Болатбекке ауылдастары риза

(0 Votes)

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы, Нұржау ауылдық округінің әкімі Мұрабек Мұғаліммен бірге «Алғаязов У» шаруа қожалығында болды. Оның жетекшісі Серік Алғаяз да қысқы мал азығын дайындауға құлшына кіріскен.

Мұндағы 6 техникасы бар бригада құрамында бригадир, тракторшы, шабушы, тайлаушы, үюші, аспаз қызметтерін Нәжиден, Райымбек, Елжан Қуанышқалиевтер, Нұрғанат Нәжиденұлы, Жігер Алғаязов, Жеңісбек Есқалиев, Нұрлан Ізбасаров атқарады. Қожалық 1994 жылы құрылған, қазір 200 бас мүйізді ірі қара бағылуда. Шаруашылық Морской, Қарақамыс, Климкин, Терешкин аралдарынан жылына 4000 орамшөп дайындайды. Сиыр малдары Жіңішкеде, жылқы Терешкинде ұсталады. Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров: – Бұл шаруашылық былтыр мұндай уақытта 30 пайыз дайындайтын еді, биыл жерінің 50%-ын шауып отыр. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында Серік ағамыздың еңбегі бар. 2015 жылы қатты ыстық болғанда шөп шықпай, көптеген шаруашылықтарға Новинскіден жер бөлгенбіз. Бәрі де баратын болып еді, алайда сөздерінен тайып жалғыз «Алғаязов У» шаруа қожалығы ғана шапты, - деді.

2-tayryp-1

Аталған шаруа қожалығының жетекшісі Серік Алғаяз: – Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының 80 пайызын құрайтын үлкен сала. Бізге аудан әкімі аяқтай келіп, жағдайымызбен танысқан емес. Қайрат Талапұлы, шаруа қожалықтарын аралап, бәрін өз көзіңізбен көріп жатқанының үшін сізге үлкен рахмет. Мұны сіздің тарапыңыздан еңбек адамдарын бағалағандық деп білемін. Жұмысыңыз жемісті болып, індеттен аман-есен шығайық. Мына жерден күнге 200 орамшөп түседі. 3000 теңгеден сатамыз, жеткізіп беру 4 мың теңге, - деп аудан басшысына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар қосалқы бөлшектер, орамшөп байлайтын жіптер биыл қымбаттап кеткенін алға тартты. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы адамдарға жұмыс тауып беріп отырған қожалық иесіне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

2-tayryp2

«Қарақамыс» учаскесінде орналасқан «Даниял» шаруа қожалығыны басшысы Болатбек Дәрелов бізбен әңгімесінде: – Шаруашылығымыз 1999 жылы құжат алып, 2000 жылы құрылды. 2006 жылға дейін әкем басқарды. Сол жылы саулығына байланысты үлкен ұлы маған тапсырды. Қазіргі күні отбасылық жағдайда, 5-6 адам жұмыс жасап жатырмыз. Бригадамызда інілерім Нұрлыбек үздік шабушы, Жарқынбек шөп байлауда, ұлым Даниял, өзім бармын. Техникасы жоқ он шақты шаруа қожалығына да жерлерін шабуға көмектесеміз. Олардың да мал азығын дайындап, қыстақтарына түсіріп береміз. Жамбыл ауылының 70 пайызын мал азығымен қамтимыз. Шабындық басынан 3 мың теңгемен сатсақ, ардагерлерге қолжетімді бағамен жеткіземіз. Малды өз төлі есебінен өсіруді қолға алып, қора-жайымызды ыңғайластырудамыз. Болашақта асылдандыру бағытындағы жұмыстарды қолға аламыз. Мал азығын дайындау жұмыстарының да бел ортасына келдік, 70 пайызы орындалды. Биылғы межені ойдағыдай игереміз деген ойымыз бар. Шөптің шығымы жақсы. Судың көп келуіне, ұзақ тұруына байланысты жылдағыдан жиырма күндей кеш бастадық. Алла бізді нәсіпсіз жаратпаған ғой, адамдардың пейіліне қарай береді, бұйырғанын шабудамыз. Шөпті сұрағандарға жеткізіп береміз, үйлерінде болмаса қорасына кірігізіп, үйіп, есігін жауып кетеміз. Кей адамдар қарызға алады, - деді. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы мақсаты шаруагерлердің жағдайымен танысу екенін айтып, қандай мәселелері барын сұрады. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Талапұлы қожалық иесіне мал басын асылдандыруға қатысты өз ұсынысын айтты. Болатбектің қашанда көмекке дайын тұратын елгезек жігіт екенін бұрыннан білеміз. Осыны нақтылай түскісі келгендей шаруа қожалығының иесі Шахидолла Мырзағалиев есімді азамат жерін шауып, шөбін жеткізіп беріп отырғаны үшін Болатбек Дәреловке ауылдастары атынан ризашылығын жеткізіп, жұмысына сәттілік тіледі.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521