Былтыр 6 мың отбасы елге оралды

(0 Votes)

Қазақ халқының шетелге тарыдай шашылуына түрлі себептер бар.

Оның біріншісіне тоқталсақ, жоңғарлар талқандалғаннан кейін халықтың бірі бөлігі Шығыс Түркістанға қоныс аударды. Кейін бұл аймақ «Шыңжың» атанып Қытайға өткенде олар сонда қалып қойды. Тағы бір тобы Алтай асып, Моңғол елінің құрамына енген Қобда аймағына қоныстанды. Екіншіден,1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы. Дұрыс ұйымдастырушылар болмағандықтан жері үшін зеңбірекке қарсы шапса да қазақтар мұздай қаруланған Ресей әскерлерімен шайқаста жеңіліс тапты. Осыдан кейін олардың бір бөлігі шайқаса отырып Қытайға өтуге мәжбүр болды. Үшінші себеп азамат соғысы мен ұжымдастыру, соның салдарынан талайдың өмірін жалмаған аштық. Міне, осылардың кесірінен шет ел асқан қандастарымыз Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана елге орала бастады.

Ел болып, өз алдымызға отау көтергеннен кейін олар үшін арнайы заң қабылданып, «Оралман» деген статус берілді. 28 жылдың ішінде миллиондаған қазақтар туған жеріне оралып, ата кәсібін жалғастыруда. Бүгінде Президентіміз «оралман» сөзінен бас тартып, «қандас» дегеніміз жөн болады деген пікір білдіріп отыр. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 1991 жыл мен 2019 жылдың 1 қазанына дейін 314 017 отбасы немесе 1 057 343 қандасымыз елге оралған. Олардың негізгі бөлігі Өзбекстаннан (61 пайыз) келген. Одан бөлек, ҚХР-ға 13, Моңғолияға 11,3, Түркіменстанға 7, Ресейге 3,7 және 3,8 пайызы басқа елдерге тиесілі. Елге келген қандастарымыздың Түркістан облысына – 21,2, Алматы облысына – 17,6, Маңғыстау облысына – 12,9 және Жамбыл облысына – 9,2 пайызы орналастырылды. Қазақстанға келген оралмандардың 56,4 пайызы еңбекке жарамды, кәмелет жасына толмағандары 38,8 пайызды құрайды, 4,8 пайызы зейнеткерлер. Былтыр 1 қазанға дейін елге 6678 отбасы келіп, оралман мәртебесін алды. Бұл 11185 этникалық қазақ. Министрдің айтуына қарағанда, былтыр келген оралмандардың 31,4 пайызы – Алматы, 15,4 пайызы – Маңғыстау облыстарына, 7,8 пайызы Шымкент қаласына және 6,7 пайызы Нұр-Сұлтан қаласына қоныстанған. 2019 жылы елге оралған қандастарымыздың 17,4%-ның жоғары, 26,2%-ның арнаулы орта және 46,3%-ның орта білімі болса, 10,1%-ның білімі жоқ. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қандастарымызды елімізге қайтаруға 2031 квота бөлінген. Оның 306-сы Ақмола, 250-і Шығыс Қазақстан, 815-і Қостанай, 550-і Павлодар, 110-ы Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

Әрине, түрлі себептермен шет елдерге кетушілер де жоқ емес. Олардың арасында қазақ та, басқа ұлттар да бар. Шет жақта тұрақтап қалып жатырғандар да көп. Бұл қай елдің де басында бар жайт. Адамдар қайда өмір сүргісі келсе де өздері біледі. Дамыған, азаматтарына барлық жағдай жасалған Еуропаның өзінен халық АҚШ-қа немесе Америкадан батысқа қоныс аударып жатады. Ал, қазақстандықтардың көбінесе кететін елдері Ресей, Германия және Беларусь мемлекеттері. Бізге келіп жатқан өзге ұлт өкілдері де жоқ емес. Ішкі істер органдарының мәліметінше, өткен жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанға 5,6 млн адам кіріп, әлемнің 200 елінен 5,3 млн шетелдік азамат шығып кетті. Сондай-ақ ішкі істер органдарында 1,2 млн, оның ішінде ТМД елдерінен – 1,1, алыс шетелдерден – 95 мың шетелдік тіркелген. 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық өзге ел азаматы шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбектенуде.

Жоғарыда 2019 жылы ғана 6 мыңнан астам отбасы елге оралғанын айттық. Атамекенінде қазақ саны көбейе бергені еліміз үшін тиімді. Мемлекет ретінде сақталып қалуымыз үшін халық саны 20 миллионға жетуі керек дейді кейбір сарапшылар. Алла қолдаса ол күнге де жетерміз. Ең бастысы елімізде тыныштық болсын!

Ақпарат көздерінен әзірлеген Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521