Қазақстан Республикасының Премьер министрі Олжас Бектеновтың «Шекара маңындағы елді мекендерді дамыту бойынша жедел шаралар туралы» тапсырмасына сәйкес Бірлік ауылының инфрақұрылымын салу және жаңғыртуға «Каспий нефть» акционерлік қоғамы демеушілік негізде арка орнатып, футбол алаңын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізді.
Заманауи архитектуралық үлгідегі арканың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Абат Жанғалиев айшықты белгіні орнатып, құрылысының сапалы аяқталуын қамтамасыз еткен «Каспий нефть» акционерлік қоғамына, мердігер мекеме «Болашақ проект Атырау» ЖШС-на алғысын білдіріп, акционерлік қоғам бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Альнур Шамшиевке алғыс хаты мен естелік сыйлығын ұсынды.
Ауыл ардагері Қадірбай Аманғалиұлы қонақтарға қош келдіңін айтып, ауыл қақпасына көрікті белгі орнатып ел игілігіне беріп жатқан мекеме өкілдеріне тұрғындар атынан зор ризашылығын білдірді. Ауылға кірер тұсында «Бірлік ауылы», ал шыға берісінде «Жолыңыз болсын!» деген жазуы бар жанында балық мен шағала бейнеленген, оюмен көмкерілген сәулетті арка алдында керілген лентаны академик жазушы Өмірзақ Қажымғалиев пен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Бауыржан Ақпанов қиып, ақ кимешек киген әжелер шашу шашты.
Айнагул Шакупова