Біздің еліміз, сүйікті Отанымыз-Қазақстанның өз тәуелсіздігіне ие болғанына биыл 30 жыл толады. Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз тынымсыз күресті, қаны мен терін төгіп, жанқиярлықпен айқасып, үстемдік, отарлыққа қарсы шығып, ақырып теңдік сұраған егемендіктің үш он жылдығын еңсердік.
Өз мемлекеттігімізге ие болып, қазына байлығымызға да қазағым иелік етіп, азаттық пен еркіндікке қол жеткіздік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында “Біз қуатты, тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. “Тәуелсіздік-бәрінен қымбат” деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс!-деген еді. Иә, осы бір асыл қазынамызды еш нәрсеге айырбастауға болмайды, ол бәрінен де қымбат.
Өз қолымыз аузымызға жеткен осынау отыз жылда еліміз айтарлықтай жаңғырды, жаһандық өркениет көшіне ілесіп, жаңа асулар мен биіктерді бағындырды. Қазақстанда ғылым мен техника, технология қарыштап, дамыған елдердің бағындырған белесті біз де игере бастадық.
1991 жылдан кейін білім саласында елеулі өзгерістер орын алды. Бұл салаға қозғау салған, жаңалықтар енгізген бірқатар реформалар жүзеге асты. Олар біздің облысымызда, өз ауданымызда да жүйелі түрде атқарылуда. Білім беру ісінің одан әрі түбегейлі жақсаруына елеулі бетбұрыс жасалды. Яғни, білім-ғылым саласына республика, облыс бюджетінен ірі көлемде қаражат бөлініп, әрбір елді-мекендерде типтік жобада мектептер салынды. Солардың қатарында, Жамбыл ауылындағы Панфилов орта мектебі, Кудряшов, ММС ауылындағы Ғ. Мүсірепов, Қызылобадағы Ж.Нәжімеденов, Жасталап, Азғыр, Асан, Ұштаған ауылдарындағы білім ғимараттарын айтуға болады. Бұдан бөлек, ондаған балабақшалар бой көтерді. Осындай серпінді жұмыстардың нәтижесінде аудан мектептерінің көркі артып, білім ошақтары толық жаңғырып, күрделі жөндеуден өтті. Ал, мектепке дейінгі жасөспірім балдырғандарды балабақшамен қамту деңгейі 90%-ға жетті.
Мектептерге жоғары кернеулі кең жолақты интернет желілеріне қосылған. Толық жабдықталған химия, физика, биология кабинеттері алынып, оқушылардың аталған пәндерді сапалы оқып, меңгеруіне жағдай жасалды. Лингафон кабинеттері, информатика пәні арқылы компьютерлерді жете меңгеруге, цифрлық технологиялардың негіздерін оқып үйренді. Атын естігенмен, затын түсінбеген ағылшын, француз тілі оқу бағдарламасына еніп, шет тілін меңгерген жастар саны артты. Қазір бір мұғалімнің сапалы сабақ өткізуіне интерактивті тақталармен толық жағдай жасалған. Осындай мемлекет қамқорлығымен жасалған қолайлы мүмкіндіктерді жете пайдаланып, оқушыларға сапалы білім беру – бүгінгі таңда мектептерде ұстаздық жауапты атқарып жүрген мұғалімдерден жоғары жауапкершілікті талап етуі түсінікті жағдай.
Мұғалім - мектептің жүрегі. Оның ерен еңбегі – еліміздің болашақ кірпішін жас ұрпақтың адамгершілік құндылықтары мен мемлекеттің зияткерлік және экономикалық әлеуетінің қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Мемлекетіміз ұстаздардың еліміздің дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалап, «Педагог мәртебесі туралы” Заңды қабылдады. Онда бала жанының бағбандарының әлеуметтік кепілдіктері ғана емес, сонымен бірге құқықтары мен міндеттері де ресми түрде бекітілген. Яғни, олардың қызметіне жатпайтын жұмыстарға жұмсалмауы – артық қағазбастылық пен есептіліктен босатылуына жол ашты. Сонымен қатар, апталық сағаттық жүктемесі қысқартылды, айлық жалақылары соңғы үш жылда әр жыл сайын 25%-ға өсуде. Тәуелсіздіктің осы бір жетістігі ұстаздарға жасалып жатырған қамқорлық екендігін айтуға болады.
