Азғырлықтардың да айтары бар...

(0 Votes)

Ауданымызда  округ әкімдерінің жыл сайынғы есеп беру науқаны басталды.

15-ші қаңтар күні аудан әкімі Бибоз Шаяхметов дербес бөлімдердің басшыларын ертіп, 300 шақырым  шалғайда жатқан Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтерінде болды.

 

ГАЗ  тартУ

 БАҚЫЛАУДА ҰСТАЛСЫН

Асан ауылдық округінің әкімі Гүлім Қабдражитова 2017 жылғы округтің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2018 жылға арналған міндеттер туралы хабарламасында есепті мерзімде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Айта кетейік, бұл округтің экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген. Азғыр өңіріндегі өзге де елді мекендердей мұнда да халық малмен күнін көріп отыр. Осыны айтқан округ әкімі өз хабарламасында одан әрі ауыл шаруашылығы, мал басын бірдейлендіру, жұмыссыздықпен, кедейшілікпен күрес, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық, әлеуметтік салалар, инфрақұрылым, қылмыстың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды кеңінен қамтыды. Хабарламадан соң тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Асан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Әліпов: - Қазір біздің өңірімізге газ желісі тартылып жатырғанына қуаныштымыз. Бұл үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа ризашылығымызды білдіреміз. Менің айтайын дегенім, осы газ желісі кезінде жыр болып, әрең біткен Қоянды су құбырының кебін кимес үшін бұл жұмысты бақылауда ұстаңыздар. Екіншіден, қыр бойында ұялы байланыс желісі жоқ. Жүздеген шақырым жолдың да жайы мәз емесі өздеріңізге белгілі. Ұялы байланыспен қамтуды ескерсеңіздер. Көптен айтылып келе жатқан мәселе мектеп пен медпунктті бөлу. Жаңа медпункт қажет. Көше жарықтарын күтіп ұстау үшін бізге электрик бөлінсе дейміз. Былтыр жазда далалықта өрт шықты, ауылға өрт сөндіру көлігі де керек. Сөзімнің соңында округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беремін. Қолынан келгенін жасап жатыр, - деді.

Үштаған ауылындағы Құрманғазы орта мектебінің директоры Уәлихан Сағынғалиев: - Қыр бойының жолы соңғы уақыттарда біршама түзеліп қалды. Алға қарай да оны қыру жұмыстары жалғасқанын қалаймыз. Біздің мектебімізге 2011 жылы берілген көлік жақында күрделі жөндеуден шықты. Осыны ауыстырып, басқасын беруге болмай ма? Балаларды өзге округтерде өтетін шараларға қатыстыру үшін жолға шыққанда қиын. Далада қаламыз ба деп қорқамыз, - деген алаңдаушылығын жеткізді.

Ауыл тұрғыны Серік Салиев: - Қан қысымын төмендететін дәрілер жетіспейді. Жүкті әйелдерді қалаға тексерілуге жібереді. Онда барғанда олар жататын орын жоқ. Неге оларды осында немесе аудан орталығында босандырмайды? - деді.

Қатысып отырған аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Гүлсара Мүтиева: - Медпунктке жер бөлініп жатыр және қасына екі пәтерлік дәрігерлерге арналған баспана да салынады.Шілде айында осында жас маман көшіп келді. Оған дейін жібергендеріміз тұрақтамаған еді. Өткен жылды табыспен аяқтадық. Жылдан-жылға жағдайымыз жақсаруда. Ауданға жаңа мөлдір рентген, УДЗ аппараты келді. Тегін дәрімен қамту төмен болды, себебі дәрі-дәрмектер қымбаттауда, - дей келе оларға сұраныс берілгенін, физиологиялық жүкті әйелдер аудан орталығында, бойында кінәраттары барлары облыста, жағдайы ауырлары Астана қаласында барлық жағдай жасалған ана мен бала орталғында жеңілденетінін айтты. Тұрғындарға мұның өзі әйелдердің денсаулығын сақтау үшін жасалып отырғанын, ана мен бала өлімін болдырмау Елбасымыздың өзінің бақылауында екенін түсіндірді.

Есеп беру жиыны барысында Асан ауылындағы Б.Момышұлы орта мектебінің директоры Құралай Илясова қойылған сұраққа орай білім ордасының жылытылуы туралы айтып, жаңадан келген екі жас маманға үй берілсе деген ұсынысын ортаға салды. Зейнеткер Раушан Касимова жас маманға қамқорлық, І топ мүгедегі Бекбол Қараев өзіне Ганюшкиннен баспана беру жайлы сөз қозғады.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға  жауабын берді: - Өткен жыл ауданымыз үшін жақсы өтті. Бөлінген қаражатты игеруді 100 пайызға орындадық. Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы келгенде жасақталған 67 іс-шараның бірі – газ желісін тарту болатын. Бұл жұмыс 3 жылға жоспарланғанымен, жыл жарымда біткелі отыр. Сол сияқты Асан ауылына Ганюшкиннен электр желісі, интернет тартылады. Биыл газ, су, интернет, ұялы байланыс келсе, алға қарай мал сою пункті салынып, жолдарыңыз жөнделеріне сенімім мол. Ганюшкиннен баспана беруге келсек, онда 60 пәтерлік үш қабатты үй салынғанын білесіздер. Соны біреулер үйім жоқ деп алып, жалға беріп қойған. Арасында басшы азаматтар да бар. Мұны кәрізді сордыруға 11 адам жиналғанынан аңғардық. 13-ін сот арқылы шығарттым. Ол жерге әлі де он шақты қос қабатты үйлер салынып, ықшамауданға айналады. І топ мүгедегі ретінде сізді соған кезекке қоямыз, - деп басқа да сұрақтарға жауап қайтарып, алдағы атқарылар жұмыстардан хабардар етті.

