Азғырдың жаңалыққа бастар жаңа атауы

(0 Votes)

Азғыр. Естігенде құлаққа аса жағымды тие бермейтін сөз. Қалай аталды деп жүретінмін.

Азғыр – аудан орталығынан 280 км терістігіндегі тау аталатын шатқалды биік төбе.

Тарихқа үңілгенде бұл жөніндегі алғашқы деректі (Жанаев Б.Т. Иногаин В.А. Сағынова С.Х) 2002 жылы шыққан «История Букеевского ханства 1801 – 1852 гг», - деген жинағынан прапорщик Г.С. Карелиннің «Бөкей қырғыз – қайсақтарының тұрақтаған Еділ Жайық арасындағы далалық жөнінде мәліметінде» кездестірдік. Онда Арзаһар немесе Бесшоқы Ақтөбе өзенінің шығысында, 85 верстіде. Оның ақ түсті қырқалары қашықтан үлкен қала сияқты әсер беретіндіктен ордалықтар кейде Ақ қала (Ақ қамал) атайды деп көрсеткен.

«1825 г. – Записка прапорщика Г.С. Карелина (1) «Сведения о степи между р. Уралом и Волгою, обитаемою Букеевскою киргиз – кайсацкою ордою». «... Арзагар или Безшкоко от Ахтубы на восток верстах в 85. Ее десять длинных, белых утесистых хребтов издали представляют огромный город и потому ордынцы называют ее иногда Ак кала (Белая крепость), подъезжая же ближе оказываются глубокие провалы ущелья и трещины, между коими лежат кучи плитного известняка и гипса, из которых наиболее состоят все части сей горы. Поверхность ее хребтов покрыта черно – песчаною землею, а в ущельях живут, как и в Чапчачах, большие змеи...». (ПФА РАН. Ф. 157. Оп. 1. Д. 129. Л. 79-87.) Бұл ақпараттан қазақтардың бұл жерді Ақ қала, қалмақтардың Арзаһар деп атағанын түсіндік. Өлкетанушы ғалым Мақсот Жолжановтың анықтауында Арзаһар-шоқылы, ырсиған шатқалды деген мағына береді. Қазақша атауы сақталмай, қалмақтардың Арзаһары – Азғырға өзгеріп қалай қолданысқа енді?

Азғыр аталудың бастауы төңкерістен кейінгі кезеңге келеді. Бұл өңір Ішкі қырғыз – қайсақ ордасының «Қалмақ қисымының» жері. Әкімшілігі Торғайда орналасқан. Өндіріс, сауда, мәдениет орталығы Ақ қалада (Арзагерде). Ағылшындардың тұз шахталары жұмыс жасаған. Өндірілген өнімді түйе керуенімен Ахтуба өзенінің жағасындағы Қарабайлыға жеткізіп, қайтар жолында саудагерлердің азық – түлік, тұрмысқа керекті түрлі заттар мен бұйымдары әкелінген. Сауда орындары, қоймалары үзіліссіз жұмыс жасаған. Тұрғындары көп ұлтты: өнеркәсіп иелері ағылшындар, орыстар саудагер армяндар татарлар, араларында қазақтар да қоныстанған. 1918 жылы ауылды «ақтардан» тазалап Кеңес Үкіметін орнату үшін, комиссар Бисен Жәнікешев басқарған қызыл әскерлердің жауынгерлік бөлімшелерінің бірінші шабуылы сәтсіз аяқталып, көп шығынға ұшырай шегінген. Күш жинақтап, келесі жорығында селоны ақтардан азат етеді. Тұрғындармен өткізілген жиында комиссар Бисен Жәнікешов «Қалыптерін қисық, ұстанымдарың теріс жансыңдар, жаман, азған ауылсыңдар» дегенін 1972 жылы Балқұдық совхозының ферма басқарушысы сол кезде елуді еңсерген, көргені мен түйгені көп азамат Хайрулмен Нуптолла үлкендерден естігенмін деп айтқан. «Азғыр» атауына сол сөздің әсері болды деп кесіп айта алмаймыз. «Жел болмаса шөп басы қимылдамайды» деген ақсақалдарымыз негізсіз әңгімені қозғамаған шығар.

Құжаттарда 1925 жылдың 3 қыркүйегінде Бөкей уезінің құрамына кірген 6 болыстың бірі,бұрынғы Қалмақ қисымының ізінде құрылып Азғыр атауы берілген болыс еді . Бодан елдің өрісін өсірмей намысын таптап, жеріне тарихи атауын қимай қалмақтың Арзаһар дегенін орфоэпиялық жағынан өзгертіп, ұйқастырып рухын түсіріп, (кері кетіретіндей) Азғырға айналдырып атаған десек шетін емес. Жергілікті халықтың бастаушыларын қынадай қырып, ұстамды сөз айтатындарды істі етіп айдатты, елден аластатты. Ауылдағы бұқараны діні үшін емес, күн үшін өмір сүруге көндіріп, дегендерін ыммен түсіндіріп бас шұлғытып қойған атау.

