Қазақстан Республикасының прокуратурасына 30 жыл!

(0 Votes)

Ағымдағы жылдың 6 желтоқсан күні тойланғалы отырған Қазақстан Республикасының прокуратурасының құрылған күні еліміздің тарихындағы биік белестердің бірі десек жаңылмаймыз.

Төл мерекеміздің 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында тойлануының да өзіндік айшықты маңызы бар.

Егемен мемлекетіміздің әлеуметтік – экономикалық дамуы мен тұрақтап нығая түсуі үшін Ата Заңымызбен бекітіліп, өмірлік қағида – ережелерге айналған заң талаптарының қатаң сақталуы бірінші кезектегі қажеттілік болып табылары сөзсіз. Шынайы тұрғыдағы құқықтық мемелекеттің құрылуы мен заң үстемдігінің өріс алуы-өркендеп өсуіміздің түбегейлі алғы шарттары болып табылатынына өмірдің өзі көз жеткізіп отыр.

2017 жылдың 30 маусымында Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» жаңа Заңы қабылданып, Қазақстан Республикасы прокуратурасының мәртебесі, құзыреті, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі айқындалды.

Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттемеден кейін 2020 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлық жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданып, қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты.

Сол жылдың 31 желтоқсанынан бастап прокурордың жауапкершілігін одан әрі арттыруды және оның процестік өкілеттіктерін айқындайтын Қылмыстық-процестік кодексінің нормалары күшіне енді.

Енді күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, тоқтату туралы процестік шешімдерге және қылмыстық теріс қылық туралы хаттамаға прокурор келісім бермей заңды күші болмайды.

Аталған жаңашылдықтар мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландыруға, статистикалық мәліметтердің ашықтығы мен анықтығын қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және бюджет қаржысын үнемдеуге бағытталған.

Қазақстан Республикасы прокуратурасының мерейтойы қарсаңында Атырау облысы Құрманғазы ауданы прокуратурасының тарихынада тоқталып өткенді жөн көрдім.

Құрманғазы ауданының прокуратурасы 1928 жылы аудан құрылған кезден бастап жұмыс жасап келеді.

Аудан прокуратурасының тарихы сөз болғанда, біздің жадымызға еріксіз бір аяулы есім оралады.

Ол - Қазақ Республикасының алғашқы прокуроры, әрі әділет комиссары болған, 1922 жылғы 13 шілдеде Орынбор қаласында өткен екінші шақырылған Қазақ Орталық Атқару Комитетінің 3-сессиясында қабылданған «прокурорлық қадағалау туралы» Ережені өз қолымен жазған таланты жерлесіміз Шафхат Мұхамеджанұлы Бекмұханбетов еді. Ол сол кезде Қазан университетінің заң факультетін тәмамдаған санаулы прокурорлардың бірі болатын. Өз ауданымыздан түлеп ұшып, Қазақстан прокуратурасы тарихынан ойып орын алған асыл да ардақты тұлғаны мәңгі есте қалдыру мақсатында аудан орталығы Құрманғазы ауылынан (бұрынғы Ганюшкин селосы) көше атын беру жөнінде аудан прокуратурасының ұсынысы 2002 жылғы шілде айында жүзеге асты.

Аталған кезеңде аудан прокурорлары болып Ғұмаров, Тапалов, А.Құлбасов, Ғ.Жапаров, Қ.Нұржанов, З.Құлжанов, С.Смағұлов, Б.Жұбанов, Ғ.Мүрсәлиев, Қ.Сақтағанов, Д.Тасанов, С.Қаражігітов, Б.Халықов, Ж.Көбегенов, Ғ.Тынымов, Е.Хисметуллин, М.Тлеулиев жұмыс жасады. Қазіргі аудан прокуроры М.Рахимов 2019 жылдан бері осы жұмысты атқарып келеді.

Бүгінгі күні арамызда жүрген прокуратура ардагерлері Мүрсәлиев Ғизатолла, Баширова Бақыт, Хисметуллин Ерлан сынды аға-апаларымыз зейнеткерлікте болғанымен өздерінің білген-көргенін жастарға үйретуден жалықпай, ұжымның ақылшы-ұстаздары бола білуде.

Өткен жылдар ішінде тағы бір ерекше тоқталып айта кететін жайт, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бекіткен «Жылдың үздік прокуратурасы» конкурсын қорытындылау жөніндегі Комиссияның шешімі негізінде Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2010 жылғы 23 ақпандағы №120 бұйрығына сай, Атырау облысы Құрманғазы ауданының прокуратурасы «Үздік аудандық прокуратура» номинациясына ие болды. Бұл да аудан прокуратурасының абыройы, іскерлігі, сол кездегі аудан прокуроры Жанібек Көбегеновтың жұмысты дұрыс үйлестіру нәтижесінде жеткен үлкен жетістігі деп санаймыз.

Ал, аудан прокуратурасының бүгінгі тыныс-тіршілігіне келетін болсақ, ол да еліміздің өзге өңірлеріндегі прокуратура органдарымен бірге заңның орындалуына, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауға, мемлекеттің мүддесін мүлтіксіз сақтауға прокурорлық ықпал етіп, қадағалауды тиісті деңгейде жүзеге асыруда.

Осылайша, аудан прокуратурасы қызметкерлерінің бүгінгі құрамы да талап үдерісінен шығып, қызметтік міндеттерін орындаудағы жетістіктері үшін Бас прокуратура және облыс прокуратурасы басшылығымен бірнеше рет марапатталған.

Қорытындылай келе, барша прокуратура органдарының қызметкерлері мен ардагерлерін Қазақстан Республикасы прокуратурасының 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Барлығыңызға амандық, дендеріңізге саулық, дастархандарыңызға береке, шаңырақтарыңызға шаттық, қызметтеріңізге сәттілік тілеймін.

Құрманғазы ауданының прокуроры М. Рахимов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT