Б.Мамраев:"Педагогтардың нормативтік оқу жүктемесі 16 сағатқа төмендетіледі"

(0 Votes)

Мінберге көтерілген Мәжіліс депутаты Б.Мамраев төмендегі күшіне енген заңдарға түсініктерін берді.

- Қабылданып, қаралып жатқан заңдардың ауқымы өте кең. Мәселен, спорт саласындағы допингке қарсы іс-әрекеттерге тоқтала кетсем, біз әлемге спорттық держава ретінде танылып үлгерген елміз. Ауыр атлетика, бокс, күрес, жеңіл атлетика болсын бірнеше чемпиондарды дайындап шығардық. Дейтұрғанмен, өкінішке орай, көптеген спортшыларымыз халықаралық VADA ұйымының құрығына ілігіп медальдары мен атақтарынан айырылып жатыр. Олар әдейі допинг қабылдап, мұндай әрекетке барып жатқан жоқ. Ағзаға басқа да жолмен енетіні, қарапайым суық тигенге қарсы дәрі-дәрмек арқылы да тыйым салынған препараттар қанға өтіп кететіні анықталды. Тіпті бірнеше жылдан соң да анықталатын жағдайдың орын алатынын естіп-біліп жүрген шығарсыздар. Спорттағы жетістіктері үшін ақшалай-заттай сыйақылар алады, шуға іліккенде оларды қайтаруға мәжібүрлі болады. Қабылданған заң мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған шара.

Ал, мұғалімдер мәртебесі туралы мәселе көптен айтылып, әлеуметтік желілерде сан көтеріліп толғауы жеткен жағдай. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» сияқты екі заң жобасына қол қойды. Мұндай заңдар бірде-бір елде жоқ, көрші Ресейдің заңдарында екі-ақ қана шағын баппен шектеледі. Заң негізінде қосымша әлеуметтік кепілдіктер, жүктемені төмендету және мұғалімдерді оның кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға, заңнамада көзделмеген есеп беруді талап етуге, басқа да міндеттерді жүктеуге жол берілмейді. Келер жылдан, яғни 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету нормасы бекітілетін болады. Магистрлік дәрежесі үшін ай сайын мұғалімдерге 10 АЕК мөлшерінде үстемақы төлеу көзделеді, басқа да қосымша ақы төлеу қарастырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты мемлекеттік марапат тағайындалып, иегерлеріне 1000 АЕК көлемінде біржолғы сыйақы төленеді. Бұрындары мұғалімдер санатына орта мектептің, колледждің оқытушыларын кіргізіп келген болатынбыз, енді балабақшада, кіші орталықтарда, қосымша білм мекемелерінде еңбек ететіндер педагогтар санатына жатқызылып, еңбек демалыстары 42 күннен жалпыға бірдей 56 күнге ұзартылады. Біліктілігі үшін қосымша ақы барлық педагогтар үшін лауазымдық жалақының 30-50 пайызға дейінгі мөлшерінде белгіленеді. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпазын немесе жүлдегерін дайындаған педагогке үш лауазымдық жалақы мөлшерінде бір жолғы сыйақы төленеді, - деп заңдағы мұғалімдерге үй салуға кезексіз жер беру, балаларын балабақшаға орналастырудағы жеңілдіктер жайлы сөз етті.

А.Нәжімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521