Барша жұрттың ұлықтар асылы

(0 Votes)

Қазақ әдебиетіндегі алыптар шоғырының бірегейі, заңғар тұлға Мұхтар Әуезовтің өзі Абай өлеңдері арқылы хат танығаны белгілі.

Әуез атасы ұсынған қолжазба өлеңдердің даналыққа салынған алтын көпір болғандығына таң қалып, таңдай қағасың. Абай өлеңдері бабабақша бүлдіршіндерінен бастап еңкейген кәріге дейін ыстық әрі жақын. Өйткен Абай әлемі – қазақтың жаны, қазақтың мұңы, қазақтың болмысы. Арада неше ғасыр өтсе де сыры түгесілмейтін, сынын жоғалтпайтын қымбат қазынасы, рухани құндылығы.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай тағылымынан алар өнеге мен ғибратқа тоқтала келіп, биылғы жылы ұлы кемеңгердің 175 жылдығын атап өтудің жалпыұлттық бағдарын айқындап бергеніне қатты қуанып отырмыз. Айтулы мерейтойдың кең ауқымдылығы мен күтілетін нәтижелері ұшан-теңіз. Ұлы Абайдың шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылатыны, деректі фильмдер мен телесериал түсірілетіні көптен күтіп жүрген дүниеміз, іске сәт дейміз. Абай, Шәкәрім, Мұхтардың кіндік қаны тамған, табаны тиген қасиетті жерлерді иісі қазақтың қадірлемеске, кие тұтпасқа хақы жоқ. Осы бағытта жасалмақ жұмыстарға бәрекелді дейміз. Әдетте бұл жерге дәстүргі «Абай-Шәкәрім» оқуларының республикалық додасынан озып шыққан жеңімпаздар ғана баратын. Қазір ақпарат заманы, қандай сайыс болмасын түрлі форматта өткізуге мүмкіндік мол. Өнер мен өлеңнің қадірін білетін ұрпақты осындай тарихи-мәдени орындарға саяхатқа жіберуге жол ашылар еді деген ойдамын.

Абай әлемін ұлығылау аясында ескеретін тағы бір тұс –Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасы. Абайдың көркем тұлғасын тану үшін көзі қарақты жұрт «Абай жолын» айналып өтпесі анық. Жаңалығы желмен жарысқан мынау зымыран заманда осы мәселе қалай шешілуде? Кітап оқымайтын, ұялы телефоннан бас алмайтын жаңа ұрпаққа бұл «қазақтар жайлы көркем жазылған ғажайып энциклопедияны» қалай насихаттаймыз? Әлдебір мекемелердің жоспарлы түрде өтетін шараларынан бөлек шынайы түрде жас өскінге Абайды қалай танытамыз, не істеп, не тындырдық деп есеп алғың-ақ келеді. Ширек ғасырдан астам әдебиет деген пәннің мұғалімі ретінде айтар болсам бұрынғы бағдарламада Абай шығармашылығымен балалар бастауыштан сусындап, орта буында толықтырып, жоғарғы сыныпта мол мәлімет алып шығатын, Мұхтар сомдаған Абай бейнесі бала Абайдан, шәкірт Абайдан азамат Абайға, бара-бара кемел ақынға, одан әрі қайраткер, дана Абайға айналатын.

Ал соңғы жылдары білім мазмұны жаңартылды. Қазіргі таңда 6-сыныпта «Абайды оқы, таңырқа», 10-сыныпта «Қалың елім, қазағым» бөлімдерінде ғана Абай шығармашылығы оқытылады. Роман – эпопея жоба бойынша 11- сыныптың (алдағы жылы) еншісінде қалса керек. Қымбат қазынамыз болашақтың рухани сұранысын қанағаттандыру үшін оны насихаттаудың жаңа формаларын енгізу керек деген ойым бар. Жаттанды, таптаурын болған әдістерден бөлек халықтың көпшілігі қызығатын, өздері сұранатын түрлі танымдық ойындар, электронды олимпиадалар, кітап оқудан сайыстар, тақырыптық жобалар т.б. ұйымдастырса, жүлде қорын тағайындап, оны түрлі ақпарат құралдары арқылы жарнамалап тек мектеп оқушылары ғана емес барша халықты осындай шараларға қатыстырса деген ұсынысым бар. Ұлы Абайдың мерейтойы, оған қатысты шаралар тек қана білім беру немесе мәдениет пен өнер саласына қатысты дүние ғана емес, қазақ деген барша жұрттың ұлықтар асылы. Сондықтан бұл іске бизнесмен де, жеке кәсіпкер де, дәрігер де, басқасы да ат салысуы тиіс.

Мирасова Маржан Максимқызы,

Абай атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521