Біржанды бүкіл ел білетін болады

(0 Votes)

Қыркүйек айының соңғы күндерінде Нұр-Сұлтан қаласының «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда Атырау облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

Оған облыстың 7 ауданы мен Атырау қаласының тауар өндірушілері қатысып, Елордаға жалпы сомасы 135 млн. теңгенің 176,7 тонна өнімін алып барды. Өлкеміздің делегациясын облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаев бастап барды.

Барлық санитарлық-ветеринарлық талаптарға сай келетін Атырау өңірінен жеткізілген өнімдер нарықтық құнынан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды. Жәрмеңкеге 45 тонна балық өнімі, 25 тонна ет өнімі, 36 тонна көкөніс, 40 мың жұмыртқа, 6 тонна сүт өнімі және 65,7 тонна өзге де тауар жеткізілді. Халыққа қолжетімді бағамен сатылған тауарларды Астана жұрты сөреге шығарып үлгертпей табан астында талап әкетті. Әсіресе, Жайық пен Қиғаштың су маржандарына сұраныс өте көп болды.

e0b7b2f4-dc36-4491-b09e-9e3d69cc6557

Атыраудан Арқа төсіне жол тартқан жәрмеңке керуенімен Құрманғазы ауданында да өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. «Тілекші» және «Ш.Сүлейменов» ЖШС директоры Орынғали Ахметов, менеджері Қанапия Мұқашева, сатушысы Анар Нұржанованың 5 тонна, «Каспий-Балық» ӨК қызметкері Қайыржанов Бабектің 3 тонна балығы бұл күнде нұрсұлтандықтардың қазанында қайнады.

Бірнеше жыл қатарынан Елорда жұртына өздерінің тауар белгісі бар ет өнімдерін ұсынып, ұнап үлгерген «Құрманғазы СДО» ауыл шаруашылығы кооперативі бұл жолы да оларды тағы өнім түрлерімен тамсандырды. Қуырдақ, манты, котлет, тефтели, шұжық, қазы-қарта сияқты жартылай фабрикаттарын ұсынды. Кооператив төрағасы Біржан Кенжебаев, қызметкерлері Римма Нұрмұханбетова, Бауыржан Қожанов астаналықтардың не қалайтынын жақсы зерттеп алған, керегін айттырмай-ақ алдарына тосады.

Бірге барған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Талапұлы Сәуменов бізге мына бір жағдайды да мәлім етті. Аудан, облыс көлеміндегі қайырымдылық шараларына белсене араласатын бұл ұжым жәрмеңке барысында ұйымдастырылған акцияның да бел ортасынан табылып, «Мейірімділік-М» қайырымдылық ұйымы» қоғамдық қорының өкілі Дина Сейілге 100 мың теңгенің кооператив шығарған ет өнімдерін табыстап өз үлестерін қосыпты. «Қолы ашықтың, жолы да ашық» деген, атымтай жомарт Біржанды, ол бастаған «Құрманғазы СДО» ауыл шаруашылығы кооперативін, оның өнімдерін енді бүкіл республика білетін болады.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521