Азғырдағы тарихи орындар

(0 Votes)

Азғырдың тарихи орындары жайлы сұрақ жиі туатынын тілге тиек етіп бастағанбыз.

Ендеше, бір-екеуіне аздап тоқталайық. Азғырға бет алғанда оң жағыңыздан Құрманғазы ескерткіші мен мұндалайды. Оған барған соң төменде, терістік жақ іргесінде, бар болғаны бір шақырым жерде «Кененбай үңгірі», деп аталатын жер асты тарихи орны бар. 2016 жылы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Азғыр өңірін аралауға шыққанда талай қазақ зиялыларының табаны тиген бұл үңгірде алғаш рет болып, суретке түсу бақыты бұйырды. Әлдебір себептермен таудың қатпар-қатпар ауыр көк тастары төмен ойылып, құлап, аумағы үлкен үңгір пайда болыпты. Кірер аузымен сәл еңкейіп, ішіне өтесің. Күн шілде болғанымен, мұнда қоңыр салқын екен. Алайда, біз кинолардан көрген, жоғарыдан салбыраған мұз сүңгілер жоқ. Бұған дейін ақпарат көздерінен іздегенімде Кененбай үңгірінің іші кезінде кең болғанын, кейін мұнда ордалы жыландар қоныстанғанын оқығанмын. Одақ тұсында жылан майы, оның етінен жасалатын дәрілер үлкен сұранысқа ие болып Азғырға аулаушылар жіберілген. Олар тікұшақпен үңгір аузын атқылап, нәтижесінде көп бөлігі опырылып құлаған. Ал, Рахмет ағамыз ел аузындағы әңгімелерден үңгірдің қуыстарында есіктер болғанын, ішінің бір қуысынан мешіт жасалғанын келтіреді. Оны Қызылқұрт руының биі және батыры Кененбай жасатып, кейін үңгір оның атымен аталған екен. «Қисыны келетін әңгіме. Мұның қасында қозы өрісіндей жерде «Тасоба» шоқысы тұр. Қалмақтардың шайқаста қырылып, көмілген үйіндісі делінеді. Терістік-батысында тағы қозы өрісіндей жерде атақты Құрманғазы өскен Сағырбай қыстауының орны жатыр», дейді автор. Өкінішке орай облыс әкімі 2018 жылы да Азғыр өңіріне барғанда Кененбай үңгірінің алды опырылып құлаған екен, ішіне кіру мүмкін болмады.

blda-ajdanaa

Қыр бойының тағы бір тарихи орны «Ойық» деп аталатын жер асты терең су көзі. Мұны да сол, 2016 жылы көрдім. Атына заты зай. Қолдан жасалмағаны белгілі, жер ойылып кетіп, астынан су көрінген. Жалпы бұл жер үстінен атпен шапқанда дүңгірлеп тұратынын, соған қарағанда астында қуыстар бар болуы мүмкін екенін бұған дейін де естігенмін. Қалай десек те таңғажайып көрініс. Кейбір деректерде Ойықтың ернеуінің суға дейінгі тереңдігі жеті метр, ал, одан арғы суының тереңдігі де сол шаманы ұстайтыны жазылған. Бұл кезінде ұзын арқанға тас байлап өлшегенде анықталған. Оның растығын, төменіне адамдар түскенін дәлелдеп, ішінде ескірген ағаш басқыш тұр. Өткен жылы күзде аудан әкімі Қайрат Талапұлы Азғыр өңірін аралағанда осы тарихи орынға ат басын бұрды. Баяғы күйінде. Тек бір шеті аздап опырылыпты. Төменінен мөлдіреп су көрінеді. Әлі тартылмаған. Қасымызда жүрген аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай Өтеулиев ағамыз ертеректе осы жерде жұмыс жасағанын еске алды. Айтуынша сол кезде мыңға жуық қойды осы Ойыққа мотор қойып суарған екен. Қазір бұл жерде ешқандай тірі жан байқалмайды.

Сөз соңында айтарымыз туған жер шежіресін, оның киелі жерлерін, тарихи орындарын білген қашанда артықтық етпейді. Ол адам бойында Отанға деген сүйіспеншілікті оятады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521