Бөгеттің астына қоқыс тастайды

(0 Votes)

«Тазалық – денсаулық кепілі», деген сөз текке айтылмаған.

Еліміз егемендік алғалы халқымызға жасалып жатқан жақсылықтар жылдан жылға еселеп артуда. Соның бірі ретінде табиғат апатына қарсы тұру немесе өр суы келуіне байланысты үлкен техникалармен бөгеттер салынуда. Бұл Одақ тарағалы қолға алынбаған шаруа. Енді сол бөгеттерді дұрыс күтіп ұстау ауыл тұрғындарының міндетіне кіруі керек деп ойлаймыз. Неге десеңіз салынған бөгет астына үйден шыққан қоқыстарды, лас суларды төгу, мал қорадан шыққан сабан-шөптерді тастау кей жерлерде әдетке айналуда.

Тіпті Үлкен, Кіші Кресті ауылдарында ойықтар орындарын, қорымның шығыс жағын қоқысханаға айналдыру көзге шалынады. Ол араға төгілмейтін заттар жоқ. Ал, азамат, азаматшаларға ескерту жасасаң қайда төгеміз деп ренішін білдіреді. Округ әкімшілігі немесе басқа адамдар олардың қоқыстарын тазалатып отыруға міндетті деп ойлайтын сияқты. Аудан әкімдігі немесе ауылдық округтің айтуы, жоспарлауы бойынша жылға бір рет тазалық айлығы жасалғанда ғана айналамыз жайнап қалады. Дұрысында осы айлықты жылына екі рет емес, тоқсанына бір рет өткізу керек деп ойлаймын. Ата-бабаларымыз «Тазалық діннің жартысы», деген өсиет қалдырған. Кейбір үйлер қорасының іші, үй маңының тазалығын естен шығарғандай. Тазаланған жерлерді қоқыту дағдыларына айналған. Сонда кімге жиналыс жасап жатырмыз. Қазір бұрын болмаған қоқыс жәшіктері қойылса, соның ішіне салмай маңына лақтырады немесе оған апарып лас суларды құяды. Бұған не айтуға болады?! Жәшік құрғақ қалдықтарды салуға арналғанын бала да біледі ғой.

Тағы бір айта кететін жайт мал қорадан шыққан сабандарды ғана емес басқа да қоқыстарды бөгеттің астына өртеу әдетке айналды. Улы түтіні үйімізге дейін келеді, балаларымыз да, өзіміз де жұтып жатырмыз. Бұл да экологиялық жағынан зиянды. Кеңес үкіметі кезінде көше комитеті дегендер болды. Олар тазалық апталығын өткізіп, «Ең таза үй», «Үгіт үйі», деген тақтайшалар ілетін. Тоқсанға бір рет әр көшедегі үгіт үйінде жиналыс болып, сол жерде көп нәрселер айтылып, қорытындысы шығатын. Тұрғындар кім қоқыс тастайтынын жасырмайтын. Жиналысқа тазалыққа жауап беретін адамдармен бірге полициядан да өкілдер қатысқандықтан ескертулер жасалып, айыппұлдар салынатын. Осыған кері оралуымыз қажет сияқты. Ұзақ жыл ішкі істер органдарын басқарғандықтан жақсы білемін, Одақ тұсында милицияда су, санитарлық тазалық, ветеринариялық милиция деген лауазым болды. Олардың атқарған жұмысы да көзге көрінетін, аудандық үнжарияда жарияланатын.

Өзім үнемі жазылып отыратын «Серпер» газетінде бірнеше рет жарияланған жаға бойындағы жарық шамдарын сындыру әлі де жалғасып келеді. Халық игілігі үшін жасалып жатқан іске неге жауапсыздықпен қарайтындығымыз түсініксіз. Шамдарды сындырғандар анықталып, жазаға тартылып жатырғанынан да хабарсызбыз. Әлде табылмай жатыр ма, ол да белгісіз. Сол көше жарығын сындырғандарды халық болып өзіміз анықтауымыз қалып тұрған сияқты. Бұзақыларды сол жердің адамдары көрмеуі мүмкін емес қой. Жергілікті полиция қайда қарайды десек те, әрбір жерге оларды қоюға мүмкіндік жете бермейді ғой. Біз бәрін құқық қорғау орындарына ғана арта салмай, жарықтың халық игілігі, өзіміз үшін керек нәрсе екенін естен шығармайық. Жалпы осы жазғандарым соңғы уақыттарда кейбір адамдардың сана-сезімі төмендеп бара жатқанын аңғартқандай.

Бұрын біз жұмыс жасағанда учаскелік полиция инспекторы қай үйде кім тұратынын, қандай нәрсеге бейім екендігін өте жақсы білетін. Бірдеңе бүлінсе сол адамнан көрмегенімен күдіктеніп кіріп шығатын. Осыдан кейін қайтып қайталанбайды. Себебі жаңағы кісі енді тап солай істесе бірден қолға түсетінін біледі. Ол кезде учаскелік инспектор түнімен жүрсе де бұзақыны қолға түсірмей тынбайды. Бүгінде полиция қызметкерлерінің, әсіресе учаскелік инспекторларының халықпен тығыз жұмыс жасауы жеткіліксіз дәрежеде деген ойдамын.

Әлібек Темірғалиев,

Ішкі істер қызметінің ардагері, полиция подполковнигі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521