Б.Ізмұхамбетов:"Ауданда егіншілік кәсібі жолға қойылса, нұр үстіне нұр болар еді"

(0 Votes)

Еліміз бойынша 2020 жылдың алғашқы парағымен күшіне енген бірқатар заң нормаларын түсіндіру мақсатында ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламентінің «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшелері, Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев, Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Бейбіт Мамыраев келді.

Халық қалаулылары алдымен құрылысы жүріп жатқан «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автожолының, Қиғаш өзенінің түбін тереңдету жұмыстарының техникалық құжаттарымен танысып, мердігер мекеме өкілдерінің атқарған істері жайлы хабарламасын тыңдады. Бұдан соң С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.

Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты Б.Ізмұхамбетов жиналғандармен жылышырай амандасып, өз сөзін жаңа жылмен құттықтаудан бастады. Өткен 2019 жылдың барша қазақстандықтар үшін сәтті жыл болғанын айтып, көптеген тарихи оқиғалардың орын алғанына тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар маңызды заңдарға қол қойғанын қаперге берді.

– Мал ұрлығын жасағандарға жаза күшейтілді, ол ауыр қылмыс санатына жатқызылатын болды. Сұғанақтық жасап, біреудің ақ адал малын қолды еткендер 7 миллион теңге көлемінде айыппұлдан бастап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Алдын ала сөз байласып адамдар тобымен жасалса 7 жылға дейін, ал қылмыстық топ құрса 12 жылға дейін түрмеге отырғызылады. Атырау өңіріндегі ең өзекті мәселелердің бірі – браконьерлікке де заң шарасы күшейтілді. 2020 жылдан бастап елімізде заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұзу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына енгізілді. Миллиондап айыппұл төлеу мен бас бостандығынан айыру сияқты жаза түрлері қарастырылады. Сондай-ақ, педофилия қылмысының, есірткі жарнамалаудың, арақ ішкен мас күйінде көлік жүргізудің де жазалары күшейтілді.

Өңірлік мәні зор мәселелерді сөз етсек, алдымен судың жағдайына тоқталған абзал. Облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Жайық пен Қиғаш өзендерінің табиғи резервуарын пайдаланудамыз. Ал осы екі өзеннің су қоймалары жылдан-жылға азайып келеді. Балықтың қырылуы сияқты орын алған келеңсіздіктерге де осының қатысы болуы ықтимал. Болашақта Ақтөбе облысы жеріндегі Көкжиде кен орнының тұщы суын пайдалануды қарастыруымыз қажет. Бұл Жайық пен Қиғаштың жоғары жағында орналасқан ресейліктерге тәуелділігімізді азайтады. Бір-екі жылдан бергі қолға алынған өзендердің түбін тереңдету жұмыстары да бұл бағытта өз септігін тигізері анық. Балық – байлығымыз көбейеді, егін шаруашылығын өркендетуге зор мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашады. Құс етін өндіретін цех ашылды деп отырсыздар, бұл өзге өңірде қолға алынбаған таза кәсіптің көзі ғой. Аймақ басшысы болып тұрғанымда В.Розметов деген кәсіпкер азамат облыста лимон жемісін өсіріп шығарамын деп құлшыныс білдірген болатын. Сөзінде тұрып, алғашқы жылында егістік алқабынан 160 келі лимон алса, келесі жылы 600 келіге, онан кейінгісінде 3 тоннаға жеткізді. Енді 6 тоннадан асыратынын айтып отыр. Елімізде іс бастаймын дегенге қажетті көмектің барлығы жасалады, тек ынта-жігер, талпыныс қажет, - деген ол кенжелеп қалған егіншілік кәсіпті жолға қоюды, өңірде оған толықтай мүмкіндік барын назарға берді.

А.Нәжімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521