ҰБТ-2021: биылғы жылдан бастап не өзгереді?

(0 Votes)

Білім сапасын анықтауда қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәні бар жалпы мемлекеттік шара- ұлттық бірыңғай тестілеу.

Тәуелсіз еліміздің түлектерінің білім деңгейін таразылайтын бұл сынақтың тәжірибеге енгеніне биыл он сегіз жыл болып отыр. Тестілеу мерзімі жақындаған сайын оқушылар мен ата-аналардың аландай бастайтыны ақиқат. Биылғы сынақ несімен ерекшеленеді, шектік балл қандай болмақ, сынақтан құлаған оқушыға екінші рет мүмкіндік беріле ме? Міне,  осы сұрақтар аясында Ұлттық тестілеу орталығының ауданымыздағы филиал басшысы Жанаргул Тюмалиевамен тілдескенді жөн көрдік.

-Жанаргул Есенгелдіқызы, жаңа жылдан бастап ҰБТ жүйесінде елеулі оөгерістер орын алды. Бұл жолғы тест тапсырудың механизмдері қандай болмақ?

-Ұлттық тестілеу орталығы жалпы жылда республикалық масштабта маңызды іс-шараны ұйымдастырғандықтан тестілеу ашық, әділ және тестіленушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында заман талабына сәйкес қажетті өзгерістерді енгізуде. Атап айтатын болсақ, елімізде жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мақсатында 2019 жылдан бастап тестілеу жылына төрт рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіледі.

Биыл қаңтар айында соңғы қағаз форматында Ұлттық бірыңғай тестілеу 20-25 қаңтар аралығында ұйымдастырылып өткізілді. Осымен қағаз түріндегі ҰБТ-ны тарих қойнауына жібердік... Алда жаңа электронды формат, жаңа мақсат, жаңа міндеттер.              

Еске салсақ, ағымдағы жылы 26 қаңтарда министрлер кабинетінің басшысы Асқар Мамин президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында  Ұлттық бірыңғай тестілеу толық электронды форматқа көшетінін мәлімдеді. ҰБТның өзгеретіні жайында екі жыл бойы айтылып келеді. Бұл қадамға ата-аналар да, түлектер де дайын болды. Жалпы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгермеді, тек оны өткізу процедурасы ғана өзгеріп отыр. Бұған дейін тестілеу қағаз нұсқада тапсырылып келді, яғни жауаптарды бояп отыруға уақыт кететін, енді биылдан бастап электронды ҰБТ-ға көшеміз. Бұл тұрғыда оңтайлы басымдықтар баршылық. Электронды формат түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуді онлайн тапсырады деген сөз емес, оқушылар мамандандырылған тестілеу орталықтарында компьютерлерді пайдаланады. Өткен жылдары оқушылар емтихан тапсыратын 5 күнді елеңдеп күтсе, енді ҰБТ тапсыру 70 күнге созылады. Өзі қалаған кез келген уақытта мектеп бітіруші түлек тест тапсыра алады.Кейбір орын алуы мүмкін тәуекелдерді барынша болдырмау үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу 2021 жылғы 26 сәуір мен 30 маусым аралығындаэлектрондық форматта "бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера" қағидасы бойынша өкізіледі. Бұл ретте тестіленушілер, емтихан тапсыратын орынды Құрманғазы аграрлық-техникалық колледж базасында орналасқан тестілеу орталығын таңдап, ал күнді және уақытты өз қалауы бойынша таңдай алады. Жаңа ереже бойынша,ағымдағы жылы (2021) Грант алу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді бір емес, екі мәрте тегін тапсыра алады. Ең жақсы ҰБТ нәтижесімен болашақ студент грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Сондықтан академиялық адалдық принципі қатаң қадағаланады. Ақпараттық қауіпсіздік бойынша көп шара қабылданды, компьютерлерде USB және флэш-карталарға арналған саңылау болмайды, байланыс жабық VPN арнасы арқылы жүргізіледі. Бұл арнаға сырттан қосылу мүмкін емес.

-Өтініш қабылдау науқаны қалай жүргізіледі?

-Мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ға өтініштер 15 сәуірден басталды. Тестілеуге қатысу үшін өтініштер онлайн-режимде қабылданады. ҰБТ-ға өтінішті http://app.testcenter.kzсайты арқылы береді. Тестілеуге кіргізу түсушілердің жеке басы бетінің көлемдік-кеңістіктік формасының сканерленуі арқылы сәйкестендіру Face-ID арқылы жүргізілетін болады. Жаңа электронды форматтың негізгі жағымды тұсы, компьютердегі тестіде оқушы өз жауаптарын өзгерте алады және бір пәннен келесісіне өтуге және кері қайтып келу мүмкіндігі бар. Тағы бір артықшылығына тоқталсақ, тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу аяқталғаннан кейін бірден сол жерде қолжетімді болады.  Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. Компьютерлік тест тапсыру кезінде оқушыларға үш рет үзіліс беріледі. Тест басталған соң бір және үш сағаттан кейін көзді тынықтыру үшін үш минут, екі сағаттан кейін 15 минут берілмек. Осы уақытта түлектер әжетханаға шығып, демала алады.Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер апелляцияға сол күні, яғни 30 минут ішінде өтініш беруге құқылы. Айта кетерлік бір жайт, биылғы жылы тестілеуге колледж бітіргендер, былтыр оқуға түсе алмаған түлектер қатыса алады. Олар аталмыш сайтқа кіріп, Құрманғазы пунктін белгілеп өтініш береді. Осыған дейін республикамызда 156 ҰБТ өткізу пункттері болды. Қазіргі электрондық форматқа көшуге байланысты олардың саны қысқарып, тек 51 пункт қалдырылды. Күні бүгін Атырау облысы бойынша Атырау, Құлсары қалаларында және Құрманғазы ауданында ғана тестілеу пункттері жұмыс жасайды. 

-Коронавирус пандемиясының таралуына байланысты ҰБТ кезінде қандай шектеу, қауіпсіздік шаралары қабылданады?

-Карантинге байланысты ҰБТ санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізіледі: медициналық қызметкерлердің кезекшілігі ұйымдастырылады, тестіленушілер аудиторияларға әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызылады, қатаң маскалық режим, дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіледі.ҰБТ өткізу орындары: баррикадалық ленталар, дезинфекциялық тоннель, аяқ киімді зарарсыздандыруға арналған кілемшелер; санитайзерлермен қамтамасыз етіледі. Яғни, тест тапсырушылар арасындағы қашықтық арттырылады, оқушының дене қызуын тексеру үшін қосымша бақылау енгізіледі. Орта есеппен залда 30-40 адам ҰБТ тапсырады. Бұл пандемия кезінде аса маңызды, адамдардың көптеп шоғырлануына жол берілмейді.

-Биыл оқушылар ҰБТ-дан жоғары оқу орындарына түсу үшін қанша балл жинау қажет? Мемлекеттік грант туралы да айтып өтсеңіз?
-Жоғары оқу орындарына түсушi талапкерлерді қабылдау ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң  нәтижелерi бойынша берiлген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негiзде олардың өтiнiштерi бойынша жүзеге асырылады. Білім беру грантын алу конкурсында Қазақстан тарихы, Оқу сауаттылығы,  Математикалық сауаттылық, және 2-і бейінді  таңдау пәндері бойынша балдар ескеріледі. Конкурсқа қатысу үшін кемінде – 50 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде – 65 балл, аталмыш жоғары оқу орындарындағы  «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандықтарына кемінде – 60 балл, ал «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету(медицинв)» мамандығы бойынша кемінде – 65 балл жинау қажет. Педагогика мамандықтарына түсушілерге талап күшейді. Осы мамандыққа тапсыратындардың шекті балы 70-тен 75-ке дейін қөбейді. Бұл ретте ҰБТ-ның әр пәні бойынша және әр шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл алу қажет. 2020 жылдың 20 маусымы мен 4 шілдесі аралығында шығармашылық емтихан тапсыратын мамандықтарға жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары өтініш қабылдайды. Шығармашылық емтихандардың өткізілу мерзімі 8-13 шілде аралығы.  Білім грантын тағайындау конкурсына өтініш қабылдау 13-31 шілде аралығында, ал білім грантын тағайындау конкурсы 1-10 тамыз аралығында өтеді. Мамандарды даярлау бағыттарының жаңа классификаторы енгізілуіне байланысты гранттар білім беру бағдарламаларының топтарына бөлініп таратылады. Мысалы, «Ақпараттық технологиялар» деген топ бар, оның құрамында «Информатика», «Ақпараттық жүйелер», «Блокчейн», «Биг дата» және тағы басқа ақпараттық бағдарламалар бар. Яғни, білім гранттарының тағайындалуы бұрынғыдай мамандық бойынша емес, білім бағдарламаларының топтары бойынша жүзеге асырылмақ. 2021-2022 оқу жылына арналған жоғары білімі бар мамандар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы  бекітілді. Тестілеу орталығы ҰБТ-ға қатысты барлық жаңалықтарды Орталықтың әлеуметтік желі парақшалары мен ресми сайтында жарияланатынын, барлық ата-анаға, түлектерге жаңалықтарды тек ресми парақшалардан танысқаны жөн екенін айтқым келеді.

Сұхбаттасқан А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521