Өңір қай заманда да атпал азаматтарымен мақтана алады. Қалмақ қисымын басқаруда Мұхамбет-Салық Бабажанов болған, көрнекті ғалым, ел жанды азамат. Халқын отырықшылыққа бастап, жермен жұмыс жасауға дағдыландыруды қолға алды. Еділ бойы елді – мекендерінің бау – бақша өсіру тәжірибесін арнайы зерттеп, өзі бас болып 1860 жылы Торғай аталатын жерге құдық суын пайдаланып, жеміс ағаштарын отырғызған. Оны халыққа үлгі етіп жаппай еңгізуге ұмтылысы нәтижелі болды деп айта аламыз. Сол тұстары Ноғайбай деген жерде Ерубайұлы Бияш құдығының маңынан жеміс жидекті бау мен саялы теректер өсірген. Айтылған сөзіміздің шындығындай, Бияш терегінің өткен ғасырдың аяғына дейін жайқалып тұрғанын көрдік. Әскерилердің сынақ полигонына барар жол бойындағы теректің саясына келіп тыныққан солдаттар табиғатқа жауша тиіп, теректі отындыққа пайдаланып, аяғы қуратып құлатты. Бірақ адамдар жадында сақталған «Бияш терегі» деген атау жоғалған жоқ. Бияш - ескіше оқыған сауатты, қолында молды ұстап сол аумақтың балаларын білім берген адам. Отырықшылыққа бет бұрып жергілікті сазды пайдаланып үй тұрғызған. Оны өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін обаға қарсы күрес отряды тұрақтап пайдаланды. Қазірде үйдің сілемдері бар. Мұсылмандық жолдағы иманды жан 1907 жылы қажыға барып, дәм сол жақтан таусылып мүрдесі Мединада қалған.

Қисымда әкімдік лауазымында болған екінші ұлы адам Петербордың императорлық университетінің заң факультетін Алтын медальмен бітірген заңгер Батырхайыр Түсіпұлы Ниязов. Елді сауаттандыру үшін мектеп ашқан, халықты жермен жұмыс жасауға бастаған, 1916 жылғы ұлт – азаттық қозғалысының бастамашысы болған азамат. 1910 жылы Астраханьнан «Алаш» газетін шығаруға жұмыстанып патшалық цензурадан өте алмаған. Алаш қайраткерлерінің бірі. Ішкі Орданың алғашқы уақытша комиссары, Ордалықтардың құрылтай жиналысын өткізуге белсене қатысып, басшылық жасаған. Бақтыгерей Құлманов комиссарлыққа сайланғанда Орталық атқару комитетінің төрағасы болып барлық жұмыста жауапкершілікті алған басшы. Ордада Кеңес үкіметі орнап бұрынғы басшылық күшпен таратылып, мүшелері тұтқындалған.

Жастарды білімге тартып, сауаттандыруға іргелі үлес қосқан Айтбаев Бекмұхамбет халфенің еңбегі зор. Ол кісінің мектеп – мешіті 1871-1872 жылдары Сүйіндік ауылында ашылған1917 жылға дейін ауыл жастарын біліммен сусындатып, мұсылмандық қақ жолын сақтауға үйретті. Имандылықты білмейтін, оған түрпідей қарайтын Кеңес үкіметі 1924 жылы Бекмұхамбет халфенің медресе үйін бұзып тынды. Кейінгі кездегі ұстаздық жолды жалғаған Абсатыров Абулхаким, Бисенғалиев Сүлеймен, Сұлташ Мажитов. Абзал Наурызғалиев, Талап Жұмағалиұлы Көбесов сияқты ұстаздарды көптеп атауға болады

Төңкерістен кейін дүниеге келіп, тәлімді тәрбие алып, ел бірлігі, халық игілігі үшін тер төгіп еңбек атқарған азаматтардың қатары баршылық. Олардың сапында: 1896 жылы дүниеге келген ұстаз, ғалым, Хажым Аманғалиұлы Басымов. Атасы Басым имамның мектебінен білім алған. Өмір жолында үнемі оқу мен ізденуді қалт жібермей жұмыс жасаған. Қазақ тілінің дамуына зор үлес қосып, оқулық кітаптармен қатар ғылыми педагогикалық, методикалық зерттеу еңбектерін жазған профессор. Жорналшы, жазушы ретінде танылған. Қазақ драматургиясының бастауында тұрған Хажым Басымов. Оның «Исатай батыр» драмасымен 1926 жыл 3 сәуірде алғаш Қазақ театрының сахнасының шымылдығы ашылған. Кеңес үкіметі тұсында ел билеген арыстар, тер төккен еңбек ерлері қаналама?! Одақтың ең жоғарғы марапаты «Еңбек Ері атағына» 18 адам ие болып, омырауларына Алтын жұлдыз тақты. Шаруашылық саласында басшылықта болған Ажығалиев Билял, Нұрғалиев Садр, Рахметов Ермек, Әнесов Қабылқайыр, Сұлтанғұбый. Мұханалиев Көргенәлі, Сисатов Рысқали, Абдошов Елемес, Елемесов Ғаділ, Кенжеуов Амантай, Жүсіпқали. Ауылшаруашылық саласында алғашқы жоғарғы дәрежелі білім алған басшы Биляшев Харес, Қошаев Манып, алғашқы ғалым баспагер Әнесов Гарифолла Қабылқайырұлы, алғашқы полковник Елемес Ермекұлы Рахметов. Ел азаматтары Ботагорин Сақаш, Хайруллин Нуфтолла, Байғазиев Каби, Сәрсенов Мұхтар, Маннап Жақсығұлов, Мансур Қуаншалиев, Аймов Жасталап, Үмбетов Хамит, Алипов Жемғали. Айтуға тұратын, жазуға болатын атпал азаматтар баршылық, олар жаңа атауды иемденген өңірдің шежіресінде қамтылар.

