Азғырда «шетелдік» сәбилер көбейіп барады

(0 Votes)

«Қалтаңда ақшаң болса Ресейге барып босан...» Бүгінде азғырлық әйелдердің көбі осылай деп жүр. Өйткені перзентхананың жоқтығынан ауылда босана алмайды. Ал,аудандық сәбихана алыс. Оған барар кедір-бұдыр жол да қиындық тудыруда. Осының салдарынан ата-аналар жаңа туылған сәбилеріне өзге елдің төлқұжатын әперуге мәжбүр.

Редакциямызға келіп түскен ақпарат бойынша, алыстағы Балқұдық, Асан, Сүйіндік ауылдарында тұрып жатқан нәзік жандылар толғақ қысқан сәтте, елде емес, көршілес Ресей қаласына барып босанады.Кейін шараналарға шетелдің жеке сандық нөмірі мен миграция мөрі қойылып, «Ресей Федерциясында туылды» деген қызыл құжат беріледі. Сол куәлікпен шекарадан өте алады. Қиындық жоқ.  Отандық тегін көмекті ала алмаған аналар, харабалилік ақ халаттыларға 50 000-нан 80 000-ға дейінгі көлемде ақша төлейтін көрінеді. Бұл тек 3 күн мен 10 күннің емделу ақысы.

Солардың бірі – Жанаргүл Аманғалиева, үш баланың анасы, Азғыр ауылдық округінің тұрғыны. 2017 жылы туылған сәбиін көршілес елдің Харабали жерінде босаныпты.

-«Ауыл мен қала арасы өте алыс.Егер елде босанар болсам, бір ай бұрын облысқа барып жатуым керек. Ал,мен бала-шағамды тастап кете алмаймын. Одан 55 шақырым жердегі Ресей жақын. Оған қоса, ол жақтың жүйесі де бұрынғы. Ақ халаттылар да аса жауапкершілікпен қарайды. Тамағы да жақсы. Ал, ауылда перзентхана жоқ. Кезінде аппараттың жоқтығынан, керекті құралдың болмауынан жабылып қалды»,-дейді Жанаргүл.

Бүгінде төрт жасар сәбиі көрші елдің қызыл құжатымен жүр. Оны Қазақстанға ауыстырудың  шаруасы көп  екен. Кейіпкеріміздің сөзінше, көк құжатқа өзгерту  ата-ананың өз құзырында. Бірақ, құжатқа миграциялық таңба қойылмаса мектепке немесе балабақшаға орналасуда сәл қиындық туындайды. Жанаргүлдің сәбиі өзінің тұрғылықты мекен-жайына тіркелген. Сондықтан, оған атаулы әлеуметтік көмек тиіседі. Азғырлықтар Ресей елі құжатының балаларының болашақта оқуға түсіп, еңбекке араласуына кедергі болмайды деп үміттенеді.

Жанаргүл сынды келіншектер қырлы аймақта өте көп. Тіпті, оның күйеуі де Харабали жерінде туған. Яғни, туу туралы куәлікті сол жақтан алу әуелден бері қалыптасқан қағида. Тек басқа аймақта босану үшін жергілікті акушердің құжатына жеңілденетін жерді белгілеп, қол қойса жетіп жатыр.Ал, шекарадан шығу өте оңай. Жедел-жәрдем көлігімен, медбикенің көмегімен жағдайды түсіндіріп, өте береді.  Азғыр ауылдық округінің бас маманының айтуынша, 2019 жылдан бері дүниеге келген 8 бала тіркеліп, оның бесеуі ресейлік құжатпен жүр. Карантин кезінде шекара жабылып, қатынас үзіліп қалған. Тышқан жылы 25 сәби аудандық перзентханада дүниеге келген.

«Осы күнге дейін билікке тұрғындар, депутаттар тарапынан да перзентхана салу туралы түрлі ұсыныс айтып жүрміз. Бірақ, үш ауылды қосқанның өзінде тұрғындар саны  төрт мыңға жетпейді.  Алдағы уақытта шешімі табылып, қуанышты хабар боларына сеніміміз мол»,-дейді Арон Ғұмаров.

Азғырлықтардың мұңына билік басында жүрген азаматтар көңіл бөлсе дейміз. Егер, перзентхана құрылысы басталып, қолданысқа берілер болса, өз елімізде  жаңа туған қандастар саны да көбеймек.

Ал, аудандық аурухана басшысы Гүлсара Мутиеваның сөзінше, ана мен бала өлімінің алдын алу үшін жергілікті жердегі перзентхана жабылған. Өйткені, кейбір әйелдердің саулығында кінәрат бар. 30-шы апта кезінде аудандық немесе облыстық сәбиханаға жіберіледі. Бас дәрігер, перзентхананың дәл қазір салынарына уәде бере алмай отыр. Себебі, ол жақта акушер-гинеколог, реаниматор, қан мен плазма қоры жоқ. Қазіргі таңда мұндай қор тек аудан орталығында ғана ұйымдастырылып отыр. «Азғыр өңірінде он орындық екі аурухана бар. Оның да тозығы жеткен. Күрделі жөндеуден өткізуге сараптамаға жіберілді. Қортындысында, бөлінетін қаражат өз-өзін ақтамайтыны белгілі болды»,-деген Гүлсара Мутиева алдағы уақытта өткізілетін облыстық маслихат сессиясында бұл мәселе көтерілетінін айтты.

 

Жайдарлым Қайреден

Сурет ашық дереккөзінен

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521