толу мерейтойының республика деңгейінде екінші рет тойлануына негіз қалаған бірегей ғалым. Оның осы жинақтағы бай мұрасы еліміздің жер-су атауларына, тарихи тұлғаларына, өнері мен мәдениетіне, әдебиетіне қатысты. Бар ғұмырын зерделі зерттеуші ретінде өткізген, жүрегі «елім» деп соққан ғұлама жанның осынау еңбегі өскелең ұрпақ үшін қажетті дүние, - дей келе, ұстазының сурет салудағы, шахмат ойнаудағы жан-жақты қырларын ортаға салып, өткен күннің естеліктерінен сыр шертті.

img_8558

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев Мақсот Құмарұлының азаматтық келбетіне тоқталып, жер-су, елді мекен аттарының қойылу сырларын жан-жақты зерттегенін тілге тиек етті.

img_8561

Журналистика саласының ардагері, өлкетанушы Асқар Ғұмаров Мақсот аға өзіне нағашы болып келетінін айтып, оның кітап сөресінде түркі тілдес халықтарымен қатар, латыш-орыс, армян-орыс сөздіктері тізіліп тұратынын,топонимика, ономастика салаларына сіңірген зор еңбегін атап көрсетті.

img_8567

img_8564

Кітаптың мазмұнына кітапхананың библиографы Сандуғаш Болатқызы шолу жасады. Ардагер ұстаз, өлкетанушы Сара Алпысова Мақсот ағай мұражайды өзіне аманаттағысы келгенде, сенімненшыға алмайтынын айтып, ол жұмыстан бас тартқанын әңгімеледі. Одан әрі Мақсот Құмарұлының інілері Ерсайын, Қуандық және қарындасы Айжан сөз алып, шараны ұйымдастырушыларға зор ризашылықтарын білдірді. Бірнеше жылдар бойы қызметтес болған әріптесі Ақмарал Марзухқызы Мақсот ағай музей қорының құнды жәдігерлермен толығуына үлкен еңбек сіңіргенін, жетекшілік еткен жылдарында аудандық музей облыста үнемі үздік атанғанын мақтанышпен жеткізіп, 32 жылға жуық еңбек өтілінде өзінің жеткен жетістіктеріне басшысының бірден-бір ықпалы болғанын, ол кісіден көп нәрсені үйренгенін жасырмады.

img_8572

Шарада жаңа кітап шақырылған қонақтар мен оқырмандарға таратылды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521