Байзақовадан қандай үлгі аламыз, не үшін жастар ондай болуы керек?

(0 Votes)

Қазір қазақ жастары арасында өзгелерге үлгі болар, ұлтымыздың даңқын аспандатып, Қазақстанға қызығушылықты арттырып жүрген Димаш Құдайбергенов те, аузына келгенін көкіп, 50 мың теңге беріп қыздар арасында жалаңаштануды ұйымдастырған Айжан Байзақова да жоқ емес.

Екеуіне де еліктеушілер табылады. Бір сайтта қолына сыра ұстап, шылым шегіп, жартылай жалаңаш тұрған Байзақованың суретін салыпты. Астына біреу: «Мұнысы батылдық! Айжанға тыйым салу дұрыс емес. Жастардың қалай жүріп-тұрамын десе де өз еркі», деп жазыпты. Оған басқалары қарсы шығып, біраз пікірталас туындаған екен. Соның біреуінде: «Жас шағыңды Байзақова құсап босқа өткізбей, білім ал! Әйтпесе Абай атамыз айтқандай қолыңды мезгілінен кеш сермейсің. Білімнің бәрі кітапта!», деген пікірге бір жас қыз: «Кітап, газет оқу деген қазір қалды. Ол қарттардың ермегі. Бүгін өзіңе керектіні интернеттен табасың. Айжанға тиіспеңдер, өздерің сондай бола алмайсыңдар», деп жазыпты. Біз кейде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айырмай-ақ қабылдай салатын секілдіміз. Әйтпесе, Байзақовадан қандай үлгі аламыз? Не үшін басқа жастар ондай болуы керек? Оның жасап жүргені «Атың шықпаса жер өрте» дегеннің кебі. Әлеуметтік желіде танымал болу үшін жалаңаштану міндетті емес.

Бүгінде «тамағы тоқ, көйлегі көк», дегендей заманда өмір сүріп отырмыз. Еңбек еткен адамға алдына қойған мақсаттарына жетуге мүмкіндік мол. Жастарға да жол ашық. Ұлтын, үлкенін қадірлейтіндер олардың арасында молынан кездеседі. Кімнің де алған тәрбиесі қандай ортадан шыққанын байқатып тұрады. Десек те ұрпақ тәрбиесіне ел келешегі, ертеңгі тарихымыз деп қарамайтындар да кездеседі. Біз кейде: «Ата-анасы керемет адамдар мынау қайдан шыққан?» немесе «Алма теректен алысқа түспейді. Әке-шешесі анау, бұл қайдан оңсын?», деген сөздерді естіп жатамыз. Отбасында балаға дұрыс тәрбие бермейді емес. Кейбір үйлерде онымен атасы, әжесі, әкесі, анасы айналысады, бірақ ұрпағы жақсы адам болып өспейді. Керісінше, ата-аналары тынымсыз еңбек ететін, балаларына аз уақыт бөлетін отбасынан тамаша адамдар тәрбиеленіп шығып жатады. Жастар психологиясымен айналысатын сарапшылар мұның басты себебі ретінде бала сіздің сөзіңізге емес, ісіңізге қарайтындығын алға тартады. «Кішкентай балалар үй болып ойнап, сіздердің айтқандарыңызды емес, әрекеттеріңізді қайталап отырғанын көрген шығарсыздар. Сондықтан алдымен өзіңізді түзеңіз», дейді олар.

«Интернет – кері тәрбие береді», деген бір жақты пікірге өз басым қарсымын. Бәрі оны дұрыс пайдалана білуге тіреледі. Бұл жастардың өзін-өзі танытуына мол мүмкіндік. Мұндағы әрбір парақша шағын газет сияқты. Неғұрлым жазбаны көбірек салсаңыз, соғұрлым сіздің оқырмандарыңыз көбейеді. Жазғаныңыз шетелге дейін тарайды. Бүгінде халық барлық ақпаратты қолындағы ұялы телефоннан қарайды. Әрі бұл оған арзанға түседі. Жаңа айтқанымыздай Димашты да, Байзақованы да әйгілі қылған осы интернет. Өз басым қазақтың біртуар қарапайым ұлының Қытайда жеңіске жеткенін алғаш рет сайттардан оқыдым. Бұдан шығатын қорытынды әлеуметтік желінің өзі-ақ сізді әлемге әйгілі қылады. Жастарымыз жап-жақсы өлеңдерін салып жатады. Оған осында отырған танымал ақындар баға береді. Жалпы сізге не керек бәрін осыдан табасыз. Бала, жастар тәрбиесіне қатысты да материалдар жеткілікті. Бұған қоса кейбір ата-аналар балаларының түрлі сайыстарда алған жетістіктерін осында жариялайды. Астына жазылған жақсы тілектер баланы одан сайын қанаттандыра түседі.

Қ.Ғұмаров

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21