Кейінгі уақыттарда қазақи ортаға беймәлім праймериз сөзі жиі айтылып келеді.
Әсіресе еліміздегі жетекші партия өкілдерінің аузынан көп еститін болдық. Нақтылап көрсек, оның мағынасы ағылшын тілінен қазақшаға аударғанда алдын–ала іріктеу, сайлау дегенді білдіреді екен. Негізінен праймериз XIX ғасырдың ортасында Еуропа, Азияның кейбір елдері және Латын Америкасында кеңінен қолданыла бастапты. Қазіргі уақытта Алмания, Ұлыбританияның саяси күштері, АҚШ пен Канаданың либералды партиялары, Түркия сияқты елдер бұл үрдісті сайлау қарсаңында ішкі іріктеуден өткізу үшін жүргізеді.
Осындай алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің тәжірибесін тыңғылықты зерделеген «Nur Otan» партиясы алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін жақтастары арасында таңдау жүргізу мақсатында осы әдісті алғаш рет өткізгелі отыр. Соған сай бүгінде елімізде праймериз қызу талқыға түсіп жатыр.
Осы орайда «Nur Otan» партиясының мүшесі, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Теміржанұлы Жүгінісовті әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Маусым айының басында партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 17 тамыз бен 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойды. Соған сай партияның барлық облыстық, аудандық филиалдарында ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн жиындар өткізілді. Жетекші партияның мүшесі ретінде айтарым, аталған праймериз әдісінің тиімді тұстары жетерлік.
Бұл біріншіден, алыс ауылдардағы партияның қарапайым мүшелеріне өз ойын айшық айтып, елдегі жағдайға тікелей араласуға үлкен мүмкіндік береді.
Екіншіден, шалғай елді мекендердегі проблеммалық мәселелерді анықтауға, олардың шешілу жолдарын нақтылауға көмектеседі. Үшіншіден, тағы бір тиімді тұсы партияның ресурстары арқылы қоғамдағы жағдайларға белсене араласатындарға жасалып отырған саяси және әлеуметтік лифт деп білемін. Мәселен, бұл іріктеу ауылдық жерлерде тасада қалып келген қоғамды алға жылжытуға нақты ұсыныстары бар іскер азаматтардың бой көрсетуіне, өңірдің өзекті мәселелерін нақты көтеріп, оңтайлы шешілуіне жол ашады. Партия төрағасы, Елбасымыз сайланбалы органдарда әйел азаматтардың үлесін 30%-ға жеткізуді көптен айтып келеді. Бұл праймеризде ол ескеріліп, партиялық тізімдердің сапалық құрамында әйел азаматтардың үлесі кем дегенде 30 пайызға жеткізу көзделуде. Сол сияқты жастары 35-ке жетпеген ел азаматтарының үлесі 20 пайыз болуы шарт. Біздің аудандық мәслихатта 3 әйел депутат бар, жас критерийіне келсек біреуі ғана сай келеді екен. Алдағы праймериз бұл олқылықтарды толтыруға септігін тигізері анық. Халық қалауларының қатарын өндіріс басшысы, бизнес өкілдері, білім, денсаулық сақтау қызметкері сияқты қазіргі шақта өзекті болған әлеуметтік қамсыздандыру мамандарымен толықтырылмақ. Сондай-ақ, өмірлік тәжірибесі мол, елдің қалыптасуына өз үлесін қосқан азаматтардың тізімге ілігуіне де баса мән беріледі. Мәслихаттарға арналған партиялық тізімнің 70 пайызы праймеризден өткен үміткерлерден құралатын болады. Бұл Қазақстанның саяси тарихында бұрын-соңды болмаған бастама. Праймериз кандидаттарды ұсыну және тіркеу, үміткерлерді үгіт жұмысына даярлау, үгіт жұмыстарын жүргізу, дауыс беруді өткізу және тізімдерді дайындау сияқты 5 кезеңнен тұратын болады.
А.НӘЖІМОВ