Қазақтың қайсар қызы

(0 Votes)

Дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы куәгерлерінің қатары күн өткен сайын тым сиреп барады.

Бұл жолғы әңгіме Ұлы Отан соғысындағы ең бір шешуші кезең – Сталинград үшін болған шайқасқа бастан – аяқ қатысқан қазақтың қаршадай қайсар қыздарының бірі – Әсима Шарафиқызы Аренова (Димұқашева) жайында болмақ. 1923 жылдың қаңтар айында Астрахань облысы Краснояр ауданының Ислямғазы селосында дүниеге келген. Ол 1942 жылы Астрахань облысы Володар ауданынан орта мектепті бітіргеннен кейін әскери комиссариатқа барып, соғысқа өз еркімен сұранып, бірден майданға аттанады. 1943 жылдың аяғына дейін Сталинград шайқасына қатысты. Оңтүстік Шығыс және Солтүстік майдандардағы Әуе қорғанысы құрамаларында дыбыс қабылдайтын аппаратураны жетік меңгеріп, жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосқан.

Әскери байланыс техникасының құпия тілін түсінген Ә.Шарафиқызы кейіннен 17-ші жеке прожектор батальонының дыбыс қабылдағыш бөлімін басқарады. Бұл әскери қызметтің басты мақсаты-әуедегі жау самолеттерін бақылап, олардың ұшқан бағытын атқыштарға хабарлап отыру. Иығын талдыратын дыбыс қабылдағыш ауыр аппаратын сүйрелеп, шұғыл және дәл хабар беруге әбден машықтанған өрімдей өжет қыздың жорық жолдары Варшава қаласына дейін жалғасты.

Әсима Шарафиқызының өңіріне сонау сұрапыл соғыстың куәсіндей «Сталинградты қорғағаны үшін», «Фашистік Германияны жеңгені үшін», «Майдандағы ерлігі үшін» медальдары тағылған. Елге жеңіспен оралған жас бойжеткен Астрахань қаласындағы Кеңес партия мектебінің қысқа мерзімді саяси насихатшылар курсын тәмамдағаннан кейін идеология майданына бел шешіп кіріседі. Соғыстан кейінгі бүлінген шаруашылықты қайтадан қалпына келтіруге аянбай атсалысады. Жастайынан өзінің бойындағы табиғи талантымен танылған зерек жан үнемі оқып, ізденіп білімін жетілдірумен шұғылданады.

Орал қаласындағы педогогикалық институттың тарих факультетін бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы ауыл мектебінде ұстаздық қызмет атқарады. Өзіндей майдангер ұстаз Димұқашев Махмуд Омарұлымен тағдырларын тоғыстырып, алтын асықтай 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Махмуд аға соғыстан елге офицер, «Қызыл жұлдыз» орден иегері 2-ші топ мүгедек болып оралды. Махмуд аға 1994 жылы қайтыс болды.

Ерлі- зайыпты майдангер отбасынан өрген ұрпақ немере-шөберелері қазіргі уақытта еліміздің, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі үшін еңбектенуде. Ұлдары Асқар, Бауыржанқызы Ләззат Қазақстанда тұрып жоғары білім алған, үлкен лауазымдарда қызмет жасаған. Әсима әже өмірінің соңғы жылдарында Қиғаш ауылдық округіне қарасты Қиғаш ауылдық амбулаториясының бас дәрігері қызметін атқарып, ұлы Бауыржанның шаңырағында 2008 жылы дүниеден озды. Әсима апайдың өнегелі өмірі, еліміздің басына қиын күндер туғанда еш ойланбай Отанын қорғау үшін қайсарлық көрсеткен ерлігі өскелең ұрпақтың жадында мәңгілік қалады.

Марина Жүнісова,

Қиғаш ауылдық аналар кеңесінің мүшесі, округ аппаратының бас маманы

Сурет: майдангердің жеке архивінен алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521