Қазір арыз жазбасаң ешкім тексермейді

(0 Votes)

«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтының құрылатыны жөнінде айтып өтті.

«Үкіметтің әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын ала жұмыс жүргізуі қажет. Бұл үшін бақылау, талдау және болжау жүйесін неғұрлым күшейту керек. Сондықтан депутаттарымыздың өтініштеріне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма беремін», - деді Мемлекет басшысы. Жаңа құрылым заңдардың сапасын арттыра түсетініне сенімдімін. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұзақ жыл Парламентті басқарғандықтан заңдардың сапасы жағынан жақсы хабардар азамат деп есептеймін.

Жалпы қолданыстағы кейбір заңдардың бір-біріне қарама-қайшылығы бары айтылып та, жазылып та келеді. Соларды өзара салыстырып қараған дұрыс. Біреуінде рұқсат етілген нәрсеге екіншісі тыйым салады. Мұның жергілікті жердегі кәсіпкерлерге де тиімсіз тұстары жеткілікті. Барлық заңдар сарапталса, зерделенсе осындай келеңсіздіктерден арылар едік. Мүмкін заңдардың кейбір баптарының қолданылу аясын кеңейткен де дұрыс шығар. Мысалы, бұрын санэпидстанса деген мекеме азық-түлік сапасы мен тазалықты қадағалап отыратын. Қазір, ол жоқ. Бүгінде біреуден арыз түспесе дүкендердегі тауардың қашан шыққанын, сапасын ешбір құзырлы орган тексере алмайды. Сол себепті тұрып қалған, құрамында зиянды қоспалары бар тауарлар сатылып, адамдардың денсаулығына зиян келіп те жатыр. Сусын алсаң түбінен қоқым шығады, шұжық алсаң ішінде жүн жүреді. Тұрып қалған сусынның, қораптағы сүттің қағазын қайта өзгерткен фактілерді әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. «Тауарым мерзімінде өтпесе де мен зиян шекпеуім керек» дейтіндер адам денсаулығынан ақшаны жоғары қояды. Заң арқылы шағын және орта бизнестің адам денсаулығы үшін жауапкершілігін күшейтсе зауыттар шығарған өніміне, оны көтерме бағамен алған кәсіпкер алған тауарына екі шұқып, бір қарар еді. Мен санэпидстансаның құзырын күшейту қажет деп отырған жоқпын. Бірақ, қолданыстағы заңдарымыз үнемі кәсіпкердің жағында бола бермей, қарапайым азаматтардың да құқын қорғауы, «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» болуы тиіс деп ойлаймын.

Болат Жүгінісов,

аудандық мәслихаттың хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521