           

МАЛ СОЮ  АЛАҢЫ БАР

Сүйіндік ауылдық округіне Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық елді мекендері қарайды. Бұлардағы 567 отбасында 2870 адам бар. Жеке тұрғындарда, 38 шаруа қожалығында (оның 4-і асыл тұқымды мал өсірумен айналысады) – 6363 бас мүйізді ірі қара, 40205 қой-ешкі, 3850 жылқы, 192 түйе өсірілуде. 25 мың қой-ешкі сырғаланып, төлқұжат беріліп, компьютерлік базаға енгізілген. Малдардың ауруларға қарсы егілуі туралы айтқан округ әкімі Ақылбек Алдамжаров одан әрі басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Шешімін күткен мәселелердің қатарында Лабай ауылдық клубын жаңадан салу, Сүйіндік орта мектебінің жатақханасына күрделі жөндеу жүргізу, ауданаралық жолды күтіп ұстау және т.б. атады.

Ауыл тұрғыны, аудандық мәслихаттың депутаты Аманжол Ғаббасов округ әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, жаңадан ашылған мал сою алаңының тұрғындар үшін тиімді болып отырғанын жеткізді. Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтыгерей Сейітханов: - Газ бен ауыз судың келуі шекарада отырған елді мекендерге жаңа серпін берді. Мұндай игіліктер еліміздің көптеген облыстарында жоқ. Осы мәселелерді жоғары жақтарда  көтергені үшін Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Құрманұлына, облыс әкіміне, аудан басшылығына ризамыз. Бибоз Байдәулетұлы, қыр өңіріне деген көзқарасыңыз түзу екен. Өзіңіз аудан басшысы болған аз уақытта осымен мұнда 14-ші рет келіп тұрсыз, - дей келе, жастарды аудан орталығындағы сайыстарға апаратын көлікпен қамтуды шешуді сұрады. Қатысушы ауыл тұрғындарынан Шайхолла Әнесов, Мәннап Қажыбаев, Ақажан Хизин және т.б. кәмелетке толғандарды ауданға шапқылатпай төлқұжатты жергілікті жерден беруді, шекараның ашық жатқан жерін қоршауды, шаруа қожалығының иесі Розметовтің пайдаланылмай отырған жерін қайтаруды,Ресейде емделген жағдайда жұмсалған қаражаттарын денсаулық саласы арқылы өтеуін сұрады.

Қойылған сұрақтарға аудан әкімі Б. Шаяхметов, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Г.Мүтиева, аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ж.Жағыпаров жауап қайтарды.

                           

Жолаушы тасымалы жолға қойылса

Азғыр ауылдық округінің әкімі Тұрарбек Әліпбаев алдымен  озаттарды марапаттап,  2017 жылы атқарылған жұмыстар туралы хабарлады. - Округтегі шаруа қожалықтарының саны -36. Жеке кәсіпкерлікпен айналысушылар 15 адам. 4707 бас мүйізді ірі қара, 35296 қой-ешкі, 5018 жылқы, 64 түйе бар. Есепті мерзімде түйе мен қойдан басқа малдар өз төлі есебінен өсті.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Жәбелов Қоңыртерек ауылының тұрғыны ІІ топ мүгедегі Нұрғаным Нұрышева және т.б. жолаушы тасымалын жолға қою, тіс технигімен қамту, Қоңыртеректе медпункт, клуб салу, көше жарығымен қамту, т.с.с. мәселелерді  қозғады. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Г.Мүтиева тұрғындар сауалына берген жауабында округтегі аурухананың жабылмайтынын, күндізгі стационары бар амбулаторияға айналдырылатынын, биыл күрделі жөндеу жасалатынын жеткізді.

Аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің басшысы Ж.Жағыпаров төлқұжатты беру аудандық ХҚКО арқылы жүзеге асатынын айтып, мал ұрлығына тосқауыл қою үшін тұрғындар бақташы ұстауы қажеттігін еске салды. Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Б.Өтеулиев жаңа форматтағы әлеуметтік көмек жайлы түсіндірді. Аудан әкімі Б.Шаяхметов ауданымызда болған сапарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Б.Ертаевтың шекараның ашық жатқан 30 шақырымын жабуға септесуге уәде еткенін, жолаушы тасымалы, тіс технигімен қамту кәсіпкерлікке жататындықтан  жеке меншік арқылы ұйымдастырылатынын жеткізіп, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектерді алу үшін шаруа қожалықтарын заңдастыру тиістігін қатысушылардың қаперіне берді. 

2004 жылдан бері өздеріне аудан басшысы келмегенін айтқан Қоңыртерек ауылының тұрғындары аудан әкімі Б.Шаяхметовты жылы қарсылады. Мұнда ауылға клуб, медпункт салу, трансформатор қажеттігімен қоса, Балқұдықта оқитын балаларды көлікке қойша тиеп бір рейс жасап таситыны, түрлі шараларға олардан ақша жиналатыны, ҰБТ-ға әзірлік каникул кезінде қағаз жүзінде өткізілетіні ашына айтылды. Бір ата-ана түн ішінде жатақханада сырқаттанған 5-ші сынып оқушысын медпунктке апаруға тәрбиеші сонда жататын 15 жасар қызын жұмсағанын жеткізіп, оның қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, шарасын алуды сұрады. Аудан басшысы арнайы комиссия шығартып тексеруге уәдесін берді. Cоңынан аудан әкімі Б.Шаяхметов Қоңыртерек ауылындағы медпунктте, ІІ топ мүгедегі Н.Нұрышеваның үйінде болып, жағдайларымен танысты.

 

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521