Қазақ даласын ізгілік сәулесімен тербеген мереке

(0 Votes)

Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы.

2010 жылдан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысына сәйкес 21 наурыз – «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азия мен Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатыр. Ал, ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық құндылығы емес мәдени мұрасы тізіміне енгізді. Содан бері, шын мәнінде бұл мереке әлемді біріктіретін күшке айналды.

Халық дәстүрінде Ұлыстың ұлы күні тоғыз күн тойланған. Бұл той – наурызнама аталады. Аталмыш мейрамның басты сәні – тоғыз дәмнен құралатын Наурыз көже. Әр шаңырақ өзінше Наурыз көже пісіріп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәріне ұсынған. Ауыл-ақсақалдары үй-үйден дәм татып, үйдегілерге ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Бұл – «Дәм-тұзымыз араласқан тату болайық» дегеннің белгісі. Ұлыс күні – татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенім, көңіл мерекесі. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар өкпе-ренішін ұмытып, кінәсін кешіп, тек жақсы тілектер тілейді. Көңілдің жаңаруы деген – осы. Бұл күні Наурыз көжемен қатар, ауыл адамдары өгіз сойып, қазан көтеретін болған. Мұның тарихы өз алдына қызық аңыз. Ежелгі жыл санаушылардың есебінше, үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктем кезінде аспан етегінен көрініп, ал жазда тіпті батып кетеді екен. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «қырық күн шілде» немесе «үркердің жерге түсуі» деп атаған. Көктем кезінде, яғни наурызда күн жолы үркердің үстімен өтіп, оның қос жұлдызы бұқаның мүйіздері құсап күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Бұған орай халқымыздың «әлемді көк өгіз мүйізімен көтеріп тұр» деген нанымы да бар. Өгіз етін арнайы нарқазанда балбыратып пісіреді.

Нарқазанның тарихы да жақсы ырымдармен астасып жатыр. Ежелгі сақ дәуірінде халық арасын алауыздық жайлап, ел татулығына сызат түскенде көсемдер келісіп, үлкен қазан құюға шешім шығарады. Алайда, қазан соғарлық мыс табылмай қалады да, бүкіл сарбаз жебелерінің мыс масағын жинатып, содан нарқазан құйдырады. Осы қазанда қайнатылған астан дәм алысқан араздасушылар өкпе-назын ұмытып, елде татулық орнапты делінеді аңыздарда.

Осындай нарқазандардан қалың қауымға дәм татқызу кейін үрдіске айналып, ол «шүлен тарату» аталып кеткен. Өгіздің шекесі ауыл ақсақалдарына таратылады. Бұл сыбағаның аты – «бел көтерер».

Ертедегі дәстүр бойынша тоғыз күн тойланған наурызнаманың сегізінші күні «той тарқар» болады. Мұнда өнерін ортаға салып, оза шапқан дарабоздарға, қарсыласының жауырынын жерге тигізген балуандарға, тіпті тайы озып келген жас балаға да «ат тері» деп сыйлық берген. «Той тарқарда» жаңа көзі ашылған қайнардың суына қант қосып, оны қауым болып ішіседі.

Міне, осылайша бас-аяғы тоғыз күнге созылатын наурызнама тойында атқарылатын шаралардың өз жол-жоралғылары болған. Бүгінде оның бірі есте болса, бірі мүлде ұмыт қалып барады. Десек те, осы тойда көзге оғаш көрініп қалатын жайтты айта кетуіміз керек. Әсіресе, жастардың біріне-бірі бұл күні «Жаңа жылыңмен!» деп құттықтап жататынын байқаймыз. Ал ата-бабамыз ешқашан бұлай демеген. Дана халқымыз бұл құттықтауды батамен де жеткізген. Ал бата әдетте өлеңдетіп айтылады. «Жыл құтты болсын!», «Ұлыс оң болсын!», «Ақ мол болсын!» деген әдемі тіркестер жалғасып жатады.

Табиғат атаулы жаңарып, Самарқанның көк тасы жібитін осынау мереке сан ғасырлардан бері қазақ даласын ізгілік сәулесімен тербеп келеді. Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық, толайым табыстар күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. Демек, тұтас табиғат жаңаратын Наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі тиіс. Әз Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын!

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521