Бір әулеттен он алты ұстаз

(0 Votes)

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай адамдар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек.

Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар сол еңбек адамдарына қарап нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн», деген болатын. Тәуелсіз мемлекетіміз Еңбек күні мерекесін күздің алғашқы айының соңғы жексенбісінде атап өтеді. Бұрын мұндай мереке болған жоқ. Бұл ортамызда жүрген қарапайым еңбек адамдарына деген үлкен құрметтің көрінісі. Олардың ел игілігі үшін уақытпен санаса бермей, бел жазбай жасап жүрген қызметтерінің еленгені. Сонымен қатар, адал еңбекке шақыратын бұл мерекенің жастар тәрбиесіне де берері мол. Еңбек адамына деген құрметті насихаттау арқылы олардың бойында қандай жұмысқа да құлшынысты оятамыз. Бір мамандықта таңдаса соған байланып, бар ынта-жігерімен оны адал атқаруға үйретеміз. Адал еңбегін ел дамуына арнап жүрген адамдар, мейлі, ол қарапайым жұмысшы, ұстаз, шопан, аспаз, құрылысшы немесе басқа кәсіп иесі бола ма, қандай құрметке де лайық. Сондай еңбек адамдарының арасында бір мамандықты таңдап, үрім-бұтағымен сол салада жұмыс жасап келе жатқан әулеттер де кездеседі. Оларды да қалай дәріптесек артықтық етпейді. Осындай отбасында өскен Ғалия Рысқалиева 1963 жылы 7 сәуірде Жамбыл ауылында дүниеге келген. Атасы, әкесі,10 баланы өмірге әкелген анасы да білім саласында еңбек етіп, шәкірт тәрбиесімен айналысқан. «Ат тұяғын тай басар», деген ғой, педагогтар отбасында өмірге келген 10 баланың бесеуі ата-анасының жолын қуған ұстаздар. Математик, физик, химик және т.б. пәндердің мұғалімдері. Ұстаздықты мұрат еткен Ғалия апамыз да сурет және өнер мамандығын таңдады. Кішкентай кезінен бастап суретпен әуестенген. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауылға келіп, мектепке жұмысқа орналасты. Тағдырын шәкірт тәрбиесімен байланыстырды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», дегендей бүгінде абыройлы еңбек етіп, ұжымдастары мен халық арасында сыйлы болып, құрметке бөленуде. Талай шәкірттерді тәрбиелеп шығарған білікті мұғалім.

Қазақ қолөнерден кенде емес халық. Ұлтымыздың осы өнері бойына дарыған кейіпкеріміз жақсы қолөнерші. Бала шағында ши, алаша тоқығанды көріп өсті. «Керек тастың ауырлығы жоқ», бір күндері пайдасы тиер. Ұлттық өнерді үйренгені өзіне жақсы», деп ойлаған шығар, әжесі мен анасы қастарына ертіп жүріп үйретті. Мүмкін бұл өнерді осы ұрпағымыз жалғайды деген де шығар. Қыз да өз тарапынан алғырлық танытты. Зейінділігін байқатты. Әлбетте, ол кезде кішкентай қыз әжесі мен анасынан алған өнер күндердің күнінде алдағы өмірінде қажет болады деп ойламапты. Енді міне, кәдеге асуда. Бұл бағытта жетістіктері де жеткілікті. 2013 жылы Астанада өткен қолөнер сайысына қатысты. Сосын Алматыдағы «Ата-баба мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» атты қолөнершілер форумына шақырылды. Атырауда өткен сайыста киіз басудан жүлделі ІІ орынды иеленді. 2022 жылы қолөнер додасына қатысып Гран При, сол жылы жазда Шымкент шаһарындағы «Алтынға бергісіз алаша» фестиваліне Атыраудан қатысып, Алматы қаласы әкімінің Алғыс хатын иеленді. Қазіргі кезде киіз басу, алаша, ши тоқуға шәкірттерін үйретіп, олар облыстық, республикалық, халықаралық қолөнер байқауларында жүлделі орындардан көрінуде. Ғалия Сайыпқызы 2023 жылы Атырау қаласында өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасына да қатысып жеңімпаз атанды. Осы жоба бойынша күзде Астана қаласындағы сайысқа жүргелі отыр. Аталған жобаны қорғайды. Жобаға шетелдерден инвесторлар келеді екен. Бүгінде қазақтың ұлттық қолөнеріне қызығушылар саны арта түсуде. Жақсы нәтижеге жетемін деген сенімде.

– Қолөнер – бұл ата-бабамыздың мұрасы. Бір кездері үзіліп қалған осы өнерді жалғастырушымын. Жастарға үйретемін, насихаттаймын. Осы жобадан кейін өз кәсібімді ашқым келеді. Бұл бағытта «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы қолдап, жұмыстанып жатыр. Республикалық «Еңбек жолы» конкурсына қатысқан себебім – жұмысым қалып қоймауы тиіс. Мен қазақтың ұмытыла бастаған қолөнерін насихаттап жүрген еңбек адамымын. Шәкірт тәрбиелеуді мұрат еткен үлкен әулетпіз. Өзімді «Үздік еңбек әулеті» номинациясына саймын деп санаймын. Өйткені әкем соғыстан келе сала барлық қиындықтарға төзіп, бала оқытумен, жас ұрпаққа білім берумен айналысты. Ол кісі бүгінде өмірден өткенімен ауданда бәрі біледі, құрметтейді. Анам да он баласын тәрбиелей жүріп мектептен зейнеткерлікке шыққанымен білім саласынан қол үзбеді. Бесеуіміз олардың ізін басып, педагогтар әулеті атанып келеміз. Қазір бала-келіндерді, немерелерді санағанда 1 әулетте 16 педагог бар екенбіз. Өткен жылы аудандық мұғалімдердің акциясына қатысып онда да жүлделі орындардан көріндік. Бұл бағытта «Үздік еңбек әулеті» номинациясына қатысып жатырмын. 1 оқушым ғылыми жобаға қатысты. 7-8 сынып оқушылары қолөнер сайысына қатысуы үшін алаша тоқуды, киіз басуды үйретіп жүрмін. «Бір ауыл – бір өңір» сайысында киізден жасалған бұйымдар сұранысқа ие болып жатыр, енді оны шетелге шығаруға жұмыстанудамын,– дейді Ғалия Сайыпқызы.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», дегендей, бір отбасынан бес бірдей ұстаз шығып, олардың жолын кейінгі немерелері жалғап жатса бұл әулет үшін мерей. Осындай өнегелі де тәрбиелі отбасылары көбейе берсін деген тілектеміз.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521