Соңғы жылдары ауданымызда ұстаздардың білімі мен біліктілік деңгейін жетілдіру бағытында, шығармашыл педагогтардың қатарын өсіруде, сондай-ақ дарынды, қабілетті оқушыларды республикалық, облыстық, халықаралық сайыстарға дайындауға көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Көптеген ұстаздар, олар дайындаған үздік шәкірттер түрлі сайыстардан жүлделі орынға ие болып, құрманғазылықтар білім беру саласының биік деңгейін танытып жүр.
Бүгінгі таңда ауданда 33 мектеп жұмыс істеуде, оның 13-і шағын жинақты білім беру ұйымдары. Жалпы, 11 000-ға жуық оқушы білім алуда. Ілім ошақтары қажетті кадрлармен толық қамтамасыз етілген. Алайда, кейбір пәндер бойынша, әсіресе, математика, химия, орыс тілі пәндерінен мұғалім тапшылығы байқалады. Айта кетерлік жағдай, тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз мүмкіндігі шектерулі балалардың мәселесіне көп көңіл бөліп, оларды қоғамға тарту бағытында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Қазір осындай ерекше білімді қажет ететін 0-18 жас аралығындағы балалар саны ауданда 400-ге жуық. Бұл күндері бірқатар орта мектептерде ашылған инклюзивті білім беру сыныптарында осындай сөйлеу тілі тежелген, психикалық дамуы, сондай-ақ зерде танымы бұзылған балаларға 350-дей логопед, дефектолог, психолог мамандар дәріс беруде.
Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатында күн сайын тынымсыз ізденіс шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген ұстаздар қауымының атқарып жатқан абыройлы қызметтерін аудан жұртшылығы жақсы біледі. Әсіресе, жас буынға адамгершілік тәрбиесін беруде, әрбірінің тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етуде ұстаздар мен ата-аналар өзара тығыз байланыс орнатып, елеулі нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл ретте, ауданда құрылған “Әкелер ұйымы”, “Ата-аналар бірлестігі” ұйымдары көптеген тәрбиелік шаралар ұйымдастырып, нәтижелі, ықпалды жұмыс істеуде.
Бүгінде білім беру саласында осындай бірқатар нәтижелі жұмыстардың кеңінен өрістетілуіне, соңғы екі жылда елдегі пандемияның кең таралуы, ковид ауруының жайылуы кеселін келтіргені белгілі. Өткен оқу жылында барлық мектептер қашықтықтан онлайн оқытуға мәжбүр болды. Осындай жағдайда да қолда бар мүмкіндіктерді жете пайдаланып, ұстаздар қауымы оқыту үдерісін жалғастырды, сапаны төмендетпеуге күш салды. Дейтұрғанмен, дәстүрлі оқыту, ұстаз бен оқушының өзара тығыз қатынаста білім беру деңгейі жетіспейді. Биыл, бұл олқылықтардың орнын толтыруға бар күш-жігер жұмсалуда.
Тәуелсіздіктің арқасында білім беру саласында қол жеткен табыстар одан әрі жалғасын таба береді деп айтуға толық негіз бар. Алайда, оқушылар саны жыл санап өсе түсуіне орай мектеп ғимараттарының тапшылығы қиындық келтіріп отыр. Әсіресе, Ақкөл, Ломоносов, Абай орта мектебінде балалар саны екі есе көбейіп, сыныптар жетіспейді. Сондай-ақ, Д. Нұрпейісова атындағы өнер мектебінің өз алдына ғимараты жоқ. Дарынды балалар үшін гимназия ашу мәселесі де көптен сөз болып жүр. Осы сияқты іргелі мәселелерді алдағы уақытта түбегейлі шешілсе, білім беру саласы одан әрі жақсара түсері сөзсіз.
Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақ. Оларға сапалы білім беріп, саналы азаматтар ретінде тәрбиелеу жолында аудан ұстаздары қажымай, жалықпай еңбек ете береді деп сенемін.
Нұрлығайын Нұғманов
ардагер ұстаз