Архив қойнауын ақтарып жүрген сәттерімде, мына бір қызықты дерек назарымды ерекше аударды. «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінің 1987 жылғы сандарының бірінде «Батыл балалар» тақырыбында мақала жарияланған екен.
Бұл оқиға сонау 1986 жылдың күзінде болған...
Теңіз ауданының (қазіргі Құрманғазы) М.В.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушылары Сергей Поляков пен Александр Сарочан 1987 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Суға кеткендерді құтқарғаны үшін» медалімен марапатталған. Олар бұл марапатқа Шарон өзені бойында ойнап жүріп, күзгі ойыққа түсіп кеткен ағайынды екі бүлдіршінді құтқарып қалғаны үшін ие болды. Бұндай елеулі оқиға ел ішінде ілеуде біреу болатын.
«Суға кеткендерді құтқарғаны үшін» медалі КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының 1957 жылдың 16 ақпан күнгі Жарлығымен бекітілген.
Бұл медальмен КСРО кезеңінде Құтқару қызметінің қызметкерлері және КСРО-ның басқа да азаматтары, сондай-ақ КСРО азаматтары болып табылмайтын тұлғалар марапатталады. Медаль мына жағдайларда табыс етілді: Судағы адамдарды құтқару кезінде батылдық пен жанқиярлық көрсеткені үшін; Жоғары қырағылық пен тапқырлығы үшін және судағы адамдарды жазатайым оқиғалар туралы ескерткені үшін; Суда құтқару қызметін үлгілі ұйымдастырғаны үшін. Марапаттау КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы негізінде жүргізілді.
Сергей мен Александр күндегі әдеттерінше сабақтан үйлеріне қайтып келе жатып, өзен жақтан шыққан үш-бес жастағы балалардың шыңғырған дауысын естіп, сол бағытқа жүгіріп жетеді. Ойын қызығына берілген кішкентайлар өздерінің жағадан біраз ұсап кеткендерін аңғармаған. Қайтып жағаға жетем дегенше жаңа қатып жатқан кілегей мұз ойылып, белуардан суға бойлай бастаған бөбектерге жер бауырлап, бірінің аяғынан бірі ұстаған Сергей Поляков пен Александр Сарочан жақындай береді. Енді ұстаймын деген мезетте Сергейдің астындағы мұз ойылып кетіп, үсті-басы малмандай су болады. Жанкештілікпен балаларды жағаға шығарғанда Сергейдің еріні көгеріп кеткен еді. Ержүрек те батыл пионерлер бөбектерді ата-аналарына аман-есен табыс етеді. Ал өздері де жанұяларына асығады. Ал, судан құтқарылған бөбектер үш-бес жастағы Елемесовтар болатын. Балаларынан болған жайды білген қуанышты ата-ана ертеңісіне Сергей мен Александрға арнайы алғыс айтты. Кейіннен бұл іс туралы бүкіл мектеп, ауыл-аймақ тегіс құлақтанады. Сөйтіп батыл пионерлер 1987 жылдың 19 мамыр – Бүкілодақтық пионерлер күні мерекесінде омырауларына медаль тағады.
Сергей Поляков – мектепте жақсы оқитын, үлгілі оқушы болған. Сынып старостысы, мектеп оқушылар комитетінің мүшесі, көркемөнерпаздар үйірмесіне, физика пәнінен факультативтік сабаққа қатысып, белсенді оқушы болды. Ал, Александр Сарочан Сергейден бір сынып төмен оқыған. Елгезек оқушы спортты, табиғатты сүйген екен. Екі пионерде жазғы демалыс кезінде көрші Астрахан облысының Қарабайдыдағы еңбек және демалыс лагерінде еңбек етіп, көзге түскен.
... Бүгінгі таңда осыдан қырық жылдай бұрын бұл өмірдегі ең басты құндылық – адам өмірін қорғауда батырлық көрсеткен бұл азаматтардың және де «көрер жарықтары бар екен» дегендей ағайынды Елемесовтердің де кейінгі тағдырлары қалай өрбегені оқырмандарды да бізді де қызықтыратындығы сөзсіз.
Сергей Поляков мен Александр Сарочан