Күннің көзі қызып, тіршілік атаулы жанданған уақытта жаппай көшет отырғызуға кірісеміз. Тіпті жаз басталғанда да тал егуді жалғастырған жағдайды да көз көрді.
Жалпы көгалдандыру көшет отырғызумен ғана шектелмейді. Оны күтіп баптау, тамыр жайып жерсінгенін қадағалау маңызды. Көктем сайын сенбілік өткізіліп, науқандық сипат алады. Алайда көшет егу қарқынды жүргізілгенімен оның көктеп, бой түзеп кететіні анығын айтқанда аз.
Біз әдетте тал-теректерді көктемде отырғызып жатамыз. Алайда, бұл мезгілде егілген көшет көп күтімді, тамыр жайып, жерсінуі үшін уақытылы суғаруды қажет етеді. Әйтпесе, төккен тер мен қыруар еңбек еш кетеді. Ал бізде қалай? Егілген кезде су құямыз да, науқаншылық өткен соң ұдайы суғарып отыруды ұмыт қалдырамыз. Бұл дұрыс емес. Әрине бұл көктемде ағаш егуге болмайды деген сөз емес. Ең бастысы, күтім жасалса болғаны. Күзде отырғызылғанда көктемге дейін қар астында тамыр жайып, жерсінеді. Ерекше күтімді де көп қажет етпейді. Сондықтан күзде егілген көшеттердің барлығы дерлік көктейтіні дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ағаш жылдам жерсіну үшін оны егуге бірер жыл тәлімбақта дайындап алу қажет. Тал егілетін орынды да алдын ала қопсытып, көң мен қара топырақты қосып арластырып, сыртын қоршап дегендей жұмыстар жасалуы қажет-ақ. Талды отырғызғанда да біздің климатқа төзімді, тұзды жердің топырағын талғамай өсе беретін түрлері егілсе жақсы болар еді. Бұған кәдімгі қаратал(черный тальник), үйеңкі(клен), шаған(ясень), көк терек(ива) ағаштарын жатқызуға болады. Мұндай терек егуге терең мән берушілік ауданда үш-төрт жылдың бедерінде ғана қолға алына бастады. Қай ауылдық округті алсаңыз да көгалдандыруға көп көңіл бөлініп отырғандығын көресіз.
Жаңаталап ауылдық округінде жасыл желекке көмкерілген әп-әдемі саябақ бой көтеріп келеді. Оған дәшіндіктер Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанын 100 жыл толуына орай есімін беріп, салтанатты түрде ашып үлкен құрмет көрсеткелі отыр. Алдағы уақытта ең көрнекі жеріне қыран қыздың қола мүсіні орнататын да болады. Қоршауы жүргізіліп, ішіне тас кеспекшелер төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Демалушыларға қолайлы отырғыштар қойылды. Бұл жұмыстар қолға алынған 4-5 жылдың ішінде ең бастысы бірнеше түп теректер отырғызылды. Алғашқы 100 дана ағашқа ғана бюджеттің ақшасы жұмсалса, қалғандарын округ әкімі Олжас Тәжібаев өзінің ауласында өскіндерді дайындап жыл сайын қатарын толықтырып отырды. Қазіргі уақытта олардың ұзын саны 500-ге жетті, алдыңғылары жайқала өсіп, сәмбі талдар сап түзеп, саябақтың сәнін кіргізіп тұр.
Жалпы жаңаталаптық азаматтар «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген қағидалы сөзді берік ұстанады. Ауылдағы Алтынсарин атындағы орта мектептің әр жылдардағы түлектері ағаш отырғызуды жақсы дәстүрге айналдырды. Бұл үрдіс сонау 2002 жылы жаңалыққа жаны құштар жүретін мектеп мұғалімі Нұрлығайын Рысқалиевтың ұсынысымен бастау алған еді. Олар орталық көшеге еккен теректер бұл күнде зәулім бәйтеректерге айналды. Игі бастаманы қалғандары да қостап жалғастырды. Биылғы жылы да мектептің 37-ші түлектері жиырма жылдықтарына орай орталық көпірдің жанынан жерді қоршап 50 түп терек отырғызды.
Айбек МЕЙІРМАН