Бағаны шектен тыс көтеруге болмайды

(0 Votes)

«Amanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы  партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Есболат  Құбашев, мүшелері  Балағазы Иманғалиев, Қанат  Ғұмаров және аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саламат Қабдолов аудан орталығындағы дүкендерді  аралап,  азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіп, оны негізсіз өсірмеу, мерзімі өткен тауарларды халыққа ұсынбау, дүкен сөрелерінде тауар бағасы көрсетілуі, басқа да мәселелер жөнінде кәсіпкерлерге түсінік жұмыстарын жүргізді. 

Құрылысшылар ауылындағы жеке кәсіпкер Назерке Сейтжанованың  көтерме сауда дүкенінде көкөніс бағасы арзан екен. Кәсіпкер бағаны түсіруге жұмыстанып отырғанын жеткізді. Комиссия төрағасы Есболат Құбашев оған рейд мақсатын түсіндіріп, қатысушыларды таныстырып, әрбір тауардың қасына бағасын жазып қоюды тапсырды. Келесі кезекте Кіші Ганюшкин мөлтек ауданындағы  ветеринариялық дүкенінде (жеке кәсіпкер Жайлауова) болдық. Дүкен сатушысы «Қазір бізді эпизотологиялық жағдайды пайдаланып мал дәрілерінің бағасын көтеріп жіберді дегенді естіп отырмыз. Бағаны айдаладан алмаймыз ғой. 2026 жылдан бастап ветеринариялық дәрілерге де қосымша құн салығы қосылды. Соған орай бағасы көтерілгенде ол аудандағы эпизотологиялық жағдаймен тұспа-тұс  келді. Сол себепті халық түсінбей жатыр», деді комиссия мүшелерімен әңгімесінде. Үлкен Ганюшкиндегі  «Халал ет маркеті» дүкенінде жылқы еті 3200, 3600 теңгемен тұр. Бұдан кейін комиссия мүшелері Бұзауслан ауылындағы  «SINOOIL» жанар-жағармай бекетіне ат басын тіреді. Бекет қызметкерлерінің айтуынша жанармай бағасы бірқалыпты. Қараша айынан бері өзгермеген. Тек «АИ-95» маркалы жанармайға ғана аздап қосылған.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саламат Қабдолов  бұған дейін де азық-түлік бағасына мониторинг жүргізгенін, бидай ұнының 1 келісі  270-280, нан 135-150, рожки 400-445, қарақұмық 300-350, күріш 450-480, картоп 230-250, сәбіз 180-230, пияз 160-200, қырыққабат 200-250, қызанақ («черри» сорты) 750-850, қияр («корнишоннан» басқасы)  950-970, алма  680-850, құмшекер – 400-430, күнбағыс майы  800-830, ет 3300-3500, тартылған ет  3300-3500, жылқы еті  3300-3600, балық  800-1500, құс еті 1600-1750, пастерленген сүт 540-580, айран 550-600, қаймақ  930-1100, майлылығы 5-9% сүзбе 1300-1400, ірімшік  2800-3000, сары май 5700-5800, жұмыртқа 56-60, шәй 1100-3500, ас тұзы  90-110 теңгемен тұрғанын жеткізді. Әрине, бұл орташа баға және түрлі сауда нысандарында  бұдан көтеріңкі немесе төмен де болуы мүмкін. Бұл жерде біз бәрінде дәл осылай деп айтудан аулақпыз.

– Бұрын 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шектік бағасы болды. Содан асырмайтын. Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің саны 31-ге жетті, бірақ, шектік баға алынып тасталды. Енді тауарды қай жерден алса да ілеспе құжаттарында (накладной, чек)  көрсетілген бағаға  15%-дан артық қоспауы қажет. Әрбір сатылатын тауардың бағасы қасында жазулы тұруы тиіс. Бұған дейін облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мұндай жағдайда ескерту беретін, қазір сөреде  бағасы көрсетілмесе  бірден айыппұл салады. Бағаны шектен тыс көтерді деп  департаментке тұрғындардан арыз түссе келіп тексереді, 15 пайыздан артық қосқаны анықталса да айыппұлға ілінеді. Жалпы бүгінде аудан кәсіпкерлері арасында бәскелестік орта қалыптасқан. Бұл да өз кезегінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуде, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саламат Қабдолов. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT