Берекелі тірліктің бастауы – сыйластықта

(0 Votes)

2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, №173 Жарлыққа қол қойғаны белгілі.

Онда Елбасы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан гөрі жақындастыра түседі. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болар еді» деген болатын. Міне көктемнің алғашқы күні, яғни 1 наурыз – ел тұрғындары үшін маңызы жоғары мереке. Бұл халықтар арасындағы достықты нығайтып, адамдарды ізгілікке үндейді. Атаулы күннің мән-маңызы да осында: ренжіскендер татуласады, әр ұлт өкілдері бір-біріне деген ыстық-ықыласын білдіреді. Елімізде 130-дан астам этнос өкілдері айрандай ұйып бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл – біздің аса қымбат құндылығымыз. Әрбір қазақстандық оны одан әрі сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуі тиіс. Әлемде тыныштықтан асқан байлық та, бақыт та жоқ. «Өміріңді ұзартқың келсе, біреуге жақсылық жаса» деген де сөз бар. Ендеше, қыстан аман-есен шығып, көктемнің күнімен қауышқан шақта бір-бірімізге алғыс айтып, жағдай сұраса білейік.

Алғыс айту күні мереке болып белгіленнен бері бір-біріне алғыс пен ризашылығын білдіруші жұрттың қарасы жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұдан былай да ол жүйелі жалғасын тауып, кең түрде қанатын жая беретініне сеніміміз мол. Бауырмалдық, мейірбандық, қамқорлық сынды асыл қасиеттер қазақ халқының бойында баяғыдан бар. Соның нәтижесінде, бүгінде қазақ топырағында өмір сүріп жатқан қаншама ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында өзара сыйласып ғұмыр кешуде. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестіктің, өзара сенімділіктің барлық ұлт өкілдерінің бір-біріне деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл бастарына қиын-қыстау күндер туғанда тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай ұлтымызға деген тағзымның белгісі. Халқымыз қуғын-сүргінге ұшырағандарға баспанасынан орын беріп, қолындағы құрт-майын аузына тосты. Оларды жат деп кеудеден итермей туған бауырындай қамқорлады. Міне, осылайша тағдырдың тауқыметімен жер ауып келген қаншама ұлт өкілдері қазақ жерінен өздеріне жайлы орта тапты, жанұялы болды, өсіп-өнді.

Столыпин реформасы кезінде елге тұтас этностар депортацияланды. Түрлі этнос өкілдерін вагондармен ашық далаға әкеп тастады. Онсыз да күнін әрең көріп отырған қазақ отбасылары оларды үйіне кіргізіп, бір үзім нанымен бөлісті. XX ғасырдың басында Қазақстанға Беларусь, Ресей және Украинадан 1,1 миллион адам қоныс аударды, ал 1930 жылдары ұжымдастыру барысында 250 мың шаруа жер аударылып, тағы 1,2 миллионға тарта адам өнеркәсіп нысандарын тұрғызуға келген. Олардың бәріқазақтың дархан даласынан пана тапты. Елімізде орнығып, қиын кезеңдерді қазақ халқымен бірге еңсерді. Сондықтан мемлекетіміздегі мерекелер қатарының Алғыс айту күнімен толығуы шарапатты іс болды деп айтуға толық негіз бар.

Қоғам қайраткері Асылы Осман деген апамыз әрдайым: «Біз қашан да қазақ халқына қарыздармыз», деп алғысын айтып жүреді. Ол кісі халқымызға алғыс айтып қана қоймай, ана тіліміздің жанашыр тұлғасына айналды. Байқап қарасақ, алғыс айту сол халықтың рухани құндылықтарына құрмет көрсетуден бастау алады.

Сонымен бірге, Алғыс айту күнін – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі деп айтсақ әбден жарасар.Оның басты мақсатының бірі – өскелең ұрпақты достық, бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақстанда этникаралық келісім мен ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту.Қазір жер бетінде күн сайын қаншама қан төгіліп, босқындардың бас сауғалап қашып жатқанын теледидардан күнде көріп жүрміз. Діни соғыстың кесірінен қаншама жас жетім, қаншама әйел жесір қалуда.

Сондықтан бейбітшілікке, ынтымаққа ештеңе жетпейді. Олар салтанат құрған жерде жетістік те, жарқын болашақ та болатыны айдан анық.

Қорыта айтқанда, Алғыс айту – Мәңгілік елдің ұлттық біртұтас идеясы. Мұның арқауында барлық ұлт пен ұлыстың береке-бірлігі жатыр. Татулығымыз жарасқан еліміз өркендей берсін!

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521