«Бұйырғынның» құс етіне сұраныс жоғары

(0 Votes)

Бүгінде өз жұмысын жақсы жолға қойып, бройлер етін өндіруді қолға алған ауданымыздағы «Бұйырғын» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі 2018 жылдың мамыр айында құрылған болатын.

Оған дейін киелі күй өңірінде аталмыш шаруашылық ақсап тұрды. Соның салдарынан құрманғазылықтар құс етін Ресейден тасымалдап отырды. Енді жергілікті отандық өнімді тұтынуға ештеңе кедергі емес. Кооперативтің негізгі мақсаты – етті бағыттағы құс өсіру, сою, шыққан өнімді сауда нарығына шығару. Аудан орталығынан бес шақырым қашықтағы «Бұйырғын» аталатын жерде жұмысы қарқынды жүріп жатқан жобаға кәсіпкер Гүлнар Өмірғалиева жетекшілік етеді. Ол құс фабрикасының жобасына бастапқыда 300 млн. теңге инвестиция салынғанын алға тартты. Сонымен қатар, кооператив басшылығы Атырау облысы ауылшаруашылық мекемесі тағайындаған субсидияға, Аграрлық несие корпорациясы Акционерлік қоғамы рәсімдеген несиеге қол жеткізді. 2019-2020 жылдар аралығында құс өсіруге арналған 2 ғимарат жұмыс жасап келеді. Олар арнайы Германиядан арнайы әкелінген құсты еденде еркін бағып-өсіруге арналған неміс қондырғыларымен жабдықталған. Арбор Айкресс етті бағыттағы құстың инкубациялық жұмыртқасы көршілес Ресей, Башқұртстан елдерінен тапсырыспен алынады, ал құстың негізгі азығы құрама жем Глазов және Оренбург қалаларынан әкелінеді. Фабрикада өндірілген өнім ауданымыздың орталығы «Құралай» сауда орнындағы «Теңіз құсы» дүкенінде, Атырау қаласындағы «Сарайшық», «Дина» сауда нүктелерінде сатылады. Тұрғындардың жергілікті өнімге деген сұранысы жоғары.

Бүгінде кооператив 500-600 грамм салмақ құрайтын балапан өсірумен айналысуда. Сондай-ақ, салмағы 1,5 килолық тауық және 3,5 кило болатын бройлер етін өндіру тұрақты жолға қойылды. Осы кезге дейін мұнда жалпы көлемі 60-65 тоннадан асатын өнім өндірілді. Алдағы уақытта құрылысы салынып біте келген 3-ші және 4-ші ғимараттар іске қосылады. Сонда жылына 500-540 тонна өнім шығару жоспарлануда. Қазір құс фабрикасында вахталық ауысыммен жергілікті жердің 33 адамы жұмыс істейді. Қызметкерлерге жайлы жағдай қарастырылған. Фабрика жанынан жұмысшыларға арналған жатақхана мен асхана, қосымша нысандар бой көтерді. Енді бұл жерге ғаламтор желісін тартып, өндірісті басқаруды автоматтандыру, бейнебақылау жүйесін орнату жоспарлануда. Жоба құрылтайшылары өз қаражаты есебінен газ және электр желілерін жүргізіпті. Әзірге суды көлікпен тасиды. Сол себептен, енді су құбырын тарту көзделіп отыр.

Қазақстанға әлі күнге дейін шетелдерден құс өнімі тасымалданып келеді. Ұланғайыр даласы бар, ауылшаруашылығының барлық түрлерімен айналысуға жағдайы жететін елімізде осы олқылықтардың орнын толтыруға кәсіпкерлеріміздің атсалысып жатқаны қуантады. Іргесі қаланып, бүгінде жұмысын жандандырған кооператив тек құс етін өндірумен шектеліп қалмақ емес. Адал кәсіптерінің жемісін көріп, жұмыстарының көкжиегін алдағы уақыттарда кеңейте бермек. Келешекке артылған меже салмақты.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521