Қазақтың ақбас сиырына жетер мал жоқ

(0 Votes)

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы Нұртаев қысқы мал азығын дайындаудың барысы, аудандағы егін шаруашылығының жағдайымен таныспақ ниетпен Мақаш, Еңбекші, Теңіз, Нұржау ауылдық округтерінде болды.

Сапар барысында аталған округтерге қарасты «Мақаш» ӨК, «Құбашев Е», «Сандуғаш», «Қадыров Н», «Сұлтанғалиев Т», «Алғаязов У», «Дәрелов Б» шаруа қожалықтары араланды.

Біз барған «Қадыр» учаскесінде «Мақаш» ӨК қысқы мал азығын дайындап жатыр екен. Жұмыс қарқынды жүруде. Жазық далаға төңкере салған кеселердей, орамдалып байланған шөп жағалай көз тартады. Кооператив шабындықты басқан су қайтпай, біраз тұрып қалғандықтан кеш шықса да өздеріне қарасты жердің 80 пайызына орақ салып үлгерген. Кооператив төрағасы Жеңіс Әбілқайыровтың айтуынша мұнда құрамында Еркін Бозаев (жинаушы), Елдос Махуов (рулондаушы), Өтеген Тушиев (престеуші), Асқар Кенжиев (тракторшы) бар бір бригада еңбек етуде. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы: – Жаңа келе жатып байқағаным биыл шөп жақсы шыққан екен. Жұмыстың қалай жасалып жатқаны шабылған жерден де көрініп тұр. «Қыстың қамын жазда ойла», дегендей, қазір шөпті жеткілікті жинап алсақ, ертең қыс қаһарына мінгенде ауыртпалық түспейді. Аудан бойынша 158 мың тонна мал азығы әзірленуі қажет болса, бүгінде соның 50 пайызы орындалып отыр. Бұл жұмыс жалғасын табуда. Негізі шөпті бір жыл сақтап қойып берсе, жұғымдылығы артады, - деп малды қайда ұстайтындарына қызығушылық танытты.

maash1

«Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілхайыров аудан басшысымен әңгімесінде: – Бұл жерге қыста шамалы, 200 бас еркек тоқты келеді. Шөпті Ниетбайдан да шабамыз. Қырда екінші бригада жұмыс жасайды. 21 қыркүйекте ондағы шөп аққұла піседі сол кезде бастаймыз. Басын жарса калориясы нашарлайды. Осы қыстақта бригада мүшелері тамақтанады, аспазымыз бар. Тамақтарын күн сайын әкеліп тұрамыз. Қазір трактормен жұмыс жасайтын адамды табу қиынға соғуда. Сол себепті мына жігіттерге әрбір байланған рулон үшін 1 мың теңгеден төлеймін. Олай етпесең адам тарту мүмкін емес. Өзім 3 мың теңгеден сатамын. Жақында ғана бригада мүшелеріне 200 мың теңгеден айлықтарын төледім. Бұлар тек шауып, орамдап береді. Техниканың қосалқы бөлшегі, жер менен. Демалған уақыттарында жаңалықтардан тыс қалмасын деп қыстаққа арнайы қондырғы да орнаттым. Ол арқылы вацап әлеуметтік желісіне де кіреді. Балаларына да онлайн оқуға жағдай жасап отырмын, - деді. Төрағаның айтуынша 1300 тонна пішен дайындалуы қажет болса, күні бүгін соның 1000 тоннаға жуығы әзірленген. Оны мақаштықтарға 3000, аудан орталығына 4000 теңгемен сатса, ардагерлерге тегін беруде. Кооператив «Қадыр» учаскесінен 2000 орамшөп дайындайды.

maash-2

«Линкаса» учаскесінде «Кубашев Е» шаруа қожалығы мал азығын дайындаумен шұғылдануда. Жер телімінен 5 мың орамшөп дайындалуы тиіс болса қазір ол 40 пайызға орындалған. Қожалық бойынша барлығы 2,5 тонна (10 мың орамшөп) дайындалуы қажет, бүгінде оның 50 пайызы еңсерілген. Шаруа қожалығының басшысы, заман талабына сай жұмыс жасап, мал басын асылдандырумен айналысып жүрген, ауданымызға танымал азаматтардың бірі Есболат Құбашев аудан әкімі Қайрат Талапұлымен әңгімесінде бір бригадада 6 жігіт, екі шабушы, екі тайлаушы, бір тракторшы барын айтты. Барлығы да көптен істеп келе жатқан жігіттер. Шөпті осы жерде жинақтап, қыстаққа тасиды. Біз барғанда жұмыс жасап жатқан Сергей Оқаев, Жандарбек Абдолов, Қайырболат Құбашев өз істеріне бар ынта-жігерімен беріліп кетіпті.

«Кубашев Е» шаруа қожалығының басшысы Есболат Құбашев: – Бұзауымен қосқанда 700 бас сиырымыз бар, оның 300-і асыл тұқымды. Биыл 75 млн. теңгеге мал әкелдім. Бір жастық ақбас қашардың біреуі 500 мың теңгеден. 100 басы ішкі бойда бағылуда, тағы 100 басы жолда келе жатыр. 1 сұрыпты 4 бұқаны Самара жақтан таптық. Маған асыл тұқымды мал зауыты статусы берілді. Жалпы басқа жақтан мал әкеліп, қазақтың ақбас сиыр элитасын қалыптастырған өзіміз үшін тиімді. Мұндай малдар маса, сонаға, кенеге төзімді. Оларда антидене бар. Шеттен келгендер көп шыдамай өліп қалатынын естіп жатырмыз. Қазір жаңа қыстақтар салудамыз. Бізде жас қашарлар, асыл тұқымды малдар, сатылатындары бөлек бағылады. Алға қарай сайларға шығуға мүмкіндік болса мал азықтық дақылдарын өсірмек ойымыз бар. Сонда сүтті бағыттағы малды ұстауға мүмкіндік туындар еді. Мал бордақылауға да болады. Мұны жүзеге асыруға су тапшылығы қолбайлаушылық туғызуда, - деп суды 30 шақырым жерден тасып отырғандарын жеткізіп, Көкарнаға тіршілік нәрін айдаса іс алға басар еді деген ұсынысын ортаға салды. Бұл мәселе жөнінде аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров түсінік бергеннен кейін аудан әкімі Қайрат Талапұлы Сурхан каналынан Көкарнаға су жіберуді қарастыратынын жеткізді.

Қ.ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521