Бір жасыңыз құтты болсын!

(0 Votes)

Наурыз – береке мен мерекенің айы.

Табиғаттың түрленіп, ерекше әсем реңкке боялатын шағы. Жер Ананың бусанып,тоңы жібіп, Самарқанның көк тасы еритін мезгіл. Қаһарлы қыстан аман-есен шыққан ағайын, бір-бірімен құшақтасып, көрісетін қуанышты сәт.

Қазақ тарихында бұл күн жайында түрлі деректер мен аңыздар баршылық. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түркіше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген. Осыған қарап, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласында көрісу дәстүрі болған. Кеңес үкіметінің саясатына байланысты еліміздің көптеген аймағында Амал мерекесін тойлау ұмытылып, тек батыс өңірлерде ғана сақталып қалған сыңайлы.

22 наурызда тойлайтын Наурызымыз күн күнтізбесімен есептелген отырықшы халықтардың мейрамы болса, Көрісу – қазақтың атам заманнан келе жатқан ай күнтізбесімен есептелгендегі нағыз көшпелі халықтардың Наурызы. Амал мерекесі немесе көрісу – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті. 14 наурыз күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды. Шаттық пен қуанышқа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен мерекені қарсы алады. Әсіресе, қарты бар үйлер оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарханын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді. Бұл дәстүр ағайын арасындағы түсінбеушілікті жойып, татуластырып, табыстырады. Арадағы өкпе-ренішін кетіріп, араздықты ұмыттырады. Тек бір-біріне жақсылық тілеп, алғыс білдіреді. Қазақ кеңпейіл, қамқоршыл халық деп таниды өзгелер. Осы ретте көрісу дәстүрі де ізетті болу, бата алу, қамқорлық таныту дегендей игі істерді өн бойына дарытумен құнды десек жарасымды-ақ. Бұның қазір де солай екенін анық аңғаруға болады. Бірақ, осынау мейірім мен шуаққа толы мерекені елімізде жаппай атап өтуге не кедергі? Өйткені, бұл тамаша дәстүріміз тек еліміздің батыс өңірлерінде ғана сақталып отыр деушілер көп. Сенат депутаты, жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегенов Көрісу мерекесін мемлекеттік мерекелер қатарына қосуды, ел болып тойлауды бастама етіп көтеріп келді. Міне, соның нәтижесінде Қазақстандағы мерекелік күндер тізбесіне «Көрісу» дәстүрі енгізілмек. «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысы келесі мазмұндағы 3-1 тармағымен толықтырылсын: «3-1. «Көрісу» (Амал) дәстүрі – 14 наурыз» делінген Үкімет қаулысының жобасында.

Түсіндірме жазбада айтылғандай, бұл жоба Премьер-министр Асқар Маминнің 2019 жылғы 10 сәуірдегі тапсырмасына сәйкес әзірленген. «Жобаны қабылдау қазақ халқының үздік дәстүрлерінің сақталуына, адамдарда мейірімділікті, қайырымдылық пен сыйластықты тәрбиелеуге ықпал етеді», - деп мәлімдейді Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова түсіндірме жазбасында.

Бірлік пен татулықты ту еткен мереке – қазақ халқының бауырмалдық салтының бір көрінісі екені анық. Ең бастысы – оның тәрбиелік, әлеуметтік, эстетикалық маңызы зор. Ендеше, осы күнге аман жеткен барша ағайынға «Бір жасқа келуіңізбен!», «Жасыңызға жас қосылсын!» дейміз.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521