Биыл 84,571 шақырымы тереңдетіледі

(0 Votes)

Бұрын өр суы келген сайын бүкіл күш тасқынмен күреске жұмылдырылатын.

Аудан орталығындағы Шарон өзенінің өзі кемерінен аса жаздап, адамдар түнімен бөгеттің басында жүретін. Жайылымға шыққан сумен бірге балық қойша өретін. Құлаш-құлаш сары сазандар жоны көрініп суды кемеше жарып келе жатып қайырлап та қалатын. Ол кезде бүгінгідей балықты саудаламайды. Сондықтан шығар аулағанда да тұқымымен құрта жаздамайтын. Сазанды арқасынан жарып, тұздап, қақтап кептіретін. Сосын су тоқтап, балық тереңге түсіп жоғалғанда картоп салып асатын. Дәмі деген керемет. Ол кезде су тапшылығы болады, балық азаяды деген үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін. Арналар жиі қазылып, тереңдетіліп отыратын. Су көп болса да Одақ тұсындағы басшылар оның да сұрауы барын естен шығармаған тәрізді. Гидромелиорациялық жұмыстар назарда ұсталатын.

Одақ күйрегенде өзендерді тереңдету жұмыстарына көп көңіл бөлінбеді. Ешкімнің шаруасы болмаған сияқты. Қиғаш пен Шаронда су бар, ағып жатыр. Басқа не керек? Одан өзге де мәселелер жеткілікті емес пе? Осылай ойлаған болар? Қалай десек те жергілікті атқамінерлер арналарды тереңдету жұмыстарына бас ауырта қоймағаны анық. Мұндай қателіктің нәтижесі көп күттірмеді. Ресейден онсыз да аз келетін өр суы жайылымдарға бұрынғыдай ағыл-тегіл шықпайтын болды. Қазылмаған, тазаланбаған арналарды топырақ, шөп пен қоға басты. Терең жерлері тайыздап, бойлап өттік. Сонау, 2010 жылғы қатты ыстықта күн көріп отырған басты өзеніміз Шаронның өзі тартылып қала жаздады. Сол кезде біз дабыл қаққанбыз, еститін құлақ таппадық. Жүретін жолы жабылған соң балық та бұрынғыдан азайды. Енді міне, үлкен күш салудың нәтижесінде бірер жылдан бері түп тереңдету жұмыстары жасалып жатыр. Жүруі жәй болғанымен әйтеуір, жұмыс бар. Атырау облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен «Строй-Тех» фирмасы ЖШС-мен «Атырау облысы шегінде Қиғаш өзенінің сулылығын арттыру және гидрологиялық режимін жақсарту құрылысы. № 2. 1-кезек» (99,571 шақырым) жобасы жасақталды. Жобаға 2021 жылғы 12 наурызда мемлекеттік сараптаманың №01-0663/21 санды оң қорытындысы алынды.

Өстіп, мемлекеттік сатып алу шарты негізінде «Павлодар өзен порты» АҚ-мен каналдардың түбін тереңдету жұмыстары басталды. Жоба құны 14 537 776 200,81 теңге. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің мәлімдеуінше 2022 жылы жүргізілген түп тереңдету жұмыстары «Понкрашкин -1», «Понкрашкин -2», «Леневый», «Щучий», «Атөткел-Баткашный» каналдарын қамтыды. Каналдар топырақтан, шөптен тазарды. Нысан басында 33 адам, 10 экскаватор, 2 жерснаряды жұмыс жасады. 2023 жылы 84,571 шақырым түп тереңдету жұмыстары бітуі керек. Тереңдетілетін жерлер Шарон өзенінен Жыландыға дейінгі өзек, Қиғаш өзенінің жағасы, Қызылөзек, Баткашный, Понкрашкино, Линейный, Атөткел, Тынық, Утеринский, Сущиный каналдары. Бұдан басқа Құрманғазы ауданы аумағындағы жалпы ұзындығы 143 шақырым каналдардың түбін тереңдету жұмыстарына жобалау сметалық құжаттамасы жасақталуда. Аталған жобада Павловский, 1 май учаскесінен Өлеңді өзегіне, Дархан учаскесінен Дәшін өзегіне құятын тамақ, Көкарна, Бұзаусылан, Ягодный, Тухлый, Қызылжар, Сурхан, Қадыр, Көнеу, Алға, Көкарна, Сурхан каналдарының түбін тереңдету көзделуде. Бабаларымыз «Су ішетін арығы жоқ елдің, Сүзіп алатын балығы да болмайды», «Су– ырыстың, еңбек – кірістің көзі», деп текке айтпаған шығар. Су тартылса экологиямыз, табиғи тепе-теңдік бұзылады. Экология бұзылса денсаулығымыз зардап шегеді. Сондықтан, түп тереңдету жұмыстарының сапалы жасалуына жоғарыда отырған лауазымды тұлғадан бастап қарапайым тұрғынға дейін көңіл бөлсе артықтық етпейтінін еске салып қойғанның оғаштығы жоқ шығар.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521