Азық-түлік бағасы ауыздықтала ма?

(0 Votes)

Сауда орындарына бара қалсаң баға деген қол қариды, қалтаны қағады. Шынтуайтына келгенде, май жағып қойғандай сусып кете беретін баға мәселесін айта-айта ауыз талатындай күйге жеттік.

Бағаның ырық бермей келе жатқанына да сан мәрте шүйліксек те, нәтиже шығар емес. Бір сөзбен айтқанда, қолының майын мәсісіне сүртіп отырған ешкім жоқ.

Сонымен, орталықтағы «Нұрболат» шағын маркетіне, «Арыстан», «Қиғаш», «Ахат», «Амир» сауда нүктелеріне бас сұғып, ондағы бүгінгі бағаның жайын бақыладық. Әсіресе тұрғындардың күнделікті тұтынатын қант, күріш, ұн, шай, күнбағыс майы, макарон өнімдері, қораптағы сүттің бағасына жіті мән бердік. Мәселен, 5 келілік бидай ұны «Қиғаш» дүкенінде 1200, «Нұрболатта» 1300 теңгемен бағалануда. 5 келілік макарон өнімдері (рожки, вермишель) «Бағдатта» - 1200, «Нұрболатта» - 1350, «Қиғаш» пен «Арыстанда» - 1300, «Амир» мен «Ахат» дүкендерінде 1200-1250 теңгемен босатылуда. «Нұрболат» шағын маркетінде 5 келі күріштің бағасы 1200-1250 аралығында болса, «Қиғаш» пен «Ахатта» - 1200, «Амир» мен «Бағдатта» - 1300, «Арыстанда» - 1500 теңгемен саудалануда. Ал 5 келі қанттың ең жоғары бағасы (1500) «Арыстанда», орта деңгейі (1450) «Бағдат» пен «Амир», «Нұрболатта», ең төмені (1400) «Қиғаш», «Ахат» дүкенінде тіркелген. Биылғы жаңа жылда бағасы бірден шарықтаған азықтың бірі – жұмыртқа. Атырау қаласындағы сауда нүктелерінде оның құны  50-60 теңгеге дейін көтерілген. Ал аудан орталығындағы сауда нүктелерінде жұмыртқаның бағасы әзірше 42-45 теңгенің аралығын құрайды. Қораптағы сүтті «Нұрболат», «Қиғаш», «Ахат», «Бағдат», «Амирден» 250, «Арыстаннан» 260 теңгеден табасыз. Ал күнбағыс майының 5 литрі «Ахат», «Нұрболат», «Бағдатта»  - 2700, «Қиғашта» - 2800, «Арыстанда» - 3500, «Амирде» - 1820, біз аралаған сауда орындарының сөрелерінде «Чемпион» шайы 800-850 теңгемен сатылымға қойылған. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне келетін болсақ, картоп «Қиғаш» пен «Ахат», «Арыстанда» - 180, «Бағдат» пен «Нұрболатта» - 200, «Амирде» 170-190, пияздың орташа бағасы 110-130 теңгенің шамасын құрайды.  

Адам болған соң әркім әйтеуір тіршілігін жасайды, қымбатшылық екен деп «қылтамақ» болсын ба?! Әлдекімдер әупірімдеп қана күнін көріп жүр. Біреу ет жеуді азайтса, енді біреулер жеміс жеуді доғарыпты. Кейбіреулер көкеніс көрсе де көңілі бұзылатындай күйде. Қысқасы, тапқан-таянғанын тамаққа ғана жеткізіп, жан бағып жүргендер көп. Ал қазіргі заманда, біздің экономикалық ахуалымыздың ауқымында бұл орынсыз, әрине. Әйтеуір көпшілік көңілін күпті еткен көп сауалдың жауабын әркім өзінше іздеп әлек. Бағаны қадағалау дегеніміз, лауазымды тұлғаның базарға барып бағаны аңдып отыруы емес. Оған кешенді, жүйелі жұмыс керек. Өнімнің өндірісінен бастап саудаға шыққанға дейінгі аралықтағы бүкіл кезеңді келістірсек игі. Сонда ғана азық-түлік бағасын ауыздықтаудың амалы табылып қалар мүмкін...

 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521