Қазір қыс мезгілі болғанымен ағынды өзендерде мұз жоқ, арналарда да әлі толық қатып, беки қоймаған. Соған қарамастан қауіпсіздікті сақтамай, мұз үстінен табылатындар азаймай тұр. Бұл адам өмірі үшін қатерлі.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылы 19 қаңтарда шыққан, сол жылы 26 ақпанда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркеуден өткен №34 бұйрығы бойынша қараңғыда, нашар көрінген кезде, сондай-ақ мұздың жаңа қата бастағанында және еру кірген уақытында мұзға шығуға жол берілмейді. Мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден кем болған кезде мұз астында балық аулауға жеке құтқару құралдары (ысқырық, құтқару шильці, құтқару кеудешесі, диаметрі кемінде 11 миллиметр, ұзындығы кемінде 12 метр арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, су өткізбейтін пакеттегі ұялы телефон) болған кезде ғана рұқсат етіледі. «Сақтансаң сақтармын», «Өрт пен су – тілсіз жау» деген сөздер текке айтылмаған. Мұз үстінде сақ болыңыз!
Сонымен қатар, рұқсат етілмеген жерлерден аулауға, балықтарды жарақаттайтын тыйым салынған құралдарды (багор, донка және т.б.) қолдануға тыйым салынады. Қазір балықты жасырын аулап табыс көзіне айналдырғысы келетіндер бар. Осындайлармен күресіп келеміз. «Көп асқанға бір тосқан», дегендей талайы қолға түсіпте жатыр. Балық – байлығымыз, халықтың қазынасы. Оны заңсыз, ірі көлемде аулап, талан-таражға салуға жол берілмейді. Бранконерлік жасағандарға заңдылықтар аясында тиісті шаралар қолданылады. Балық аулау үнемі бақылауда ұсталады.
Т.Хамзин, Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы