Ауылын таза ұстайтын әкім

(0 Votes)

Екі мыңға жуық халқы бар Байда ауылдық округі Қиғаш өзенінің жағасында орын тепкен.

Өзеннің арғы беті Ресей Федерациясы. Сондықтан бұл елді мекен Қазақстанның батыс қақпасы саналады. Осы арадан күніне жүздеген автокөліктер әрлі-берлі өтеді. Шетелдіктер қасиетті қазақ жеріне аяқ басады. Сол себепті ауылдың таза болуы елдігімізге сын. Себебі соған қарап өзге жұрт бізге баға береді. Бұрын мұндағы тазалық мәселесі жиналыс сайын көтерілетін. Округтің жаңа әкімі Жүсіп Төреғалиев оны ретке келтіруге бел шеше кірісіп кетіпті. Қазір мұнда қоқып жатқан жер таппайсыз. «Ауылына қарап азаматын таны», дегендей тұрғындар да жаңа әкімнің жұмысына дән риза. «Біздің ауылдың әкімі жұмыс жұмыс жасап жатқаны бірден білінеді», дейді олар. Жақында округке жұмыс бабымен барғанда бұл сөздің жәй мақтау емес, шынайы айтылғанына өзіміз де көз жеткіздік.

Жүсіп Сүлейменұлын аудандық ішкі істер бөлімінде жұмыс жасап жүрген кезінен білемін. Бұл азаматтың іскерлігіне сол кезде сүйсінетінмін. Жол полициясын басқарған кезде жол-көлік апатының алдын алу мақсатында жиі-жиі рейдтер ұйымдастыратын. Оған медицина қызметкері мен ақпарат құралы өкілін де тартады. Кешке қарай басталған рейд таңға дейін созылады. Түнімен ұйықтамай жүрген Жүсіп Сүлейменұлының арқасында ішімдік ішіп рөлге отырып, сырдың суы сирағынан келіп жүргендердің талайы тұтылды. Олар әрине, жазасыз қалмай жүргізушілік куәлігінен айырылып, айыппұл төледі. Содан кейін «түнде кім кездесер дейсің», деп ұрттап алуға қарсы емес жүргізушілер сиреді. «Ұзынқұлақтан» полиция рейдке шығатынын естіп, айылын жиды. Кейбір адамдар «рейд» деген бір күндік нәрсе ғой», деп жүргенде Жәкең ұмыттыра беріп, тағы да ұйымдастырады. Инспектордың қасына ілескен біз де жұмыс қызығына беріліп кетіп, таңның қалай атқанын байқамай қалатынбыз.

i

Енді міне, қажет болса түнімен жүруден бас тартпайтын, әскери тәртіпке үйреніп кеткен адам округке әкімдігі лауазымын атқаруда. Мұнда да абыройсыз емес. Алдымен қоқыс полигонын ретке келтіріпті. Жан-жағында шашылып жатқан қағаздар мен целлофандар жоқ. Айналасы да, іші де мұнтаздай таза. Кірер жерінде «Свалка» деген жазуы бар шағын орын тұр. Әкімнің айтуынша полигон тазалығына жауапты үш адам осының ішінде отырады. Олар қоғамдық ақылы қызметте жүргендер. Үшеуі де әкімнің бекіткен кестесімен белгілі бір сағат аралығында кезекшілікке тұрады. Міндеттері қоқысты сыртқа тастатпау және полигонның ішіне төгілгендерін өртеп жою. Полигонда қатты қалдықтарды көметін орын да бар. Ауыл басшысы бұрын оның жан-жағында шашылып жатырған қоқыстарды бір мекемеден «ДТ-75» тракторын алғызып, түгел ретке келтірген.