Түйін Арзаһар, Арзагардан басталған Азғырға үйренгендіктен маңызы мен мәніне көңіл аудармай дағдымен аталып келеді. Өңіріміздің тіршілік тұрмысы, адамдардың қарым – қатынасы мен ізгі істеріне қабыспайтын атаудан арылатын заман келді. Қандай нысанның да құтты, игілікті, берекелі болмағы атауына байланыстылығы жөнінде қағиданы теріс дей алмаймыз. Біздің жағдайда өңірдің Азғыр аталғаннан бері өрлеу тұстары болғанын жоққа шығармасақ та ғасырға ұласқан жылдар тізбегінен қарар болсақ кері кеткен, азған тұстары мол салпыншағы әлі шырмап келеді. Нақтылар болсақ, 1928 жылы құрылған Азғыр ауданы 1930 жылы таратылып, әр елге қосылып, бірлік берекесінен айырылды. 1952 жылы Азғыр өңірін қарамағына алған Орда ауданы таратылып, жері әскери аймаққа айналды. Халқын зорлап оңтүстіктің әр облыстарына бөліп көшірді. Құмның қоңыр салқын, жұпар иісі , шөлдегенде мейірін қанып ішетін құдықтың мөлдір, тұнық салқын суына үйренген жандар күйіп тұрған аптап ыстық пен жылымшы суға үйрене алмай ауруға шалдығып кейбіреулері қайтыс болған. Күші жеткендер «елім – ай» деп ығыстап туған жерінің өзі болмаса да, өзге жерлеріне келіп жан сақтаған. 1962 жылдың «Азғыр» ядролық полигонға айналып, сансыз ядролық жарылыстың әсерінен жерден жік шығып, жер астында 1,2 млн м3 заһарын шашқан ажал қуысы пайда болған. Радиоактивтік заттардың радиациясы жерге, жер асты суына, ауаға сіңіп тұрғындарға зілін салған. Адамдардың өмір сүру орта жасы кеміген, аналардың түсік тастауы көбейіп, нысаналы сәбилер саны артты. Балалар аурушаң,әлжуаз, қаны аз болуы дағдыға айналды. Оба ауруы етек алды, ол түрлі көріністермен белгі беріп, адамдар жастайынан өмірден өтті. Ол үрдіс әлі жалғасып келе жатырғаны жасырын емес. Өткен зобалаңды атауымен келмеске кетіріп, ежелгі заманнан бабалармыз берген тарихи Аққала атын иемденіп, жаңа белеске, жарқын болашаққа ұмтылайық. Оған толық жағдай туғызылған. Ең бастысы тәуелсіз еліміз өңірлерді дамытуда ұлттың мүддесін жүзеге асыруды басты мақсатына айналдырды. Адамдардың тағдыры өздерінің қолына берілген. Тұрғындардың тұрмыс жағдайын шешуде қарымды шаралар алынып, электр қуатымен күні түні дамылсыз қамтылған, от жағып күл шығарудың қияметінен құтқаруға газ желісі қақпаңа келіп тұр. «Таза су» бағдарламасы аясында ішер су құбырмен үйіне кіруге сәл қалды. Осы игілікті сапалы игеріп, жаңа атау алған өңірді жерұйыққа айналдыру біздің басты міндетіміз деп есептеймін. Бұл еліміздегі рухани жаңғыру аясында халқымыздың санасының қандай деңгейге көтерілгенін байқататын шара. Аяқ асты болып жаншылған намысымыздың оянып, бабалардың «жаным - арымның садағасы» деген айбарының аруақтанып шыққанының көрінісі, өзін - өзі танытқан мәрттігінің айғағы болмақ. Дүр сілкініп, бар келеңсіздікті өткенмен қалдырып, болашаққа Аққала ауылы, Аққала округі, Аққала өңірі атауымен гүлденген өмір жасау өз қолдарыңда, ағайын! 

   Өмірзақ Қажымғалиұлы,

жазушы, өлкетанушы,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521