Бәсі биік мамандықты таңда, жас түлек!

(0 Votes)

Әрбір ата-ана балаларына жақсы білім алуға мүмкіндік жасап, кейін сол білімді баласының жақсы қызметке орналасуын, өз ісінің маманы болғанын армандайды.

Жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ешқандай жұмыс беруші құшақ жая қарсы алмайтындығы да ақиқат. Ең сорақысы, жұмыс істеуге ниет білдірген, университетті енді ғана аяқтаған жас мамандардан жұмыс берушілер тәжірибе, яғни стаж талап етеді. Сонда дипломын бүгін ғана қолына алған маманда қандай еңбек өтілі болуы мүмкін?! Жас маманды үйрету, оны оқыту біршама уақытты қажет ететіндіктен, кез келген жұмыс беруші бос орынға дайын маманды алғанды жөн көреді. Ал теория мен практиканы ұштастырған, шәкірттеріне еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білім беретін оқу орындары сау¬сақпен санарлықтай. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік жоғары және арнаулы орта оқу орындарының басым көпшілігі диплом үлестіргеннен әрі аса алмауда. Материалдық-техникалық базаның жұтаңдығынан, оқытушылық құрамның әлсіздігінен білім сапасы сын көтермейді. Қызметінің негізгі мәні коммерция болғандықтан, үлгерімі төмен студенттерді оқудан да шығара алмайды. Оны студенттер жақсы біліп алған. Үштік бағасын қойып, курстан курсқа көшіріп, соңында қабілетсіз маман даярлап шығарады. Бүгінде дипломы бола тұра, тұрақты жұмыс таппай жүрген жастардың саны қоғамда артып келеді екен. Осыдан кейін жастардың жігері жасымайтынына кім кепіл?

Дипломды жұмыссыздардың дені әлеуметтік жағынан жеткілікті қорғалмаған, күнкөріске жарарлық, бірақ келешегі жоқ күзетші, даяшы, сатушы, құрылысшы, жүк тиеуші секілді жұмыстарды істейді, базарды жағалайды, көлігі барлар таксист болады. Ондай азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санатына жатқызылады.

Дамыған мемлекеттерде мектеп бітіріп, бірден оқуға түсу керек деген түсінік қалыптаспаған. Яғни мектептен кейін жоғары оқу орындарына жаппай құжат тапсыру деген үрдіс жоқтың қасы. Олар колледжден бастау алып, мамандықтарын игеріп, біраз жыл жұмыс істеп барып, алға қарай оқуға дайын болған кезде ғана ЖОО-ға құжаттарын тапсырады. Сол колледждің дипломымен бір саланың белсенді маманы болып жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Олар ЖОО-ның -дипломын алуға асықпайды. Мысалы Швецияда құрылысшы, сантехник, кафель жапсырушы, өрт сөндіруші мамандықтары құрметті қызметтер қатарына жатады. Колледждерді осы сала бойынша меңгеру үшін жастарға мемлекет арнайы гранттар бөліп қойған. Жалақылары да өте жақсы.

Ал бізде, керісінше, мектепті бітіре сала ЖОО-ға түсуді басты мақсат қылады. Ал ата-ана «балам бастық, заңгер болсын» деген үмітпен сұранысқа ие мамандықтардан гөрі бүгінгі күннің сәніне айналған мамандықтарды таңдауға тырысады. Нәтижесінде, дипломы бар болғанымен, жұмыс жасауға қабілеті жетпейді. Қоғамға керегі – білікті де білімді маман. Өкінішке орай, қоғамның сұранысына ие көлік жөндеуші, дәнекерлеуші, дәрігер, тракторшы, ауыл шаруа-шылығы, техникалық салалар сынды қажетті мамандықтарды игеру назардан тыс қалып жатады.

Соңғы кезде сөздік қорымызда – цифрландыру, жаңа технология, ІТ сала сияқты жаңа терминдер көбейді. Әрине, олар бекерден-бекер көбейіп жатқан жоқ. Аталған терминдерге қатысты салаларды игеруге, оның бүге-шүгесінигеруге заманның өзі мәжбүрлейді. Білсең – көшке ілестің, білмесең – білгеннің етегіне оратылып күн кешесің.Еңбек нарығы үздіксіз өзгеру үстінде, осында оншақты жыл бұрын қажеттілікке ие болған мамандықтар бүгінгі күні қажетсіз болуда немесе айлық аз төленетін мамандыққа айналуда. Яғни, болашақта роботтандыру белең алып, соның нәтижесінде көптеген мамандықтар жойылуы да мүмкін. Сондықтан бүгінгі күні мектепте оқып жүрген балаңыздың келешек жақсы табыс табуы үшін қандай мамандыққа оқығаны дұрыс деген сауалға қазірден бастап жауап іздестіре берген жөн секілді.

Пандемияның кесірінен де көп салалар дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Адамдарға бәрін өзгерту керек болады: өзіңді, өмірге деген жоспарыңды, карьераңды, бизнесті.

Визажистер, шаштараздар, маникюр жасайтын мамандардың жұмыстары енді бастап жүруде. Бірақ індеттен кейін адамдар көшеде еркін жүре алатын болғанда, шаштарын алдырып, сәнденетіні анық, сондықтан олар өзінің қарқынды кезегін күтіп тұр деуге болады.

Сарапшылардың болжауынша, бизнестің кей түрі онлайн форматына кетуі мүмкін. Бизнестің мұндай түріне қызмет пен сауданың нәтижелілігін қамтамасыз ететін жоғары дәрежелі мамандар керек. Цифрлық өнімдерді жасайтын кәсіптерге маркетологтар, SMM мамандар, бағдарламаны жасақтаушылар қажет болады. Сатушы мен клиент онлайн байланысқа көшеді. Немесе телефонмен байланысады, сондықтан call-орталықтың қызметкерлері де әзірше бос қалмайды.

Аса жоғары сұранысқа ие болатын мамандық – бизнесті цифрлық трансформациялау өкілдері. Олар бизнестің осал және басым тұстарын анықтап, цифрлық нысанда қалай сәтті жұмыс істеудің жолын көрсетеді. Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, індеттен кейін әлемде ауыл шаруашылығымен және қайта өңдеумен айналысатындардың саны күрт көбейеді деген болжам бар. Өйткені әр мемлекет мұндай зобалаңды басынан өткергеннен кейін өзінің азық-түлік қауіпсіздігі туралы қатты ойлана бастайды. Сондықтан диқандарға, малшыларға сұраныс артуы әбден мүмкін.Ауылшаруашылық саласында дақылдардың тез пісетін әрі мол өнім беретін түрлерін ойлап табуды селекционерлер міндетіне алады. Уақыт өткен сайын селекционерлер қатары көбейе түседі.

Сонымен қатар, алдағы жарты ғасырлықта ІТ-технологиясы саласының мамандары сұранысқа ие болатын көрінеді. Шындығында, қазіргі таңда білім саласынан бастап, саудаға дейін онлайн режимге көшіп жатыр. Бұл сала мамандары қазірдің өзінде сұранысқа ие және олардың табысы да жоғары.

Өйткені, желілермен жұмыс істейтін мекемелердің жұмысын жүргізіп тұруға осы саланың мамандары қажет-ақ. Бағдарламаны дайындаушылар ағылшын тілін және бағдарлама тілін меңгеруі тиіс. Веб-дизайнерлерге де сұраныс көбейе береді. Өндірісте импорттық тауарларды алмастыратын жергілікті тауарларды өндіру басымдыққа ие болатын мерзім жақындай түсуде. Соған орай инженерлер мен технологтарға сұраныс ұлғая бермек.

Медицина саласында фармацевтер мен провизорлар да болашақ мамандықтардың қатарына жатқызылуда. Міне, заман күн сайын алмасып жатқан уақытта бүгінгі жеткіншектердің болашағы, өлмейтін мамандық таңдауы туралы ойлау артықтық етпейді.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521