Ауылымыз Бөкейхан аталса дейміз

(5 Votes)

Котяев ауылының атын өзгерту жөнінде екі рет жиналыс болды. Өзгерткен жағдайда Абулхайыр ханның немересі Бөкей хан бабамыздың атын беруді ауыл тұрғындары қолдады.

Дауысқа салғанда жиналысқа қатысушылар  түгелге жуық жақтап шықты. Бар болғаны төрт адам ғана Байда атауына дауыс берді. Осы жиналысқа аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова да қатысты.

Ауылдың атын өзгерту Ресеймен шекарада жатырған біз үшін ауадай қажет. Күні кеше Ресей мемлекеттік думасының депутаттары не айтқанын өздеріңіз естіп, біліп отырсыздар. Бөкей хан ұлы тұлға, оны тарихтан бәрі біледі. Бұл жайлы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығында атап өтті. Тұңғыш Президентіміз халыққа үндеуінде: «Ұлы тұлғалардың аты тарихымызда мәңгі сақталуы керек, ол біздің міндетіміз» деді. Елбасы өзінің қолдауымен Бөкей бабамызға Ресейдің «Кішкене арал» деген елді мекенінде, марқомның жерленген жерінде үлкен кесене орнатты. Бөкей бабамыздың зираты Котяев ауылынан 34 шақырым жерде.

Бұл ұлы тұлға 1801 жылы орыс патшасы І Павелден рұқсат алып, Кіші жүз қазақтарының бір бөлігін Жайық пен Еділдің аралығына, Ноғайлы қазақтарының ескі жұртына қоныстандырды. Содан былай ол өңір «Бөкей ордасы» деп аталды. Кіші жүз қазақтары осы жерде тұрып, Еділ мен Жайықтың арасына малдарын еркін жайып, пайдаланған. Астрахань губернаторы полковник Ассисор Тарарикин бұған қарсы болған. Ол Орынбордың губернаторы князь, атты әскер генералы Волконскиге шағым жазған. «Бөкей Еділ мен Жайықтың аралығын жүздеген шақырым (верст) жерді мекендеп алды, осыған тыйым салыңыз», деген. Князь Волконский губернатор Тарарикинге ешқандай кедергі жасамауға бұйырған. 1815 жылы Нұралы баласы Бөкей хан дүниеден озды. Кейіннен Жәңгір хан болды. Мақаш атамыздың әкесі Бекмұхамбет оның кеңесшісі болып жұмыс жасаған. Ол өз заманында өте білімді, Санкт-Петербург қаласындағы университеттен заң оқуын бітірген адам болған екен. Жәңгірден кейін Қайып ханның немересі Арынғазы 1819 жылы Шекті, Жаппас, Алшын т.б. руларды жинап хан болып сайланды. Бірақ, оның хандығын орыс патшасы мойындамаған. Себебі, рулардың арасында ұрыс-керіс, малға, жерге талас дау-жанжалға ұласқан.

Ауылдық округтің аты да Бөкейхан деп аталуы тиіс. «Байда ауылдық округі» атауын да бізден бұрынғы ұрпақтың жіберген кемшілігі деп санаймыз. Біз оны қазіргі заманға лайықтап алуымыз керек. Енді «Байда» деген атау жайлы қысқаша тоқталайын. ХІХ ғасырдың орта кезінде біздің жерге Еділ казактары (Волжские казаки) келіп қоныстанып, балық шаруашылығымен айналысқан. «Байда» деген атты солар берген. Біздің өңірдегі «Плтаубой», «Ражков», «Владимир садок», т.б. аттарды казактар қойған. Ол жөнінде әлде де толықтырып айтуға болады.
    Сөз соңында Котяев ауылының атын өзгертіп, Бөкейхан атамыздың есімін беруді және ауылдық округті Бөкейхан округі деп атауды ономастикалық комиссиядан сұраймыз.

Бахыт Қалиев,

зейнеткер, еңбек ардагері,

Котяев ауылының тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521