Бұл күн әлемде қалай тойланады?

(0 Votes)

2016 жылдан бері 1 наурыз елімізде Алғыс айту күні деп жарияланып, дәстүрлі түрде аталынып келеді.

Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі. Десе де бұл тағдыр тәлкегіне ұшырап, жерімізге қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің қиын-қыстау кезеңде бауырына басқан халқымызға тағзым көрсетер күні.

Мұндай мереке әлемнің өзге елдерінде бұрыннан тойланады. Мысалы, АҚШ халықтары қараша айының төртінші бейсенбісінде мерекелейді. Америка жерінде бұл мерекенің өмірге келуі Қазақстандағыға ұқсас келеді. Мұхит асып барып жаңа жерге қоныстанған ағылшындарға алғашқыда ауа райының қаталдығы елеулі қиындықтар туғызады. Жергілікті жердің үндістері көшіп келгендерге үй-жай салуға, егін егуге көмектесіп, көмек қолдарын ұсынады. 1621 жылы губернатор Уильям Брэдфорд үндіс тайпаларының көсемдерін жинап, қонақжайлылықтары үшін рақметін айтады. Осылайша ауыр тұрмысты басынан өткергендердің көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Мейрамды алғаш тойлағанда үндістер қоныс аударушыларға орманнан күркетауық атып әкеліп сыйға тартады. Содан бері пісірілген күркетауық алғыс айту күнінің ажырамас бөлігіне, басты тағамына айналады. Алғашында осылай басталған мереке бүкліхалықтық сипат алып, 1789 жылы АҚШ президенті Джордж Вашингтон бұл күнді ұлттық мереке деп жариялайды. Барша жанұя мүшелері дастарқанда бас қосып, өткен-кеткен оқиғаларды еске түсіріп, бір-біріне шын жүректен алғыс білдіреді. Ағайын-туысқа хабарласып, жақсылық жасауға, түрлі сый-сияпат көрсетуге асығады. Барлығы бірге шіркеуге барып, ғибадат етеді.

Американдықтардың көршілері канадалықтар 2 қазан күні, Жапония жұрты 23 қарашада, қытайлықтар қыркүйек айының соңы мен қазанның ортасында атап өтеді. Африкадағы Либерия мемлекеті Америкадан қашық орналасқанымен, Алғыс айту күнін атап өтулері өте ұқсас. Ерекшелігі, Либерияда қарашаның соңғы емес, алғашқы бейсенбі күні тойлайды. Сондай-ақ, күркетауық етінің жанында міндетті түрде кассава өнімі болады.

Германияда алғыс айту мейрамын қазан айының алғашқы жексенбісінде егін алқабында тойлайды. Келесі жылы да егін осылай түсімді болсын деп ниеттеніп, табиғаттың мол ырыздығын тарту еткен тағдырға алғыс айтады. Дастарқанға дәстүрлі тағамдарымен қатар, мейрам нышаны ретінде жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақыл қояды. Соңынан дархан күзге арналған фестивальдарын өткізеді.

Израиль халқы да Суккот мерекесі – алғыс айту күнін 3000 жылдан бері тойлап келеді. Шөл далада ауырмай-сырқамай, аман-сау өмір сүретініне тағдырға алғыс айтады. Көшеге шағын шатыр тігіліп, жеміс-жидек, көкөністермен дастарқанды әрлеп, отбасы мүшелерінің кешкі асында бір-біріне алғыстарын жаудырады.

Корея елінде Чхусок деген атаумен алғыс айту шарасы 15 тамызға қарай мерекеленеді. Мейрам үш күнге созылады, жол бойында жиын жасалады. Кәрістер ұлттық тағамын, сонпхъян атты күріш бәлішін дастарқанға қойып, халықтық ойындар ойнайды.

Алғыс айту мерекесі Қазақстанда елімізді мекендейтін диаспораның қазақтарға деген ризалығын білдіру күні ретінде ойластырылғанымен қарапайым адамдарда бір-біріне ілтипаттарын көрсетіп бүкілхалықтық сипат алып келеді. Жұмыс күні болғандықтан мерекелік леп сезілмегенімен жан-жағыңдағылармен жылышырай амандасып, алғыс білдірудің өзі неге тұрады?! Жақын-жуықтарыңызға, көптен араласпаған тамыр-танысыңызға хабарласып, жай ғана бұл өмірді қатар сүріп келе жатқаныңызға рахметіңізді айтсаңыз да жеткілікті. «Көңіл көңілден су ішеді» деген қазақтың аталы сөзін есте ұстап, алғыс айта жүрейік, ағайын!

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521