Аудандық орталық аурухананың екінші қабатында орналасқан гемодиализ орталығында бүйректері дұрыс жұмыс жасамай қалған 9 адам ем алады. Бір науқас күніне 4 сағат жатып, жетісіне 3 рет емделеді.
Онсыз өмір сүруі қиын. Түске дейін 2 және түстен кейін осындай мөлшерде адам келеді. Қаладан келгендер болса емдеу орыны кешкі 10-ға дейін жұмыс жасайды. Оларға 1 дәрігер, 1 медбике қызмет көрсетеді және 1 тазалықшы бар. Орталыққа келген су 50 тонналық ыдыстарға жиналып, тазалаудан өтіп, гемодиализ аппаратына жетеді. Бұл сумен науқастардың қаны тазаланады.
Аталған орталықты, жалпы аудандық аурухананы сумен қамтитын мекеме – «Құрманғазы су арнасы» ЖШС тіршілік нәрін жаз бойы үзбей беріп келген. Енді, қыс ортасында 4,10,12,16, 24 қаңтар күндері су болмады. Жазда да қысымы жай су 50 тонналық резервуарды толтыра алмаған. Әрі екінші қабатқа көтерілуі қиын. «Жығылғанға жұдырық», дегендей құбыр жарылғаннан соң мүлдем тоқтаған. Сол себепті осы орталықтан ем алатын науқастар амалсыздан Атырау қаласына барып қаралуға, жоғары жақтарға шағымдануға мәжбүр. Өйткені қиын жолмен әрлі-берлі ақша шығарып күнара барып-қайту немесе қалада пәтер жалдап жату оларға оңай тимеуде. Біз барған күні су тек гемодиализ орталығында ғана емес, жалпы аурухана бойынша жүрмей жатты. Тұрғындар жуынуға, ішуге суды үйден алдыртып отырғанын естідік. Осы мәселемен аудан әкімдігіне хабарласқанымызда аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов аудан әкімі Абат Жанғалиевтің аудандық орталық ауруханада болып, жағдайымен танысқанын, жарылған құбырға жөндеу жүргізіліп жатқанын, резервуарларға су таситын көліктермен су құйылғанын айтты. Бір-екі күнде гемодиализ орталығына су беру қалыпты арнасына түсетінін жеткізді.
Араға күн салып, мән-жайды білмекке «Құрманғазы су арнасы» ЖШС-не хабарласқанымызда бас инженері Бисембай Рамазанов: – Дәл қазір су беріліп отыр. Бізбен ілесіп барып қарауларыңызға болады. Жалпы аурухананы сумен толық қамту үшін өзіне жеке құбыр тарту қажет. Жаңа аурухананы салғанда соны ескермеген. Техникалық шартын дұрыс жасамаған. Суды көп қажет ететін емдеу нысанын жалпы құбырға қоса ма екен? Жіберілген су Құрылысшылар ауылын, екі Крестіні, Бұзаусланды айналып ауруханаға барады. Сол кезде оның қысымы да жайлайды. Бұл аурухананың су жинайтын резервуарының астынан жер асты суы шығатын болғандықтан биік орнатылған. Су оның үстіне көтеріліп барып құйылып толтырғанша біраз уақыт кетеді. Біз суды 24 сағат қоса алмаймыз. Сонда судан тапшылық көреді. Аурухананың қасынан қосымша жабық ғимарат салып, қуатты насос қойыңдар деп айттық. Оған қатып қалады деп қорқып отыр. Жалпы жаңа ауруханаға бөлек су құбырын тарту қажеттігін айтып аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, Құрманғазы ауылдық округ әкімдігіне бірнеше мәрте хат жолдадық. Әзірге бұл мәселе шешіле қойған жоқ.
– Мәселені қалай шешуге болады? Аурухана осылай су тапшылығын көре бере ме?
– Жаңа айтқанымдай аурухананың өзіне жеке су құбырын тартпай болмайды. Шипажай мөлтек ауданы пайдалануға беріліп жатыр. Оған бөлек су тазарту нысаны салынады. Сол кезде жуан құбырлармен аудандық аурухананы соған қосып жіберу қажет. Сонда ғана бұл мәселе толығымен шешіледі.
Қанат ҒҰМАРОВ