«Amanat» партиясы аудандық филиалында аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде екі мәселе – Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жариялаған Қазақстан Республикасының жаңа Негізгі заңының жобасын талқылау, жергілікті атқарушы органның аудан көлеміндегі автомобиль жолдарын салуды, реконструкциялауды, жөндеуді және күтіп ұстауды ұйымдастыру жөніндегі 2025 жылы атқарған жұмысының барысы тыңдалды. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, бөлім басшылары қатысты.
Фракция отырысын «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин ашып: – Президентіміз 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтерді. Сол жылы 8 қазанда Мемлекет басшысының өкімімен парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы 2 мыңнан астам ұсыныстарды жан-жақты қарап, талқылады. 2026 жылғы 20 қаңтарда Ұлттық құрылтайдың V отырысында жұмыс тобы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. 21 қаңтарда Конституцияға өзгерістер енгізу мақсатында арнайы комиссия құрамы бекітілді. Комиссия 77 бапқа түзетулер енгізіп, нәтижесінде Ата заңымыздың жаңа жобасы 84%-ға жаңартылды. Бүгінгі ұсынылып отырған жаңа Конституцияның жобасы 11 бөлім 95 баптан тұрады, – деп бұл тек өзгеріс емес, елдің болашағын айқындайтын тарихи әрі маңызды қадам екеніне тоқталды.
Аудандық мәслихаттың депутаты, партиялық фракция мүшесі, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің директоры Болатбек Өтегенов жобаның 11 бөліміне қысқаша тоқталып өтіп, жаңа Конституция білім беру саласын стратегиялық бағыт ретінде бекітуді, білім мен ғылымды дамытуға құқықтық кепілдікті күшейтуді, зайырлы білім беру қағидасын айқындауды көздейтінін жеткізді. Осы өзгерістер қабылданса білім беру жүйесі мемлекеттің ең маңызды әлеуметтік салаларының бірі ретінде жаңа құқықтық мәртебе алады.

Келесі кезекте күн тәртібіне сау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Сиражев аудан көлемінде құрылысы іске асырылып жатырған және ЖСҚ жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған, осындай құжаты дайындалу үстіндегі нысандар туралы қысқаша ақпарат беріп, фракция мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарды.

Қанат ҒҰМАРОВ