img_0999

– Кімге болса да жанып тұрған күнде, қысқы аязда полигон басында сағаттап жүру оңай емес. Олардың орнына өзіңізді қойып көріңіз. Осыны ескеріп жылжымалы отыратын орынмен қамтыдық. Мұнда күндіз де, түнде де кезекшілік бар. Қоқысты сыртқа төгуге жол берілмейді. Ішке төгілсе де пакеттер мен целлофандар ұшып кетпес үшін бірден өртеледі. Ауылдың көшелері таза екенін өзіңіз жаңа көрдіңіз. Бұрын бәрі қоқып жататын. Биржа бойынша жұмыс жасайтындар 20 адам. Қазір әр көшенің тазалығына жауапты адамдар бөлінді. Таңертең 8.30-да, түстен кейін 2.30-да жиналып тапсырмаларын алып кетеді. Біреуі көшенің бергі, екіншісі арғы басымен жүріп шығады. Өзім де ауылды күніне бір-екі рет аралап өтемін. Қоқыс, қағаз ұшып жатса ертеңіне таңертең жиналыс өткізіп, тапсырмалар беремін. Тазалыққа жауапты ақылы қоғамдық қызметтегі адамдар түскі 12.30 бен кешкі 18.30-да атқарған жұмыстары жайлы есеп беріп отырады. Қалай жұмыс жасағандарын жауапты мамандарымыз тексеріп қарайды. Шекарашылар жаққа үш адам бөліп қойдық. Қоқыс көбірек жиналып қалған жерді хабарласа бір күннен қалдырмай көлік жібереміз. Әрбір адам берілген тапсырманы қалай орындап жатырғанын бақылаймыз. Сондықтан сағатым жүріп жатыр деп отырып алып карт ойнау деген жоқ. Арақ ішіп көзге түссе бірден жұмыстан кетеді. Айналасына қоқыс тастағандарға алдымен ескерту береміз, 10 күн ішінде жоймаса учаскелік инспектор айыппұл салады. Тазалықты сақтауға болады. Ең бастысы талап пен қадағалау керек, сонда адамдар өз жұмысына ұқыптылықпен қарауды үйренеді. Мысалы, бұрын ақылы қоғамдық жұмысты қарап жүріп ақша алу деп түсінетіндер талап күшейген соң қоқыс полигонына кезекшілікке сұранатынды шығарды. Онда тыныштау ғой деп ойлайды. Маған қолдау көрсетіп, тазалықты сақтауға бірауыздан жұмыла кірісіп отырған ауыл тұрғындарына үлкен рахмет, - дейді Жүсіп Сүлейменұлы.

Сондай-ақ жеке кәсіпкер Нұрлан Жантумаевтың халыққа көмек көрсетіп, округтің тракторын өз күшімен жөндеп беріп жатырғанына ризашылығын білдірді. Тіркемесі бар трактор жарамсыз болып қалған екен.

Округ әкімінің тағы бір жаңалығы дүйсенбі сайын барлық мекеме басшыларымен аппарат мәжілісін өткізеді. Мәжілісте кімде қандай мәселе бары, недей жұмыстар жасалып жатқаны тыңдалады. Сондай-ақ әр тоқсан сайын мекеме басшыларын жинап, халықпен кездесу ұйымдастырады. Сол жерде ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері де тыңдалып, алға қарайғы жұмыс жоспарына енгізіледі. Қазір Жүсіп Сүлейменұлы Ұлы Отан соғысына қатысқандарға қойылған ескерткіш белгіні тозығы жете бастаған соң жаңа орынға көшіріп, заман талабына сай жаңғырту мақсатында жұмыстануда. Одан өзге ауылда жастар тынығатын саябақ салуды да жоспарлап қойыпты. Оның ішінде жазғы сахна, балалардың ойын алаңдары және т.б. болады.

Міне, осындай жұмыс жасап отырған Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Сүлейменұлын кейбір әріптестеріне үлгі ретінде ұсынуды жөн көрдік. «Ұйымдастыра білген ұтады», дегендей көп нәрсе басшының іскерлік қабілетіне тірелетіні анық. Сонда қандай жұмыс та алға басады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521