Бұл соғыс – өмірдің қасіретті сабағы

(0 Votes)

Кеңестік дәуірдің кереғар  саясатының салдарынан тарихта Ауған соғысы болып қалған қанды қырғынның аяқталғанына 15 ақпанда 35 жыл толады. Қара жердің бетін қызыл қанға бояп, қанша жанға қасірет қамытын кигізген бұл соғыс бүкіл қазақ еліне салқынын тигізгені белгілі.

Тура он жылға жалғасқан бұл соғыста талай өндірдей өрендеріміз жат жерде оққа ұшты, қаншамасы туған топырағына мүгедек болып оралды. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінде мәңгі қалады. Даталы күн қарсаңында газет тілшісі аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы, Қазақстан қарулы күштерінің майоры Ернар Мұхамбетәлиевті әңгімеге тартқан еді.

- Ернар Ғилажеденұлы, тарих жылнамасында өзінің қаралы күндерімен қанды ізін қалдырған бұл соғысқа қаншама жерлесіміз қатысты?

- Алғашында кеңестік әскери билік Ауған жеріне тек мұсылмандардан немесе азиялықтардан тұратын шағын ғана контингентті кіргізуді ұйғарды. Сонымен бірге бұл миссияны бір жыл ішінде атқарып шығуды жоспарлаған еді. Алайда, ойлағандары болмай, жарияланбаған соғыс он жылға жалғасты. Қанды қасапқа орысы-қазағы, басқасы бар–жастары жиырмаға да жетпеген жауынгерлер тартылды. Қазақстаннан жіберілген 22 мыңдай әскери міндеттілердің 761-і мерт болды. Ал, Кеңестер Одағы бойынша 15 мыңдай жауынгер Ауған жерінде қаза тапты. Жараланып мүгедек болғандардың, хабар-ошарсыз кеткендердің нақты есебі жоқ. Бұрынғы Теңіз, қазіргі Құрманғазы аудандық әскери комиссариатынан 83 адам Ауғанстанда әскери борышын өтепті. Соның ішінде үш сарбазымыз оққа ұшса, бір адам хабарсыз кетті.

- Бұл боздақтардың есімдерімен газет оқырмандары жақсы таныс, басқалары жайлы мәліметтеріңіз бар ма?

- Иә, өкінішке орай, жыл өткен сайын ауғандық ардагерлердің қатары сиреп келеді. Қазіргі уақытта біздің есебімізде 34-і тұр, мұның сыртында басқа аудан, қалаларға қоныс аударып кеткендер де бар. Сол соғысты көзбен көріп, толарсақтан қан кешкендердің алды дәшіндік Қанат Хайруллин ағамыздың жасы 66-ға толады. Ең жастары дегендердің өздері мерейлі 55 жастарына келеді екен. Жалпы, менің білуімше, Ауғанға аттанғандардың ең ересегі институт бітіргеннен кейін барған, ұзақ жыл Манаев атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс берген, марқұм Марат Сисенов ағамыз ғой деймін. Ауған жеріндегі соғысқа Ақкөл ауылының тұрғындары, ағайынды Абай, Аман Қаражановтар қатысқанын біле жүрген де абзал. Ауданда Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы бар, оған Серік Мұфтахов ағамыз жетекшілік етеді. Қалай дегенмен қиындықты, қанды қырғынды көрген азаматтар ғой– өте ұйымшыл. Шара, басқа да жиындар бола қалса. жинала кетеді. Жеңіс күнінде, атаулы күндерде Боздақтар ескерткішіне аза гүлдерін қойып, қаруластарының рухтарына тағзым етеді. Мектеп оқушыларымен, жастармен өткізілетін отансүйгіштік, патриотизм бағытындағы тәрбиелік шараларға белсене атсалысады. Бір сөзбен айтқанда, Ауған соғысы ардагерлері бүгінгі күннің тыныс-тіршілігінен тыс қалмай келеді.

Сұхбаттасқан Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521