Балық аулау құралдары тәжірибе жүзінде сыналды

(0 Votes)

Қазан айының басында Атырауда Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың қатысуымен өткен жиында Каспий теңізінде құрма торларды қолдануға тыйым салуға байланысты өзекті мәселе талқыланған болатын.

Өйткені, бұрын торға тыйым салу жойылып бара жатқан бекіре тұқымдас балықтарды сақтау мақсатын көздесе, енді қара балықтардың да популяциясы азайып бара жатқанын ғылыми ұйымдардың өкілдері мәлімдеп отыр. «Қазэкожоба» ЖШС бас ғылыми қызметкері Асқар Камеловтың айтуынша, Каспий теңізінде көксерке аулау 4 есе, ал қаракөз бен сазан 2 есеге азайған. Бұл жиында табиғи ресурстарды пайдаланушылар арасында жаңа өзгеріске қарсылық білдіргендер болған. Өйткені, олар науқанға тор құралдарын сатып алып, біршама шығын шығарып, дайындалып жатқанда тыйым салу – бөлінген лимиттің орындалмауына әкелуі мүмкіндігін айтады. Балықшылар оның үстіне теңіздің тартылуы да мәселені одан сайын ушықтырып тұрғанын, таяз судан балық аулау қиындап кеткенін, уақыт өте тіпті судағы тіршіліктің жойылуына әкелетінін алға тартуда. Осы жиынның негізінде комиссия құрамы бекітіліп, тәжірибе жүзінде сынау мақсатында Солтүстік Каспий теңізі Новинск учаскесінің бірнеше жерінен үш түрлі құрма ау құралдары салынды. Комиссия құрамындағы облыстық мәслихат депутаттары, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы, Балық шаруашылығы қауымдастығы, «Қазэкожоба» ЖШС-нің, «Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» Атырау облысы филиалының қызметкерлері ауданымызға келіп, жергілікті балық қорғау инспекциясының мамандары, мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдерімен бірге теңізге шығып, балық қорғау инспекторлары, жергілікті кооператив балықшыларының көмегімен екі күн бұрын салынған эксперименталды тор құралдарын барып қарады.  

baly2

baly-4 

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы, комиссия төрағасы Нұрлыбек Ғайсин:

- Мұнда келудегі мақсатымыз – құрма тордан балық қандай зардап шегетініне, балық аулауға қай құрал тиімді, пайдалы екеніне көз жеткізу. Әртүрлі ұзындықта үш құрма тор құрылды. Сонымен қатар, қаба (вентерь), «морской закол» сынды су маржандарын аулайтын құралдар экспериментке пайдаланылып отыр. Қайсысының зияндылығы басым екеніне қазір өздеріңіз куә боласыздар. Егер торға бекіре балығы түссе, оны тірі, не өлі күйінде суға қайтіп жібереміз. Оны алуға құқымыз жоқ. Ал, қара балықтарды кооперативтердің өздеріне тапсырамыз,  - деді.

baly3

Расымен де, құрма торларға түскен балықтардың аман қалуына мүмкіндігі жоқ екен. Олардың көпшілігінің денесіне зақым келіп, судан өлі күйінде шығуда. Рейд барысында осыған анық көз жеткіздік. Эксперименталды балық аулау құралдарынан 11 бекіре тұқымдас балық алынса, оның 6-ауы ғана тірі күйінде суға жіберілді. Құрма торға түскен қалғанына зиян келген. Ал, қабадан «вентерден», «морской заколдан» шыққан су маржандары жаңа ауланғандай бәрі тыпырлап, сыртқы қабықтары да жылтырап, яғни тауарлық түрін сақтап, сапасын да жоймады.  

baly

«Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» Атырау облысы филиалының аға ғылыми қызметкері Тасмағанбет Өтеулиев:

- Комиссия құрамымен ашық теңізде балық аулау құралдарының тиімділігі мен зияндылығын анықтау мақсатында келіп жатырмыз. Егер біз құрма тордан бас тартпасақ, болашақта қызыл балықты ғана емес, басқа да балықтардан айырылып қалуымыз әбден мүмкін. Бұған сапар барысынан да көріп отырмыз. Сондықтан, Каспий теңізінің учаскелерінде құрма тормен балық аулауды шектеуіміз қажет. Жаңа вентерьдің артықшылығын көріп отырмыз. Оның басты айырмашылығы ерекше қорғалатын балық түрлеріне зиянын тигізбейді. Егер оған бекіре тұқымдар су маржандары түссе оны тірілей босатып жіберуге мүмкіндік бар.Қазіргі таңда балықты аулаудан гөрі оны өсіріп, көбейтуге көп көңіл бөлінеді. Жыл сайын 7 миллион бекіре шабағы өзінің табиғи ортасына жіберіледі. Солардың көбі бүгін өзіміз куә болғандай торға шырмалып өледі. Осыдан кейін аймақта балық шаруашылығын қалай дамытамыз? Алдағы уақытта комиссия құрамының ортақ келісімімен аталмыш мәселенің тиімді, пайдалы тұсы қабылданып, шешім шығарылатынына сенімім мол, - деді. 

baly5

«Балық шаруашылығы қауымдастығы - ВD» төрағасының орынбасары Қалыбай Өтеповтің мәлімдеуінше, балықшыларға қысым көрсетіле берсе, лимиттің игерілмейтіні анық. Мемлекетке салығын төлеп отырған табиғат пайдаланушылардың жұмыс жасауына неге кедергі келтіре береміз. Мұнымен біз браконьерлердің қатарын көбейтіп алуымыз әбден мүмкін. Бүгінгі көрген көрініске де көңілім толмай отыр. Өлген бекіре тұқымдас балықтар неліктен қайтып суға жіберілді? – деп наразылығын танытты.   

baly8

Бүгінде ең өткір мәселе – арналар мен өзендердің құрғауы, теңіздің тартылуы. Бірінші кезекте судың балама көздерін тауып, оның проблемасы шешілмесе, балық аулайтын құралдардың да қажет болмайтыны анық.

 

А.Шакупова    

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT