АУЫЛ ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ!

(0 Votes)

Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен республика бойынша ауыл әкімдерінің «Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы» атты республикалық форумы – жергілікті басқару жүйесін нығайтуға, ауылдың өзекті мәселелерін ашық талқылауға бағытталған маңызды басқосу болды.

Аталған форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген ауылдық округ әкімдері қатысып, ауылды дамыту, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, халықтың тұрмыс сапасын арттыру жолындағы тәжірибелермен бөлісті. Мемлекет басшысының өзі қатысып, нақты тапсырмалар мен бағыт-бағдар беруі біз, ауыл әкімдері үшін үлкен жауапкершілік әрі зор сенім екені сөзсіз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде ауыл әкімдерінің рөлін ерекше атап өтіп, ауыл – елдің тірегі екенін, барлық реформалар ең алдымен халыққа, соның ішінде ауыл тұрғындарына сезілуі тиіс екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы ауыл әкімдері жергілікті жердегі ең басты тұлға екенін, халықтың мұң-мұқтажын жетік білетін, мәселеге жедел әрекет ететін басқарушы болуға тиіс екенін атап өтті.

Форум барысында ауыл инфрақұрылымын дамыту, жол, ауызсу, интернет, медицина мен білім сапасын арттыру, ауыл шаруашылығын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, жастарды ауылда ұстап қалу мәселелері кеңінен талқыланды. Әсіресе, ауыл бюджетінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, тұрғындармен кері байланысты күшейту, шешім қабылдауда ашықтық пен жауапкершілікті арттыру мәселелері басты назарда болды.

Бұл диалог алаңы – ауыл әкімдері үшін тәжірибе алмасудың, нақты ұсыныстарын жеткізудің тиімді тетігі болды. Әр облыстан келген әріптестердің ой-пікірлері, іске асырылып жатқан жобалары көптеген тың идеяларға жол ашты. Мұндай кездесулер ауыл әкімдерінің кәсіби деңгейін арттырып, бірлесе жұмыс істеуге ынталандыратыны анық.

Форумнан алған әсер ерекше. Мемлекет тарапынан ауылды дамытуға деген нақты саяси ерік бар екенін сезіндік. Ендігі міндет – берілген тапсырмаларды сапалы орындап, ел сенімін ақтау. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, олардың ұсыныс-пікіріне құлақ асу – біздің басты қызметіміз.

Қорытындылай келе, «Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы» форумы ауыл басқаруындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Бұл – ауылдың үні жоғарғы деңгейде естіліп, шешім қабылдау процесіне тікелей ықпал ете алатын маңызды алаң. Осындай игі бастамалар ауылдың дамуына нақты серпін беретініне сенім мол.


Нұрдәулет Дарелов, 
Бірлік ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT