Бала жүзінен күлкі кетпесін!

(0 Votes)

«Өмірдің бір қызығы – бала деген». «Балалы үй – базар». «Бала – болашағымыз».

Бұл әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Себебі адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. Өмірге ұрпақ әкелген кез келген отбасының көкейінде осы тіркестер жатталып қалған. Иә, шын мәнінде адам баласының өмірдегі мақсат-мұраты не? Баланы соңында ізін жалғар тұяғы деп біле ме, әлде сол перзентінің білімді, саналы, тәрбиелі болуы үшін күресе ме? Келер күннің келбеті - бүгінгі балалар. Олай болса, келешегімізді қаншалықты қамдап жатырмыз, балаларымызды қалай тәрбиелеудеміз? Бүлдіршіндеріміздің денсаулығы мен құқықтарын өз дәржесінде қорғай алып отырмыз ба? Осы және өзге де сансыз сауалдар баршамызды толғантатыны анық. Барша адамзат үшін ең маңызды мереке – 1 маусым – балаларды қорғаудың халықаралық күні. Бұл – жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімді мейрам. Өйткені аталмыш күн сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың былдыры арқылы ерекшеленеді.

1 маусым – балаларды қорғаудың дүниежүзілік күні. Бұл күн 1949 жылы қараша айында Париж қаласында өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының шешімімен бекітіліп, ресми түрде 1950 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Қандай жағдай болсын, әуелі бала жапа шегеді. Тарихта орын алған зұлмат жылдарда да тастанды балалар көбейіп, қорғансыздың қатары артты. Содан болса керек, балаларды қорғау күні әлемдік деңгейге көтеріліп, халықаралық дәрежеде қолға алынды. Алайда, қай мемлекет қалай қорғап жүр? БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1989 жылы Бала құқықтары жөнінде конвенция қабылдады. Ондағы басты мәселелер: балаларды яғни (2-18 жас) соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау, демократия негізінде тәрбие, білім беруді жүзеге асыру идеялары. Әлемде балаларды қорғайтын және олардың мәселесімен айналысатын БҰҰ-ның арнайы бағдарламасымен жұмыс жасайтын ЮНИСЕФ дейтін ұйым бар. Оның бергі жағында 1996 жылы біздің елімізде «Балалар құқығы туралы» Заң да бар. Бала құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес сектор қоян-қолтық қызмет етеді. Бұл әсіресе балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, әлеуметтік әлсіз отбасылардағы балаларға материалдық көмек, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету сияқты іс-шараларда айқын көрінуде.Тəуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде қазақ елінде өмірге келген ұл мен қыздың тыныс-тіршілігі алаңсыз өтіп келеді. Бұл Отанымыздағы береке-бірліктің, татулықтың жемісі деп білеміз. Бұған қоса, осы маусым айының ортасына дейін бала құқығын қорғау, оның еңбегін қанамау науқаны да биік дəрежеде жалғасын табады. Бір сөзбен айтқанда, бала бақытымыз деген еліміз ұрпақтың мұңсыз болып өсуіне барлық мүмкіндікті жасауда.

Бірақ айдың-күннің аманында баладан көз жазып қалу, пиғылы жаман адамдардың құрбанына айналу оқиғасы әлемде де, елімізде де көбейіп кетті Педофильдер де қоғамда тайраңдап жүр. Дүрбелеңге толы дүниеде болып жатқан көптеген келеңсіз оқиғалардың бел ортасында жазықсыз, бейкүнә сәбилер жапа шегуде. Қаншама бала босқын санын көбейтіп, бөгде елдің босағасын сығалап жүр. Ал, шынтуайтына келгенде, олардың барлығы да бақытты болу үшін жаралған.

Өміріміздің жалғасы, мемлекетіміздің келешегі – балаларымызға не қажет дегенде ең әуелі ойға келетіні денсаулық. Адами капиталдың алғашқы баспалдағы – ана мен бала денсаулығы. Ұрпағымыз азбасын десек, болашақ ата-ананың денсаулығын дұрыстауымыз керек. Сәбилерге құнарлы, таза, сапалы ас беріп, бала жастан спортпен айналысуына, жүзу, жүгіру секілді дене қимылдарын көбірек жасауға көңіл бөлген абзал. Елімізде Ана мен бала орталықтары, балаларға арналған көптеген заманауи емдеу мекемелері салынып, ел келешегіне қызмет етуде. Бұрын шетелдерде жасалатын күрделі оталарды Қазақстанда жасаудың мүмкіндігі туды. Сондай-ақ кем, жарымжан туған сəбилерге арналған оңалту орталықтары да артып келеді. Инклюзивті білім беру, кедергісіз орта қалыптастыру да оң жолға қойылуда. Сондықтан, балаларды қорғауды бүкіл әлем болып бір-ақ күнде атап өтпей, әрбір күніміз соларды сақтауға, қорғауға арналуы тиіс.

Бала – басты байлығымыз,болашағымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі. Ал отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Бүгінде жас ұрпақ тәрбиесінде еңбекке баулудың маңызы жоғары. Қазақ ерте кезден-ақ жас баланы еңбексүйгіштікке, жалқаулықтан ада болуға үйреткен. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің өзі «Тәрбиенің негізі – еңбекте» дейді. Тіпті, білім алудың өзі еңбек арқылы келеді. «Тайдың – мінілгені, баланың – жұмсалғаны білінбейді» десек те, егемен елдің ертеңі болар бүгінгі өрендерге жан-жақты тәрбие беріп, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз етіп, толыққанды білім алуына жағдай жасау Қазақ елінің басты міндеті. Бұл ретте ашық қоғам, әділетті мемлекеттің атқарар рөлі зор. Сондықтан мемлекет балалардың мұқтаждығын өтеу үшін бюджеттен арнайы қаржы бөліп, олардың тиісті білім алуына, денсаулықтарын қадағалауға, жаман әдеттерге ұрынбауына, осы секілді тағы да басқа көптеген мәселелерді қамтуды мойнына алып отыр.

"Отбасының өнегесі - Отан өнегесі" деп жазған еді Бауыржан Момышұлы. Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі» дейді. Иә, атам қазақ сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен елітіп, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырған. Ел қорғаған батырды, сал-сері мен ақынды өнеге еткен. Міне, осындай мейірім мен даналықты бойына сіңірген қазақтың қай ұрпағы болмасын ұлттық намысты жоғары қоятын, көргенді, көпшіл болып өскен. Бұл мәселе, яғни ұрпақ тәрбиесі қай кезде де күн тәртібінен түспеуі тиіс.

Өйткені, болашағымыздың тірегін тәрбиелеуде бүгін кішкентай болғанмен, ертеңгі мықты азаматтарымыздың заманға сай білімді де білікті болып қалыптасуы жолында олардың дәл қазір құқығын қорғау, қолдау басты міндет болып табылады.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521