Шабақ құтқарғандарға ризашылығын білдірді

(0 Votes)

Осыдан бір күн бұрын бесіннен кейін «Телеграмм» әлеуметтік желісіне Бірлік-Амангелді тас жолының бойындағы Ржанау атты жер учаскесінде бөлініп қалған суда шабақтар өліп жатқаны жайлы бейнебаян жүктелді.

Бұдан хабардар етілген аудан әкімі Қайрат Нұртаев сол бойда шабақ құтқаруға жауапты бөлім, мекеме басшыларына тапсырма беріп, шұғыл түрде оқиға орын алған жерге аттандырды. Құрамында аудан әкімінің кеңесшісі Наурызбай Бисенғалиев, аудан әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қайрат Мақсотов, бас маманы Бақберген Қыдырсихов, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов пен бас маманы Нұрболат Тілепбергенов, Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Құрманғазы инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Каратекеев, Бірлік ауылдық округінің мамандары, БАҚ өкілдері бар топ Ржанау учаскесінде болып жағдаймен танысты.

1

Біз келгенде қоғажай өскен сайдағы бөлініп қалған судан шабақтарды құтқару жұмыстары жалғасып жатты. Оған «Каспий-Балық» ӨК директорының орынбасары Тілекқабыл Жакеев, тартымның звено жетекшісі Ержан Мұфтахов бастаған 15, «Амангелді» өндірістік кооперативінің Құрманғазы ауданы бойынша филиалының директоры Ағаділ Зайнеденов бастаған 18, Амангелді аулының еріктілері, жалпы саны 50-ге жуық адам жұмылдырылыпты. Құтқарушылар «Уаз», «Газ-53», «Газель» автокөліктері, автобус, бірнеше жеңіл көлік, шабақ сүзетін 3 ау, 400 литрлік бөшкелер және басқа да құралдармен қамтылған. Көлшіктен сүзіліп алған шабақтар бөшкелерге салынып өзен арнасына жеткізіледі.

Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Құрманғазы инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрболат Каратекеев: – Өздеріңіз көріп тұрғандай аудан көлемінде шабақ құтқару жұмыстары жалғасын табуда. Кеше ауыл тұрғындарының хабарлауына байланысты қамыс арасында бөлініп қалған көлдерді анықтап қарадық. Аудан әкімдігімен жедел шаралар қабылданды. Бұл жұмыстарды аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімімен, «Каспий-Балық», «Амангелді» өндірістік кооперативтерімен, жергілікті еріктілермен бірлесіп жүргізудеміз. Таңертеңнен бері аралаудамыз. Бүгінгі күнге дейін 3 миллиондай балық шабақтары құтқарылды. Негізінен басым бөлігі сазан мен мөңке балықтарының тұқымдары.

3

Бірлік ауылдық округі Амангелді ауылы жастарының «Телеграмм» әлеуметтік желісіне салған хабарын көргеннен кейін осы жерге де жеттік. Тікелей өзімізге шыққанда да болатын еді. Біз бұл жұмыспен айналысып отырғандықтан мұндай хабарды назардан тыс қалдырмаймыз. Балық ортақ байлығымыз, қазынамыз, оның қорын көбейту баршамыздың міндетіміз. Сондықтан бұл жігіттерге аудан әкімінің және өзімнің атымнан ризашылығымды білдіремін. Алға қарай да біздің тарапымыздан көмек керек болса оған әзірміз, - деді. Амангелді ауылының тұрғыны Нұрлан Бисенов: – Шабақтарды құтқаруды кеше түстен кейін бастадық. Сырт жаққа мал іздеуге шыққанда бөлініп қалған осы көлшікте шабақтар жүргенін көрдік. Сол бойда ауылға келіп жастарды ұйымдастырып, «Газель» автокөлігіне қажетті құралдарды тиеп жеттік. Балық тұқымдарының көз алдымызда құрып кетуіне жол бергіміз келмеді. Ешкімге ренішіміз жоқ. Ауылымыздың еріктілеріне осындай жұмыстарда алға қарай көмек көрсетілсе деген ұсынысымыз бар, - деді бізбен әңгімесінде. Аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Сәуменовтің айтуынша бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше күннен бері жүргізілуде.

Жоғарыда аталған кооперативтердің бекітіліп берілген өз учаскелері бар. Бұл шабақтар уылдырықтан енді шыққандар. Биыл су көп тұрып қалғандықтан балық былтырғыдай қырылмай, дер кезінде өзенге шығып үлгерген. Бөлімнің бас маманы Нұрболат Тілепбергенов Амангелді ауылының 7 еріктісі ұйымшылдық көрсетіп өз күштерімен екі күнде бөшкелермен есептегенде 800 литр шабақ құтқарғандығын атап көрсетті.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521