ҰБТ қалай өтеді?

(0 Votes)

Білім сапасын анықтауда қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәні бар жалпы мемлекеттік шара- ұлттық бірыңғай тестілеу. Тәуелсіз еліміздің түлектерінің білім деңгейін таразылайтын бұл сынақтың тәжірибеге енгеніне биыл 17 жыл болып отыр. Тестілеу мерзімі жақындаған сайын оқушылар мен ата-аналардың алаңдай бастайтыны ақиқат. Биылғы сынақ несімен ерекшеленеді, шектік балл қандай болмақ, сынақтан құлаған оқушыға екінші рет мүмкіндік беріле ме? Міне, осы сұрақтар аясында Ұлттық тестілеу орталығының ауданымыздағы филиал басшысы Жанаргүл Тюмалиевамен тілдескенді жөн көрдік.

-Жанаргүл Есенгелдіқызы, жаңа жылдан бастап ҰБТ жүйесінде елеулі оөгерістер орын алды. Бұл жолғы тест тапсырудың механизмдері қандай болмақ?

- Елімізде жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында 2019 жылдан бастап тестілеу жылына төрт рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіледі. Маусым айындағы тестілеуге қатысқан талапкерлер ғана білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса алады. Қалған айлардағы ҰБТ нәтижелерімен ақылы түрде жоғары оқу орнына түсуге болады, алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге көп мүмкіндік беріліп отыр. 2020 жылы ҰБТ тапсыру форматы сол күйінде қалады, дегенмен бірқатар қосымша өзгерістер бар. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап тестілеуге тәуелсіз бақылаушылар ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық арнайы мониторингтік топ өкілдері шақырылды. Тағы бір жаңашылдық - тестіленушілерді ғимаратқа кіргізу барысына қатысты болды.

Алдыңғы жылдары егер ғимаратқа кіргізуде тестіленушіден тыйым салынған заттар (ұялы телефон, фотоаппарат, пейджер, калькулятор, т.с.с. заттар) табылған жағдайда, тестіленуші жай ғана ескертумен шектеліп, тестілеуге кіруге рұқсат берілетін. Ал биылдан бастап, ондай жағдай орын алатын болса, онда тестіленушіге акт толтырылып, тестілеуге кіруге рұқсат берілмейді және бір жылға дейін тест тапсыру құқығынан айырылады. Енді тестілеуге қатысушыларға қарапайым калькулятор беріледі, ал өзімен бірге калькуляторды алып келуге тыйым салынады.

Сонымен қатар, барлық аудиториядан онлайн көрсетілім ұйымдастырылады. Онлайн трансляцияға арналған сілтеме БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы таратылып, көпшілікке жария етіледі. Кез келген адам сілтеме арқылы өтіп, ҰБТ-ның қалай өтіп жатқанын көре алады. Ата-аналарға және түлектерді алып жүруші басқа адамдарға балаларды ҰБТ өткізу пунктінің аумағында күтуге тыйым салынады. ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін бейнебақылау жазбаларына талдау жүргізіледі. Оқуға түсуші тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда, оның ҰБТ мен білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жойылады.

Сонымен қатар, жылда сертификат қағаз түрінде берілсе, 2020 жылы ҰБТ сертификаты электронды нұсқада беріледі, ал білім беру грантын тағайындау кезінде де электронды куәлік енгіздік. Академиялық кезең аяқталғанға дейін ҰБТ шекті балын жинай алмаған талапкер жыл бойы тестілеуден өте алады.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521