Бас имам ысырапшылдыққа жол бермеу қажеттігін айтты

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» атты тақырыппен Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлымен кездесу өтті.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Атырау облысы ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Сапанов, «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев, бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдар мүшелері, ауыл молдалары, ардагерлер, округ әкімдері, ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы шараны ашып, бұл кездесу облыс әкімінің жоспарына сай ұйымдастырылып отырғанын жеткізіп, қатысушылардан дін мен дәстүр сабақтастығына қатысты толғантқан сұрақтары, ұсыныс-пікірлері болса ортаға салып отыруларын сұрады. Кездесу барысында діни рәсімдерге қатысты бірқатар мәселелер қозғалды.

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы:

– Қазіргі таңда қаделерде ысырыпқа жол берілуде. Соны бір ізге түсіру қазір еліміз бойынша көтеріліп отырған мәселе. Қайтыс болған адамдардың басына зәулім үй сияқты нысандар тұрғызуда. Өмірден өткен адамдарға Құран оқуға, қаделерін өткізуге, олардың атынан садақа беруге болмайды дегендер де шығып жатыр. Бұған дейін Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарында болдық. Жалпы, өлім деген той емес. Садақа дастарханы қарапайым болуы керек деп облыстық ардагерлер кеңесімен бірлесіп Үндеу жарияладық. Дастарханға бауырсақ, жеті шелпек, тары-талқан, қаймақ, сары май, аздаған тәттілер, құрма, өрік-мейіз, бір ыссы тағам қойса жеткілікті. Бүгінде қаделерде аста-төк дастархан әзірленіп балық, тауық еті, басқа да тамақтар қойылады. Адамдар ауыз тиеді, себебі, қадеге  тоя тамақ ішу үшін емес, Құран оқытып шығуға келеді. Қазақ: «Ажал байдың малын шашады, жарлының артын ашады», дейді. Бұрын Құран бағыштап, Алланың разылығын алуға тырысса, қазір, «Құдалар, туыстар, таныстар риза болса, «дастарханға дұрыс тамақ қоймапты» деп айтпаса екен» деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті қадеге тамақты дүкеннен жаздыртып алатындар да бар. Бабаларымыз: «Қазалы үйде қазан асылмайды», деп өлім-жітім болған үйлерден шығын шығартпаған. Бәрін бір ізге түсіретін уақыт жетті. Жаназадан бір күн бұрын берілетін қонақасыда Құран оқылмайды. Ол үйде берілуі тиіс. Қалада тойханаларда жасапта жүр. Келген адамдар күліп, қалжыңдап қайғылы жағдайда отырғандарын ұмытады. Ондай жерде орынсыз күлкі, қалжыңдар жараспайды.

Садақа асында сөз жарыстыруға айналдырмау керек. Бір-екі адам сөйлеп, елге жақындығын, көркем мінезін, жасаған жақсылығын айтса жарайды. «Имамдар көп сөйлеп кетеді» дегенді естиміз. Біз оларға Құранды, уағызды қысқартып айтыңдар деп жүрміз, – дей келе, құлпытасқа сурет салуға болмайтынын, қайтыс болған адамның үші мен жетісін бірге өткізуге, қырқы, жүзі сияқты қаделерінің нақты күнін белгілемей, яғни, ертелеу немесе кештеу атқаруға болатынын қаперге берді. 

Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Серік Сапанов: – Қазақ: «Жетістіктің басы – бірлікте», деп текке айтпаған. 25 қазанда егемендігіміздің Декаларациясы қабылданғаны белгілі. Соның екінші бабында: «мемлекетті сақтау, қорғау, нығайту» керек деп жазылған. Әрбір мемлекет халқының  түрі, тілі, дәстүрі, діні деген төрт белгісімен  ажыратылады. БҰҰ-ның жарғысына сәйкес  жергілікті халықтардың үштен екісінен асқан ұлт – мемлекет құрушы  болып саналады. Біз мемлекет құрушы ұлтпыз. Сондықтан тілдің, дәстүрдің, діннің бірлігі керек. Бірлік арқылы ғана мемлекетті сақтай аламыз. Осы бағытта қызмет етейік, – деді. 

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов қорытындылап, көп мағұлмат алғандарын айтып, ризашылығын білдірді. Қатысушы имам-молдаларға ауылдарды аралап, бүгін айтылғандарды жергілікті халыққа жеткізуді тапсырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT