Баға білдіртпей өсіп барады

(1 Vote)

Нарықтағы ахуалды, базардағы бағаны білу мақсатында осы мәселемен айналысатын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саламат Қабдолов хабарласқанымызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын өсірмеу жөнінде 2020 жылдың 16 наурыз №123-ө өкімімен аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылып жұмыс жасап келе жатқанын айтты.

Штаб белгіленген мерзімде рейдке шығып, дүкендер мен базарлардағы азық-түлік тауарларының бағалары бақылауда ұстап, қажетті қордың сақталуын қадағалайды. Сонымен қатар, негізгі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрлеріне мониторинг жүргізіп, нәтижесін облыстық басқармаларға жолдап отырады.

Лауазымды маманның айтуынша, сапалы азық-түлік қорын жасақтау бағытында мал басы мен егістік жер көлеміне сәйкес өндірілетін өнімдер көлемі шығарылып, сұранысты қамтамасыз ету мөлшері анықталатын көрінеді. Қажеттілікке жетіспейтін өнім түрлері облыс орталығынан, көршілес Ресей мемлекетінен жеткізіледі. Бірінші қажеттіліктегі азық-түлік түрлерінің тұрақтандырылған қорын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар назарда ұсталып, күні бүгін ұннан - 58 тонна, қанттан - 16 тонна, күріштен - 45 тонна, еттен – 34 тонна, макарон өнімдерінен – 57 тонна апталық, айлық қор жинақталғанын қаперге берді.

Азық-түлік тауарларының, әсіресе еттің, ұннан жасалатын тағамдардың, жеміс-көкөніс өнімдерінің бағалары күрт өсіп кетуіне мейлінше жол бермеу мақсатында кәсіпкерлермен штаб отырысы өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, аудан орталығындағы дүкен сөрелерінде азық-түліктің бағасы орташа деңгейде сақталған, әзірге тұрақты.

Соңғы рейдтің қорытындысы тұтынушылар көп баратын «Серпер» базарындағы, Құрылысшылар ықшам ауданындағы «Қиғаш», орталықтағы «Мерей», Самаркиндегі «Ахат», «1001» дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары шамалас деңгейде екенін көрсетті. Мысалы, 5 келілік макарон өнімдерінің, тазартылған күріштің бағасы - 1200-1250 теңге, қант - 1350-1400 теңге, өсімдік майы - 2150-2400 теңге арасында болса, 1 келі салмақтағы картоп пен сәбіз - 130-150, пияз - 100-120, қырыққабат 120-150, қораптағы сүт - 230-250, тұз - 50-60, жұмыртқаның 10 данасы 280-290 теңгеден саудалануда. Әрине, көтерме сауда орындарындағы бағалар бұған қарағанда сәл төменірек, бірақ, уақытыңызды да кезекке тұрып көбірек жұмсайтын боласыз.

Орталық базар айналасындағы ет павильонындарындағы сиыр етінің 1 келісі - 1750-1900, қой еті - 1750, жылқы еті - 1800-1900, ал, түйе еті - 1450-1650 теңге аралығында. 50 келілік бидай ұны сұрыпына қарай - 9000-9500 теңге, 25 келілігі 4500-4800 теңге төңірегінде. А.Хабибуллиннің нан тағамы комбинатында, «Мерей» наубайханасында, «Бақтылы-нан» жеке кәсіпкерлігінде одан дайындалатын бір бөлке нанның бағасы - 110 теңге, қара нан, батон түрлері – 130 теңгеден.

Баға тұрақты дей тұрса да халықтың қалтасына соғатындай болмағанымен кейбір тауарлардың біртіндеп өсіп тұрғаны байқалады. Алысқа бармай-ақ, оны бұрындары дүкенші 5 теңгеге қайтарма ақша(сдача) ретінде қолыңа ұстата салатын сіріңкенің құнынан көресің. Бір қорабы қазір 10 теңгелік болып бәсі бірден өсіп шыға келді. 10 данадан тұратын бір жиынтығын 60-70 теңгеден тапсаңыз қуанып кетесіз, әйтпесе 100 теңгеңізді шығындайсыз. Тіпті өткен әзірде қат дүниенің бірі болып шыға келіп, дүкендерден табудың өзі қиынға соқты. Саудамен айналысатындардың айтуынша, бұл жағдай Ресейдегі сіріңкі өндіретін зауыттағы өрттің бе, басқа бір себептің бе салдарынан орын алған көрінеді. Біреуге қараған күнің осы ғой, дүкеніңде болғанына қуанып жүре бересің, елімізде ондай өндіріс болмаса қайтер едің?! Міне, аудан орталығының сауда орындарындағы жағдай осындай. Базардағы баға сіз бен бізге білдіртпей-ақ өсіп барады.

А.НӘЖІМОВ

Сурет ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521